Біздің сүйікті филолог

3461
Adyrna.kz Telegram

(Бүгін – куәліксіз кандидат, дипломсыз доктор, атақсыз академик Пазыл досымыздың туған күні)

Қай ғылымда да, атақ-дәрежесінен ат үркетін әйгілі ғалымдардың өзі аттан түсіп, арнайы сәлем беретін аса абыройлы адамдар болады. Ол адамның тіпті ғылыми атағы болмауы да мүмкін. Болған күннің өзінде соның ең жоғары деңгейі емес... Бірақ соған жұрттың бәрі шетінен құлдық ұрып тұрады. Неге? Себебі ол ғылымның өз өкілі екенін өзгелерге баяғыда-ақ мойындатып қойған. Сен де, ол да, мен де, бәріміз де оның мықты екенін сеземіз. Сеземіз де сүйсінеміз. Сүйсінеміз де соның төңірегінен шырқ үйіріліп шықпаймыз.

Ондай ғибратты ғалымдар баршылық. Алысқа ұзамай-ақ, тіл мен әдебиеттің, таным мен тарихтың айналасын түгелдеп көрейікші. Мұхтар Мағауин мен Құлмат Өмірәлиевті, Қайым Мұхаметханов пен Қабиболла Сыдиықовты, Айқын Нұрқатов пен Бүркіт Ысқақовты, Әсілхан Оспанұлы мен Баламер Сахариевті, Сейділдә Ордалиев пен Үшкілтай Сұбханбердинаны, Серікқали Шарабасов пен Серікқазы Қорабаевты, Зейнолла Серікқалиев пен Тұрсынжан Шапайды, Сұлтанхан Аққұлыұлы мен Берік Жүсіповті қай ғылым докторынан кем көрер едіңіз?! Әдебиеттанудың жаңа тынысын ашқан Михаил Бахтин мен көне жазудың төркініне терең үңілген Сергей Кляшторныйды қайда қоясыз! Екеуі де күллі жұртқа кең танылғанына қарамастан, кандидаттық дипломды ғана малданып өмірден өтті. Ал тіпті сол ғылым кандидатының дипломын да иеленіп көрмеген, бірақ есімдері жалпақ елге мәшһүр болған Ісләм Жарылғапов пен Мардан Байділдаев ше? Сол Ісләм мен Марданның жиып-терген терминдері мен термелері талай зерттеушіге күні бүгінге дейін азық боп келе жатқан жоқ па?!

Мұндай тұрқы бөлек тұлғалар біздің буынымызда да бар. Соның бірі де бірегейі – соңғы отыз жылда КазГУ-дің филология факультетінде оқыған қыз-жігіттердің ұлағатты ұстазы, ойлы оқымысты, ғибратты ғалым, зиялы азамат Пазылбек Бисенбаев. Ол Пазыл десең де, Фазыл десең де, жалт қарайды. Оның есесіне, сөйлеп кетсе болды, бүкіл елді өзіне жалт қаратады. Өз пәнін терең біледі. Студенттерге жеке басын сыйлата алады. Өйткені оның ғылыми атағы жоқ болғанымен, өн-бойында нағыз ғалымның белгісі бар. Бітімі ғалым, болмысы ғалым, тұлғасы ғалым, тұрпаты ғалым. Пазыл өскен шаңырақта ғылым докторы да, ғылым кандидаты да жеткілікті. Тіпті арасында Ұлттық Ғылым академиясының академигі де бар. Киевте оқығандар да, Питерде оқығандар да сол үйде. Оны аз десеңіз, өз босағасында зерттеушілікке бейімі бар өрімдей екі қызы өсіп, қазірден-ақ ғылымға таласы бар екенін дәлелдей бастады. Ендеше, ағалары абыройлы, інілері ізетті, перзенттері парасатты Пазылдың ғалым болмауға қандай құқы бар?! Ол өз саласындағы танымал ғалымдардың қай-қайсысымен де дүбірлі додаға түсіп, қызу пікір таластыра алады. Олар да біздің «миы құлағынан ағып жүрген» ғұлама досымызбен үнемі санасады.

Жә, оны қойшы, атақтың бір-жөні болар. Ең бастысы, оны бүкіл студент жақсы көреді. «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде санаторийдің бас шипагері Анатолий Лавровтың алпыс жасқа толған тойына кілең белгілі кісілердің жан-жақтан жаппай ағылып келетіні естеріңізде ме? Құдай біледі, енді бір үш жылдан кейін Пазыл алпысқа толғанда бүкіл студент ардақты ағайларының шуақты шаңырағын бетке алатын шығар. Соған жетуге жазсын!

Ал әзірге ол ердің жасы – елу жетіге толды! Бүгін! Туған күнің құтты болсын, біздің сүйікті филолог!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер