Шәмші ағаның ескегі

5396
Adyrna.kz Telegram
Көркем көлдің қайығы
Тұнса да лала гүлге,
Өксиді дала бірге.
Ескегін қайығыңның,
Қалдырдың аға, кімге?
       (Ибрагим Иса)
Шәмші Қалдаяқовтың болмыс-бітімін көзге елестететін символдардың бірі – «Қайықта» әнінің мәтініндегі «Ескегіңді берші маған» деген тіркес. Шәмшінің Шәмші болуына елеулі үлес қосқан ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың жүрегінен жарып шыққан осы бір жолдар қаншама ұрпақтың жадында жатталды. Өлең өрнегі мен әдемі әуеннің үлесім тапқаны соншалық, шайырдың Шәмшіге ұстатқан екі ескегі қалың қазақ қадірлейтін қастерлі құндылыққа айналды. Ұлы сазгердің ескегі айдын шалқар көл бетінде қалқыған қайықты ғана өрге бастаған жоқ, биікке ұмтылған талай таланттың жолын ашты. Кесекті ердің сойы Махамбет болса, ескекті ердің сойы Шәмші Қалдаяқов ұлт өнерінің тарихында қалды. Сондықтан алты алашқа танымал арқалы ақынның «Ескегін қайығыңның, Қалдырдың аға, кімге?», – деп толғануы, ел білетін ескектің бүгінгі иесін іздеп, мұңға батуы өте орынды дер едік. Шынында да Шәмшінің көл бетін нұрландырған әсем көрініске куә болған жүйрік қайығының алтын ескегі кімге қалып еді өзі?
Бұл турасында әркім өз ойын айта жатар. Ардақты азаматтың жас күнінен жанында жүрген тілеулес өнер саңлақтары аз болған жоқ. Халық композиторымен серіктес болған аға-інілері де жетерлік. Шәмші солардың қайсысына киелі ескегін ұстатуы мүмкін? «Су бетіндегі қайық бейнені» алысқа жылжыту кімнің еншісіне тиіп еді? Бірақ бұл бір адамнан екінші адамның иелігіне өте қоятын, қолға ұстайтын құндылық емес, символ ғой! Ендеше, символ туралы символдық тұрғыдан ой толғауға біздің де қақымыз бар. Әсем әндегі көркем көлдің қайығы да, оның қасиетті ескегі де Шәмшіні шексіз қадірлейтін, өзіміз жақсы білетін бір өнер иесінің қолына көшуге тиіс секілді көрінеді де тұрады маған. Тіпті мұны оның өзі де білмеуі мүмкін. Әңгімені әріден қозғайық...
Жалпы, менің бақ-береке қонған Құрманәлі әулетімен таныстығым ертерек басталды. Университеттің бесінші курсында «Лениншіл жас» газетіне қызметке тұрып, кәсіби журналистиканың жолына жаңа түскен кезім еді.
Төбені тегістеп кел десе, тау қопарып тастайтын жастық шақ. «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» дегендей, тақырыпты өзің іздейсің.
Тыңнан түрен салмақ болып аласұрасың. Бір күні курстас досым Мұратбек Тоқтағазиннің әпкесі Камалхан өзі оқитын Шет тілдері институтында «Тұлпар» деп аталатын әдеби жастар клубы бар екенін айтты. Біз елең ете қалдық. Ол тұста Мәскеудегі ұлт жастарының рухын көтерген баяғы «Тұлпардың» атына әбден қанық едік. «Ал бұл «Тұлпар» немен айналысады екен?» деген әуестік сол жаққа жетеледі де тұрды. Камалхан осы ұйымның беделді мүшесі көрінеді. Сонымен «Тұлпардың» тұрағын іздеп тартып кеттік. Клубтың басшысы өзіміз қатарлы жас жігіт екен. Аты-жөні – Кәрімбек Құрманәлиев. Өзі студент. Сөзге тиянақты, іске мығым екені байқалады. Біраз әңгімелестік. Мен олардың ұйым болып атқарған істері туралы «Толғамы кең талпыныс» (21 маусым, 1986 жыл) деген мақала жарияладым. Бұл «тұлпарлықтарға» қатты әсер етті. Содан бері бір кездегі бота тірсек студент, қазіргі белгілі тілші-ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиевпен сыйластығымыз үзілген жоқ.
Сол «Лениншіл жастың» қабырғасында жүргенімде Құрманәлі әулетінің тағы бір перзентіне жолықтым. Дәлірек айтсақ, ағасы таныстырды. Бұл Кәрімбектің інісі Қалдыбек еді. Елден келіпті. КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіпті. Алғаш әңгімелескеннен-ақ екеуінің мінез-құлқы екі түрлі екенін байқадым. Мен білетін Кәрімбек тез ойлап, тез қимылдайтын сияқты еді. Ал мына Қалдыбектің жылдамдығы одан да зор көрінді. Ойындағысын лақ еткізіп айтып салады. Мұқағалиша қайырсақ, жүрегінің түбіне кір жасырмайды. Жұрттың бет-жүзіне қарамайды. Тағы бір өнері елең еткізді. Көрнекті ақын Мұхтар Шахановтың кез-келген өлеңін жатқа оқиды. Оқығанда Мұхаңның дауысы мен іс-қимылын айнытпай салады. Өзінің түр-тұлғасы да, сөйлеу мәнері де Шахановқа қатты ұқсайды. Кейін ол ақын ағасымен етене араласып, ардақты азаматтың жақсы көретін рухани інісіне айналды. Бір жиында Мұхаңның «Мен осы Қалдыбек Құрманәлиев құбылысын онша түсінбеймін», – деп бастап, әрі сүйсініп әрі қалжыңмен қажап, ол туралы ұзақ толғағаны есімізде.
Әу баста журналистік жолды қалап, Алматыға жеткен Қалдыбек ұзамай сазгер ретінде таныла бастады. Бірнеше әні бірінен соң бірі өмірге келді. Ол соның бәрін бізге алдымен ыңылдап өзі айтып беретін. Шынымды айтсам, әдепкіде мен оның әндерін онша қабылдай алғаным жоқ.
Маған оның ән шығаруға тырысқан әрекеті жастық шақтағы ет пен терінің арасындағы желік сияқты көрінетін. Әсіресе, Мұқағалидың «Қариялар азайып бара жатыр» деген өлеңіне жазылған әнді Қалдыбек бар даусымен беріле шырқап тұрғанда бұл туындының қыр-сырын жүрекпен сезіне қоймадым. Бәлкім, ол дұрыстап айта білмеген шығар. Мүмкін, менің музыка дегеннен мүлде хабарсыздығым, әуен әлеміндегі дүмбілез дилетанттығым кеудеме саңылау түсірмеген болар. Сондықтан ешнәрсе ұқпадым. Әйтеуір, оның алдымен сазгер, кейіннен композитор боп кететініне едәуір күмәнім бар еді. Сазгер болғанның өзінде ортақол сазгер болып шығар деген ойдан арылмадым.
Жоқ, олай болмады. Көп ұзамай қамшыны басты Қалдыбек.
Оның әндері жиын-тойларда кеңінен шырқала бастады. Қазақтың белгілі әншілері бұл әндерді бірінен соң бірі көкке өрлетті. Өткізген ән кештеріне жұрт ағылып келетін болды. Демек, ол өз өнерінің кілтін тапты. Елдің жаппай ықыласын аудара білді. Әдемі саз іздеді. Әуезді әуен аулады. Өнеріне өзгеше өріс ашты. «Жол іздеймін әлі ешкім бастамаған, Өзіме шақ көгілдір аспан алам», – деп Мұхтар Шаханов ағасы айтпақшы, тыңнан тәсіл тауып, соны соқпақ салды.
Сол соқпағы оны бүгінде талай берекелі белестерге жетелеп келеді.
Қос Исаның құрметі
Қайыққа барған…
Айыпқа қалған кештерің,
Кеткен жоқ босқа,
Өлеңмен бірге өскенің…
Ән-аға жайлы шедевр әнді жаздың да,
Шәмшінің алдың ескегін...     
  (Қазыбек Иса)
Оның ойға алған әнін тәуір жазуының бірнеше себебі бар еді. Ең алдымен, ол ән өнеріне қойылатын талаптарды жақсы түсінді. «Елге ұнамды туынды қандай болуға тиіс?» деген сауалды миының мүйісінен ешқашан шығарған жоқ. Шынайы шығармашылықтың өлшемі мен деңгейі ол үшін әрдайым жоғары тұрды. Ол сол биікке ұмтылды. Арзанға малданып дәрежені төмендетуді ар санады. Өзінің қабілет-қарымына шүбәсіз сенді. Ақыры ой-танымы мен терең-түйсігі оны талай белеске бастады.
Екіншіден, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов оның бала кезінен кумирі болды. Ән өнерінің асқар шыңын бағыт-бағдарына, айнымас темірқазығына балады. Өзі Шәмші әндерінен қуат алды. Жақсы ән жазса, ұлы композитордың жолы жұғысты болатындай, туындысы көңілден шықпаса, ән патшасының рухы жетіп келіп, жағадан алып, аяусыз дүрелейтіндей көрінді. Ақыры өзі де Шәмшінің шыңына бастайтын сүрлеуге түсті. Шәмші туралы керемет ән жазды.
Шәмшінің телегей-теңіз мұрасын тынымсыз нахихаттап, қастерлі қазақтың өлмейтін рухының бүгінгі қызметшісіне айналды. Қазір ел Шәмші десе, күндіз-түні оның есімін аузынан тастамайтын Қалдыбек Құрманәліні қоса еске алады. «Ұраны – Шәмші аға, Тыңдаймыз тамсана», – деп елжірей еміренеді.
Үшіншіден, ол әннің сөзіне жете мән берді. Әннің өзін де, сөзін де өзі жазып, оны сахнада секеңдеп өзі шырқап, бесаспап күйге түскен орындаушылардан әбден мезі болған қоғамның жайын ол жақсы түсінеді. Ондай әуестіктен ада біздің кейіпкеріміз ілгерідегі ән шығару жүйесінің талаптарын қатаң ұстанды. Әйтпесе, журфакты бітірген, жазу-сызуға икемі зор оның өзінің де мәтін жазуға ыңғайы жоқ емес еді. Бірақ бұдан бағасы артпайтынын бірден-ақ аңғарды. Сондықтан ол ән сөзін кәсіби ақындарға жаздырды. Оның ішінде әнге сөз жазуға әбден дағдыланған майталман шайырларды таңдады.
Солардың арасында әннің әр әуезі түгілі әр дыбысын естен шығармай ескеріп отырып, өлең мәтінін жүрекке жететіндей етіп түрлендіріп түсіретін Ибрагим Исаның жөні бөлек. Екеуінің ағалы-інілік қарым-қатынасы, жарасымды шығармашылық байланысы, әлеуетті әріптестігі өнер әлеміндегі аңыз десе де болғандай.
Қазақтың әйгілі ақыны Жарасқан Әбдірәшевтің сөзіне жазылған «Кірмеші жиі түсіме» атты әні қалың елді әлдиледі. Бұл ән баршаны түгел мойындатты. Мойындататындай бар. Адамның жан-дүниесін өзгеше бір күйге бөлейді. Сезіміңді қозғайды. Кеудеңе бірден қона кетеді. Халқымыздың ғаламат дарынды әншісі Мәдина Ерәлиева орындаған «Кірмеші жиі түсіме» қазақ даласын түгел шарлап кетті. Бір кезде бүкіл елімізде, яғни, қыр мен қыратта, сай мен шатқалда, тау мен төбеде, ой мен ойпатта осы әуен қалықтап тұрды. Қазір де жұрттың аузынан тастамайтын әдемі әндерінің бірі. Санаңды тербетіп, сағынышты оятатын «Қиялдағы қалқа» да – осындай ғұмырлы әрі ғибратты дүние. Онсыз да тұғыры берік әсем әнді Мәдина одан әрі асқақтата түсті.
Тегінде, тәуір туындыларды мінезді шығармашылық өкілдері өмірге әкеледі. «Мінезсіз өнер – мінезсіз жылқы» деп Асқар Сүлейменов айтқандай, Қалдыбек Құрманәлі де тарпаң таланттардың сойынан. Өзінің болмыс-бітіміне, тек-тұрпатына сай дүниелерді елге ұсынады. «Жортып жүріп бір өзі, Тындырғаны көп енді. Мінезі ме, мінезі, ...Оңып тұрған жоқ енді», – деп бір ағамызға айтқанымыз бар еді. Сол сияқты Қалдыбек те осы кедір-бұдыр мінезімен-ақ ел-жұртқа жақты.
Екеуміз бірде Алматының бір ауруханасында бірге емделгеніміз бар. Бөлмелеріміз қатар болған соң, күн ұзаққа әңгімелесеміз. Оның жырдан қызық хикаялары жуық арада таусыла қоймайды. Соның алдында ғана қазақтың қағынан жеріген бір қызымен сөзге келісіп қапты. Бұл әлгі бойжеткенді ана тілінде сөйлемегені, сөйлемек тұрмақ, тілді аяққа таптағаны үшін біраз жерге апарып тастапты. Ол қыз да қарап жатпаған. Қалдыбекті құқық қорғау органдарына жүгіну арқылы ықтырып алмақ болғанға ұқсайды. Оңайлықпен беріле салса, Қалдыбек бола ма, қырық жылғы кінәраттарын түгелдеп, емдеу орнына келіп тұрған беті екен. Бұл жерде де бір медсестра қыз тықақтап, оған ақыл үйретіп қоймады. Өзі қазақша бір ауыз сөз білмейді. Қалдыбек жай ғана жымиып күлді. «Қарындас, менің бұл ауруханада не үшін жатқанымды білесіз бе?», – деді сосын... Сөз төркінін ептеп ұққандай болған қарындасы ағасының қасында көп аялдаған жоқ.
Өзіндік пікірі бар, қалыптан тыс ойлайтын адамдардың шығармашылығы жемісті болатыны баяғыда-ақ дәлелденген. Өзгеше шешім қабылдау жағынан ол алдына жан салмайды. Мәселен, Қалдыбек перзенттеріне мынадай ат қойды. Шәмші-Қалдаяқ, Бекзат-Саттархан, Мұхтар-Шахан, Иманғали-Тасмағамбет. «Бұлай есім беруге болмайды» дегендердің уәжіне пысқырған да жоқ. «Өзімнің балаларыма қандай ат қоятынымды өзім білем!».
Осылайша ол қасаң тәртіпті көлденең тартып, дауласқандардың аптығын басты. Қалдыбектің бұл ұйғарымы өзі жақсы білетін, ерекше сыйлайтын тұғырлы тұлғаларға деген қадір-құрметінің белгісі еді. Танымал адамның есімін баласына әркім-ақ қоя алады. Ал оның аты мен фамилиясын қосақтап беруге тәуекеліңіз жете ме?! Мұндай әрекет Қалдыбектің ғана қолынан келді. Сый қылды, сыпыра қылды. Қосарлы есімді бөле-жара айтқызбайды. Бәрі де риза. Мықтылардың ныспысын еселеп иеленген ұландардың ортасында осы шаңырақтың гүлі – Мақпал қыз желкілдеп өсіп келеді.
Ана бір жылы «Ортақшылдың» оғыланы тағы да бір ерекше қадам жасап, туған ауылына барып, Тасқұдыққа туын тікті. Маңдай терін төгіп, ақшаңқан үй салды. Ілгеріде бұл ауылда болғанбыз, өнерлі өреннің өрген жерін, өнген жерін аралағанбыз. Ғибраты мол өңір оны ерекше қадірлейді екен.
Біздің кейіпкеріміз өзін түрлі салада сынап көрді. Журналистік қызмет атқарды. Өнер шаңырақтарына жетекшілік етті. Ғылыммен де айналысты. Басшы ретінде де танылды. Мемлекеттік қызмет те оған таңсық емес. Бәрібір оның айрықша қыры – сазгерлігі секілді көрінеді бізге. Ибрагим Исаның өлең-сауалына қазақтың тағы бір талантты ақыны Қазыбек Исаның «Шәмшінің алдың ескегін» деп үн қатуы бекер болмаса керек. Қос Исаның құрметі бірер жыл бұрын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанған Қалдыбекті әлі де талай биікке бастайтыны анық.
Есе түс, Шәмші ағаның ескегі! Иең бар сенің...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер