Дәрігерлер оттегі орнына еліткіш газ қосқандықтан нәресте шетінеп кетті

2645
Adyrna.kz Telegram

Австралияның Сидней қаласында дәрігерлер нәрестеге оттегі орнына еліткіш газ жіберген. Сәби тыныс алу маскасын кигізгеннен кейін шетінеп кетті.

Нәресте кесар тілігін жасау арқылы дүниеге келген. Операция кезінде дәрігерлер баланың мойнына кіндік оралып қалғанын көрді. Сәби дұрыс тыныс ала алмағандықтан, реанимация бөліміне жатқызылды, деп жазады «Адырна» ұлттық порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Тыныс алуды қалпына келтіру үшін дәрігерлер шақалаққа оттегі маскасын кигізген. Алайда ол көмектеспеді. Кішкентай пациентке жасанды тыныс алдырту шараларын жасап, адреналин салған. Бірақ бұл амалдар да еш нәтиже бермеді. Бір сағат өткеннен кейін сәби көз жұмды.

Тергеу барысында қондырғыны дұрыс жалғамау салдарынан аппаратқа оттегі емес, зиянды зат жіберілгені белгілі болды. Аппаратты қосуға жауапты мердігер еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша міндеттерді сақтамаған. Ол өз кінәсін мойындады. Жүз мың доллар (42 миллион теңгеден астам) көлемінде айыппұл салынды.

Біраз бұрын дәл осы ауруханада ұқсас оқиға болған. Қуанышқа орай жаңа туған қыз аман қалды. Бірақ оның миына зақым келді. Емдеуге келмейтіні айтылып отыр.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер