Атырауда күннің ыстығында асфальтта жұмыртқа қуырған аспаздың әрекеті әлеуметтік желіде талқыланып жатыр. Бала кезінен аспаздыққа қызыққан Бағдат Қадыров «Адырна» ұлттық порталының тілшісіне мән-жайды түсіндіріп берді.
«Бұл видеоны қызық үшін түсірген болатынмын. Кеңінен таралып кетеді деп ойламадым. Осыдан 3-4 күн бұрын Атырауда 50˚С ыстық болды. Сол ыстықты пайдаланып, күннің көзіне жұмыртқа пісіру деген ой келді. Жұмыртқаны арнайы жаровня табасында пісірдім. Ол ыдыс тез қызып, бойында ыстықты ұзақ ұстап тұрады.
Бұл – бұрыннан бар идея. Видеоны халықтың арасында кең тарасын деген мақсатпен түсірген жоқпын. Түнде салынған видеоны таңертеңге дейін 20-30 мың адам көріп үлгеріпті. Ал бүгінгі күні көргендер саны 100 мыңға дейін жетіп қалды. Көптеген пабликтерде де жүр. Бұл видеоны Атыраудың ыстығы қатты болады деген оймен түсірген болатынмын», - дейді жас аспаз.
Бағдат Қадыров хайп жасауды мақсат етпегенін де айтып өтті.
Бұдан бөлек аспаздан жұмысы туралы, бұл мамандықтың «ер адамдарға қиындық туғызбай ма?» екенін сұрап білдік.
«Бала кезден тамақ жасауға икемім болды. Аспаз болуыма мүмкін үйдің үлкені болғаным әсер еткен шығар. Бала кездегі арманыма аспаз мамандығына колледжге түсу арқылы жақындадым. Оқудың арасындағы практика кезінде тамақ пісіруге деген қызығушылығым одан сайын артты. Шетелдерде де жұмыс жасап көрдім. Мысалы, Москва, Дубай, Санкт-Петербург, Украина, Түрік елдерінде болдым. Алматыдағы беделді мейрамханаларда да, Астана қаласында да қызмет еттім.
Жұмыстың оңайы жоқ. Аспаз болу ер адамға қиындық туғызбайды. Егер өзіңе ұнаған мамандық болса, сол жұмысты істеп жатқанда өзіңізді бақытты сезінсең, соның өзі үлкен жетістік. Кез келген жұмысты адам шынайы ниетпен жасаса, бақыт деген сол. Осы салада келе жатқаныма 12 жылдан асты. Бастапқы 9-10 жылым тек еңбектенумен өтті. Ал кейінгі 2 жылда әлеуметтік желілерде белсенді болып, халықтың арасында таныла бастадым», - дейді ол.
Видеоны осы сілтеме бойынша көре аласыз: https://www.instagram.com/bagdat_cook/?utm_source=ig_embed&ig_rid=c36ae2b4-ea2c-48b9-ac92-bf947e14e09b
Ақмарал БЕРЕКЕТ,
"Адырна" ұлттық порталы