Балалар арасында көкжөтел мен қызылша таралуы мүмкін

2879
Adyrna.kz Telegram

Коронавирус пандемиясы 2020 жылы балаларға қызылша, көкжөтел және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы екпе салу жоспарын бұзып жіберді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

ДДҰ мен ЮНИСЕФ ұсынған жаңартылған мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы пандемия салдарынан жоспарлы иммундау аясында 23 миллион бала негізгі екпені алмаған. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 3,7 миллионға көп. Сонымен қатар шамамен 17 миллион бала бір жыл ішінде бірде-бір екпе алмағаны да алаңдатып отыр.

«Мемлекеттер COVID-19-ға қарсы вакцинаны алуға тырысып жатқан шақта біз басқа екпе түрлері бойынша кейін қалып, қызылша, көкжөтел, полиомиелит немесе менингит сынды аурулар балаларға қауіп төндіріп отыр. Бұл аурулардың көптеп таралуы бүгінде коронавируспен барынша күресіп жатқан қауымдастық пен денсаулық сақтау жүйесі үшін апатты сипатта болады. Сондықтан балалардың әрқайсысы екпе алуын жіті қадағалау керек»,  - деді ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.

Иммундау қызметінің жұмысындағы 2020 жылғы бұл ақау көбіне Оңтүстік-Шығыс Азия мен Шығыс Жерорта аймағына зиян келтіріп отыр. Тиісті вакциналауды алмаған балалардың көбі қақтығыстар соғыс әрекеттері жүріп жатқан, қызмет көрсету деңгейі төмен немесе көлік қатынасы қиын өңірлерде тұрады.

Екпе салғызбау бүгінде Пәкістанда қызылша жұқтырғандар санының артуына алып келді.

ДДҰ Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Филиппин, Мексика, Ангола, Танзания, Мозамбик, Аргентина, Венесуэла және Малидегі балаларға дифтерияға, сіреспеге және көкжөтелге қарсы вакцинаның жеткіліксіз деңгейде салынуына қатысты алаңдап отыр.

Сонымен қатар осы аталған ауруларға қарсы вакциналау деңгейі 86% дейін төмендеді. Ал халықты толықтай қорғау үшін бұл көрсеткіш 95% деңгейінде болуы керек.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер