«Жүйріктің де жүйрігі бар, қазанаты бір бөлек, жігіттің де жігіті бар, азаматы бір бөлек», демеуші ме еді дана халқымыз? Міне, дәл сол айтқандай, АҚШ сынды алпауыт елдің бүгінгі таңдағы ең қалталы мультимиллиардері әрі іскерлік шеберлігі мен шексіз тәуекелге бел байлаған арманшылдығы жағынан алдына жан салмай келе жатқан тарландар шоғырының сырттаны Илон Маск (Elon Musk) туралы қалам тартпау мүмкін емес. Өйткені олай деуге толық негіз бар. Мәселен, қаршадайынан өз қатарының арасынан суырылып шығып, жүзден жүйрік қана емес, мыңнан тұлпар атанған Илон Маск жөнінде жарық көрген дүниелердің ішінде, әсіресе, соны ғылыми инновациялар мен заманауи технологиялар туралы ақпарат таратуды өз нысанасына айналдырған және осы бағытта үнемі қалам тартып жүрген америкалық жазушы Эшли Вэнстің (Ashlee Vance): Elon Musk: Tesla, SpaceX, and the Quest for a Fantastic Future (Илон Маск: «Tesla, SpaceX және таңғажайып болашаққа барлау») туындысын ерекше атаудың жөні бар. Себебі бұл кітап алғаш рет 2015 жылы жарық көрген сәтте-ақ ең таңдаулы туындылардың санатына қосылып, өзінің өрелі өзектілігі мен терең тартымдылығының арқасында әлем оқырмандарының назарына бірден іліккен болатын.
Аталған кітаптың авторы, технология саласының кәсіби журналисі Эшли Вэнстің айтуына қарағанда, бұл туындыны жазуға салқынқанды Илон Маск бастапқы кезде ыңғайсыз жайға тап болып қалам ба деген оймен бірден келісім бере қоймаған. Алайда, Эшли Вэнс алған бетінен қайтпай, қайсарлық танытып, Маскпен қызметтес екі жүзге тарта адаммен жан-жақты сұхбат жүргізіп, қомақты ақпарат жинап алғанын білген соң жазушыға барынша ықылас таныта бастаған.
«Болар бала...» демекші, 12 жасар Масктың танымалдылығы алғаш рет өзі дүниеге келген Оңтүстік Африкада тұрақты шығып тұратын «Дербес компьютер және кеңсе технологиялары» журналында өзі құрастырған балаларға арналған компьютерлік ойыны жарияланған сәтінен басталғаны байқалады. Ал Масктың компьютерлік ойындармен әуестенуіне британдық қаламгер Дуглас Адамстың The Hitshhiker’s Guide to the Galaxy («Автостоппен Галактикаға сапар») фантастикалық шығармасы түрткі болған сыңайлы. Әлгі ойынға қатысты қысқаша аннотациясында Маск былай дейді: «Бұл ойында сіз өзге планеталардан келген ғарыш кемелерін сутегі бомбасымен немесе соғыс жағдайында қолданылатын жойқын сәулелердің күшімен құртуыңыз керек».
Көріп отырғанымыздай, аталған ойынның өзінен-ақ қиялшыл Масктың космосқа деген асқақ арманының құлағы қылтиып тұрғанын байқамау мүмкін емес. Айтпақшы, Масктың бұл тырнақалды туындысы оған 500 доллар гонорар әкеліп, ғарыш әлеміне деген оның құлшынысын бұрынғыдан бетер үдетіп жіберген. Алайда ол заманда Оңтүстік Африкада қалыптасқан апартеидтік жүйе ел ішіндегі саяси ахуалды мүлде шиеленістіріп, ақ нәсілділер мен қара нәсілділердің арасындағы қақтығыстарды жиілетіп жіберген-ді. Бұл дүрбелең Илон Маскты қатты алаңдатып, өз арманының Оңтүстік Африкада орындала қоймайтындығына көзін біржолата жеткізеді. Оның үстіне, өзге елдер тарапынан Оңтүстік Африка мемлекетіне деген теріс көзқарас қалыптасып, әртүрлі санкция жиілеп кеткен-ді. Сондықтан да ендігі жерде Илон Маск Америка Құрама Штаттарына қоныс аударуға түбегейлі шешім қабылдайды. Бірақ ол кезде оңтүстік африкалықтарға АҚШ-қа виза алу өте қиын болатын, есесіне Канадаға бару айтарлықтай жеңіл еді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Илон Маск ең алдымен, Канадаға жету үшін құжаттарын дайындай бастайды, өйткені Канададан АҚШ-қа өту мүмкіндігі үлкен болатын.
Cонымен 17 жасында Илон Маск алдымен Канадаға, сосын Америка Құрама Штаттарына қоныс аударады. Пенсильвания университетіне түсіп, физика және экономика саласы бойынша бакалавриат бағдарламаларын тәмамдап, 1995 жылы Стэнфорд университетіне түсіп, жоғары энергия саласы бойынша докторлық диплом қорғамақ болады. Бірақ екі жыл өткен соң қаражаттан қысылып, оқуын тастап, кәсіпкерлік жолға түсіп, кішігірім интернет-бизнесін қолға алады.
Илон Маск ашқан Zip2 компаниясы, негізінен, кез келген қағаз құжаттың электронды нұсқасын жасаумен айналысатын. Бұл қызметтің түрі кейінірек пайда болған Гугл немесе Яндекс секілді алып ақпарат іздеу жүйелерінің алғашқы нұсқасы десе де әбден болады. Бастапқы кезде бұл қызметтің түрі бизнесаралық қарым-қатынастарды жеңілдету мақсатында кез келген кәсіпкердің кеңсесінің қай жерде орналасқанын ғана емес, сол кеңселерге алып баратын оңтайлы маршруттардың картасын да қоса ұсынатын. Көп ұзамай бұл жоба Маск пен оның әріптестеріне өте үлкен табыс әкеле бастайды. Оңтайлы жағдайды пайдаланып, Маск бұл бизнесін 307 млн долларға сатып жібереді. Ал өзіне тиесілі 22 млн доллар қаражаттың бір бөлігіне жеке ұшақ пен люкс спорт автомобилін сатып алады да, қалған бөлігін жаңадан тамыр алып келе жатқан PayPal деп аталатын бизнес жобаға салып, оның құрылтайшыларының бірі ретінде интернет-банкингпен белсене айналыса бастайды.
PayPal компаниясы болса, тез арада интернет-бизнестің ең тиімді түріне айналып, тұтынушыларға ақшалай төлемдерін электронды пошта жүйесімен жіберуге мүмкіндік беретіндіктен, ең айтулы бизнеске айналып шыға келеді. Сөйтіп, 2002 жылы бұл компанияның капиталы 1,2 млрд долларды құрайды. Жарты жыл өткенде бұл бизнесті айтулы «eBay» компаниясы 4 млрд долларға сатып алады. Өз кезегінде бұл үрдіс Интернет-бизнестің қоғамда өте үлкен сұранысқа ие болып, қысқа мерзім ішінде кәсіпкерліктің мұндай түрімен айналысатындардың саны жүздеген мың адамға жетеді. Ал өз капиталын еселеген Илон Маск болса, осы жетістігімен тоқтап қалған жоқ, керісінше, кәсіпкерліктің өзге түрлерін дамытуға күш салады.
2002 жылы Илон Маск өзінің өмірлік арманы болып табылатын ғарыш сапарларын жетілдіруге бағытталған SpaceX деп аталатын жеке бағдарламасын жариялайды. Ендігі жерде оның алдында космос кеңістігіне тек ғарыш зымырандары мен пайдалы жүктерді ғана емес, экипаждарды да қоса алып шығара алатын ғарыш құрылғыларын жасап шығару міндеті тұрды. Сондықтан да SpaceX жобасына Илон Маск жүздеген млн доллар жұмсады. Алайда 2002 жылы ол банкрот болудың аз-ақ алдында тұрған болатын. Өйткені оның компаниясы ғарышқа ұшырған «Фалькон» зымырандары қатарынан үш рет сәтсіздікке ұшырап, тек төртіншісі ғана орбитаға сәтті көтеріледі. Көп ұзамай Илон Маск АҚШ-тың мемлекеттік ғарыш агенттігінің (NASA) назарына ілігіп, әлгі алпауыт компаниядан инвестиция тартуға қол жеткізеді. Сондай-ақ Халықаралық космос стансасымен (МКС/ISS) де тиімді байланыс орнатып, ғарышқа ауыр жүктер жеткізуге мүмкіндік беретін өте тиімді келісімшартқа қол қояды.
2012 жылы Илон Маск өзінің о бастағы асқақ арманы болып табылатын Марсқа адам қондыру миссиясын орындауға бағытталған ауқымды жоспарының бүге-шігесін жариялай бастайды. Ол мақсатқа қол жеткізу үшін SpaceX ең алдымен ғарыш айлағынан тік ұшып, тік қона алатын, әрі бортына 100-ге жуық адам мен қомақты жүкті де қоса алып кете алатын көлік зымырандарының технологиясын шегіне жеткізе жетілдіруді ең бірінші кезекке қояды. Сонымен қатар бұдан былайғы жерде ешкімге тәуелді болмас үшін, өз компаниясының жекеменшік космодромын салып бітіруді, әрі оны коммерциялық жолға қойып, өзгелерге жалға беріп, пайда табу жағын да назарында ұстайды. Өйткені бұған дейін SpaceX өзінің ғарыш зымырандарын өте қымбатқа түссе де, Флорида штатында орналасқан АҚШ-тың Әскери әуе күштерінің космодромынан ұшырып келген болатын.
Илон Маск қолға алған заманауи кәсіпкерліктің енді бірі – Tesla Motors жобасы. Бұл жобаның түпкі мақсаты – бүгінгі таңдағы адамзатты қоршаған экологиялық ортаны шексіз ластап қана қоймай, сол ортада өмір сүріп жатқан өзге тіршілік иелеріне де, тіпті флораға да алапат қатер төндіріп тұрған тажалдың алдын алу. Бұл тажалдың аты – жер шарында мыңдап саналатын көмір және мұнай өнімдерін пайдаланатын жылу электр стансалары мен миллиондаған автомобильдерден немесе сондай отынды пайдаланатын ірілі-ұсақты сансыз өндіріс орындары мен қалалардың жылу жүйелерінен, кәдімгі үйлердің пештерінен бөлінетін аса улы көмірқышқыл газы. Сондықтан да Илон Масктың Tesla Motors жобасының мақсаты – күллі әлемдегі ауыр және жеңіл автомобильдердің барлығын электр энергиясының қуатымен жүргізуге бейімдеу.
Оның үстіне, ғылыми негізге сүйенер болсақ, күллі әлемдегі жылу электр стансаларында көмір мен мұнай және газ арқылы өндірілетін электр энергиясын егер электромобильдер тұтынатын болса, ол қуат көздерінің пайдалы коэффициентінің мөлшері 60 пайызға теңеледі екен. Ал автомобильдер керісінше, тек бензин немесе газ қуатымен жүретін болса, әлгілердің пайдалы коэффициентінің мөлшері небәрі 20 пайызды ғана құрайды екен. Демек, қалған 80 пайызы, іштен жанатын қозғалтқыштардан бөлінетін улы газдарға айналып, күллі экологияны ластайды.
[caption id="attachment_44834" align="aligncenter" width="1050"] epa07058203 (FILE) - Tesla CEO Elon Musk delivers a presentation at the International Astronautical Congress (IAC) in Adelaide, South Australia, Australia, 29 September 2017 (reissued 30 September 2018). Tesla CEO Elon Musk, 47, agreed on 29 September 2018, to step down as chairman of Tesla after reaching a settlement with the US Securities and Exchange Commission (SEC), which fined Musk and Tesla 20 million US dollar each, in a lawsuit against Musk for allegedly lying to investors when posting on Twitter last August, about taking the firm private. Musk will remain as CEO at Tesla, but will have to step down as chairman for three years, media reported. EPA-EFE/MORGAN SETTE AUSTRALIA AND NEW ZEALAND OUT[/caption]
Бүгінгі таңда Tesla Motors компаниясынан мыңдап шығып жатқан Tesla Model S автомобилі жанармаймен жүретін автомобильден артық болмаса, ешбір кем түспейтіні дәлелденіп отыр. Мәселен, Тесла моделі 100 шақырым жылдамдықты небәрі төрт-ақ секундта алады және бұл үлгідегі электромобильдер эргономика тұрғысынан ғана емес, дизайн және қауіпсіздік жағынан да қазба отын түрлерімен жүретін автомобильдерден әлдеқайда ұтымды екені көзге ұрып тұр. Оның үстіне қатардағы Тесла автомобильдері 2006 жылдан бастап нарыққа шықса, бизнес кластағы үлгісі 2012 жылдан сатылымға шыға бастады. Енді, міне, бюджеттік үлгісі де қолжетімді болып отыр.
Электромобильдердің осал жері – электр қуатымен жабдықтайтын стансалардың аздығы. Сондықтан, Илон Масктың алдында тұрған бүгінгі негізгі міндеттердің бірі – ондай стансаларды тек АҚШ-та ғана емес, өзге мемлекеттерде көптеп салу. Сонымен бірге ол 2006 жылы өзімен ағайындас Питер және Линдон Рив дейтін ағалы-інілі жігіттерге күн панельдерін шығарумен қатар, оны тарататын және электромобильдерді тоқпен қамтамасыз ететін SolarCity («Күн қаласы») компаниясының негізін қалау жөнінде кеңес беріп, сол бизнесті ұйымдастыруға көмек көрсетіп, әрі өзі сол компанияның директорлар кеңесінің құрамына кіреді.
2008 жылы SolarCity компаниясы тұтынушыларға: «Біз сіздердің үйлеріңіздің шатырына тегін күн» батареяларын қойып береміз, есесіне бұдан соң электр энергиясына жұмсайтын төлемдеріңіздің мөлшері бірден азаяды. Мұны біз бақылап отырамыз», деген үндеу жариялайды. Осы үндеуден кейін күллі америкалықтардың шатырлары күн батареяларымен жабдықтала бастайды және олар 2012 жылы ең өтімді тауарға айналып шыға келеді. Илон Масктың болжамынша, 20 жыл ішінде әлемде қолданылатын электр энергиясының басым бөлігі күннің қуатынан алынатын болады.
Иә, Илон Маскпен келісуге де, келіспеуге де болатын шығар. Алайда бір нәрсені мойындауға тура келеді. Электромобильдер ХХ ғасырдың басында пайда болды, ал күн батареялары сол ғасырдың елуінші жылдары шығарыла бастады. Ал космосқа алғашқы адам 1961 жылы көтерілді. Солай бола тұрғанмен, адамдар жаппай ғарышқа аттанған жоқ. Электромобильді де жаппай сатып алып жатқан жоқ. Күллі үйлер де жаппай күн қуатының есебінен жылытылмайды. Алайда күллі адамзаттың менталитеті өзгере бастағаны даусыз. Ал бұл өзгерістің локомотиві Илон Маск екендігінде ешбір күмән жоқ.
Осы тұста Илон Маск осыншама табысқа қалай жетті деген сұрақ туындайтыны заңды. Ал мұның себебін іздер болсақ, оны да Илон Масктың өзінен табарымыз анық. Өйткені дана халқымыздың бір керемет нақылы былай демеуші ме еді:
«Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің,
Қайғы түбі – тұңғиық, батасың да кетесің».
Сол айтпақшы, біріншіден, Илон Маск – өте тәуекелшіл тұлға. Екіншіден, өте шыдамды. Үшіншіден, өте сабырлы. Төртіншіден, өте білімді әрі қара жұмыстан қашпайтын, қандай қиын жұмыс болсын өзі кірісіп кететін еңбекқор адам. Бесіншіден, оның тегі жақсы, өте тәрбиелі әрі білімді ортадан шыққан. Бесіншіден, ол өте балажан. Өзінен тараған алты баланы алақанына салып өсірді. Алтыншыдан, оның 28 жасында миллиардер болуы көп нәрседен хабар береді. Өйткені ең алдымен, ол өте іскер әрі кез келген идеядан бизнес жасай алатын визионер. Жетіншіден, өзі бастаған кәсіпті дөңгелетіп алып кету үшін төңірегіне тек қана білікті, білімді әрі өте тәжірибелі мамандарды ғана тартады. Сегізіншіден, Илон Маск өтіріктен ада, әділетті. Тоғызыншыдан, ол бос сөз айтпайтын әрі уәдесіне өте берік тұлға. Оныншыдан, ол – ақпараттық технологиялармен жете қаруланған ғажап бағдарламашы. Ең бастысы, ол – өзінің қара басының ғана қамын ойлайтын мизантроп емес, керісінше, өз елінің мүддесімен қатар, күллі адамзаттың қамын ойлайтын филантроп тұлға. Сондықтан да оның жолы болғыш, өйткені ол өз байлығын адамзаттың болашағын жақсарту, экологияны тазарту және адам санасын өзгерту үшін аянбай жұмсайды.
Осындайда біздің жастар жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп, кезінде отыз жыл ел тізгінін ұстаған Димекең – Дінмұхаммед Қонаев айтпақшы, аспай-саспай, лас жерді баспай өмір сүретін, Илон Маск секілді патриот, іскер, тәуекелшіл және халқымыздың қамын ойлайтын ұлтжанды болып өссе ғой, шіркін, деген асыл арман ойымызға орала беретінін жасырмаймыз.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі