Ноғай аруы

2625
Adyrna.kz Telegram

(Белгілі ғалым, сөз зергері Нəсіпхан Сүйінова мерейлі жасқа толды)

Ноғайдың қызы. Жай қызы емес, əйгілі ғалым қызы. Əлеуетті əдебиеттанушы. Ұлтын сүйген ұлағатты перзент. Қарымды қайраткер. Түркі дүниесін түгелдеуші. Əдебиеттанушы ретінде ілгерідегі Абдул-Хамид Жəнібеков, Сүйін Қапаев, Əшім Сикалиев сынды сөз сардарларының жолын жалғап, биік белеске шықты. Жиырмасыншы ғасырдағы ноғай поэзиясын ұлттық жəне жалпытүркілік тарихи-мəдени контексте қарастырып, филология ғылымдарының докторы атанды. Ұлт перзенті ретінде өз халқының мұрасын алтынның сынығындай қастерлеп сақтап, көзге түскенін жинайды да жүреді. Қайраткер ретінде де қабілет-қарымын көрсетіп, ана бір жылдарда Қарашай-Черкес Республикасының Ұлттар істері, бұқаралық коммуникация жəне баспасөз министрі болды. Бұл қызметінде де ноғайдың сөз өнерін дамытуға ұшан-теңіз пайда келтірді. Түркі дүниесін түгелдеуші ретінде барлық еңбегінде түбі бір, түрі ұқсас ағайын елдерге ортақ мұраттарды алға тартады.

Ал осы Нəсіпхан қыздың қазақ дегенге жаны бөлек. Біздің ғалымдармен байланысы берік. Əріптестерін түрлі ғылыми жиындарға шақырады. Өзі де жиі келеді. Құр қол келмейді. Қалың-қалың кітаптарды ала жетеді. Ноғай сөзінің қазақ жұртына қапысыз жеткенін қалайды. Қайтарда да бос қайтпайды. Қазақ кітаптарын қоржынына толтырып алып аттанады. Нұр дидарлы Нəсіпханның ноғай-қазақ əдеби байланыстарын дамытумен жалғыз өзі тынбай айналысып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Еңбегі жеміссіз де емес.

Аман жүріңіз, ғылымның бағын жандырған ноғай аруы!

Біз, қазақ жұртындағы əріптестері, Нəсіпхан ханымды мерейлі жасымен құттықтаймыз! Мықты денсаулық, зор табыс тілейміз! Мына əлемді жайлаған індеттен тезірек құтылып, Асан Қайғы атасы секілді "Бұлұт болған айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан" деп, жарқылдап күліп, ортамызға оралатын кезін асыға күтеміз!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер