Халық санағы: ұпай түгенделетін тарихи сәт

5346
Adyrna.kz Telegram

Биыл еліміз тәуелсіздік алғалы Қазақстанда үшінші рет халық санағы өтпек. Бұл тек халықтың санын білу үшін ғана емес, тарихи-әлеуметтік өзгерістерді сараптап, демографиялық ахуалды бағамдау үшін қажет. Биылғы ұлттық санақтың ерекшелігі – ол онлайн форматта, яғни электронды және үй-үйді аралап, дерек жинау негізінде іске асырылады. Биылғы санаққа мемлекет тарапынан 9 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Сонымен...

Тарихи деректер не дейді?

Тарихқа көз жүгіртсек, ең алғашқы санақ патша үкіметі кезінде 1897 жылы өткен. Сол жылы қазақтардың саны 6 млн-нан асқан. Одан кейін 1920 жылы, 1923 жылы, 1926 жылы, 1937 жылы сәтсіз санақ, 1939 жылы сәтті санақ болған. Сондай-ақ халық санағы 1959, 1970, 1979, 1989, 1999, 2009 жылдары жүргізілген.

Америкалық профессор, ғалым Сара Камерон 1930 жылдағы Қазақстандағы аштық жайында  «The Hungry Steppe: The Making of Soviet Kazakhstan» атты кітап шығарған. Сондай-ақ Стивен Уиткрофт пен Роберт Дэвис сияқты ғалымдар кеңес үкіметі кезіндегі санаққа қатысты кітап шығарып, ашаршылық жылдары туралы жазған. Кеңес одағы кезіндегі қиын-қыстау кезең, Украина жайлы көлемді кітаптар жазған, Гарвард университетінің профессоры Роберт Конквест – санақ туралы зерттеу жасаған алғашқы шетелдік ғалым. Ол 1920-40 жылдар аралығында аштықтан қырылған қазақтардың саны 1 млн-нан асатынын айтса, кейін Роберт Дэвис пен Стивен Уиткрофт 1,5 млн деп түйін жасады. Сара Камеронның дерегі бойынша аштықтан өлгендердің саны 1 миллион 600 мыңға жеткен.
Кейбір деректерге сүйенсек, 1926 жылғы санақта қазақтардың саны 3 968 289 болса, 1937 жылы ол 2 862 458 адамға дейін кеміген. Яғни, осы жылдар арасында ашаршылық, қуғын-сүргін кезінде 1 105 831 адам қаза тапты деген дерек келтіріледі. Жоғарыда атап өткен Батыс ғалымдарының сүйенетіні де осы дерек.

Ал отырықтандыру мәліметтері туралы цифрларға көз жүгіртсек, халқымыздың саны 4 млн 800 мың болған. Тарихшылардың айтуынша, санақ материалдары ресми болғандықтан, бұлар тарихи деректердің шынайылығына кедергі келтіріп отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, 1937 жылғы санақта Қазақстаннан тыс жерлердегі қазақтардың саны туралы да деректер жинақталған. Ресейде қазақтардың саны 292 099, Қалмыкияда 2004, Волга бойындағы немістер шоғарланған жерде 6268 қазақ тұрған. Новосибирск облысында 22 288, Омскіде 49 685, Орынборда 69 666, Саратовта 19663, Сталинград облысында 71 225, Түркмен елінде 60 035, Өзбекстанда 287 214, Тәжікстанда 12 396, Қырғызстанда 25 441 қазақ бар делінеді. Ал Қазақстандағы қазақтардың саны 2 181 520-ға дейін жеткен.

1989 жылғы санақ парақтарында респонденттердің тұрғын үй жағдайы туралы сұрақтар болған. Жеке пәтерлер мен жеке үйлерде барлық отбасылардың 86%-ы тұрған.

1989 жылғы санаққа сәйкес халықтың этнодемографиялық құрамы көрсеткендей, 1979-1989 жж халықтың жалпы өсімінде қазақтардың үлес салмағы 70%-ды, орыстар – 13%, немістер - 3% құраған. Қазақстандағы қазақтардың өсімі 23,5%, орыстар - 3,9%, немістер - 6,4%, татар - 4,6%, өзбектер - 26,1%, белорустар - 0,6%, ұйғырлар - 25,3% мен корейлер - 12,3% құраған.

Одан бергіде еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда екі санақ өткізілді. 2009 жылғы санақта екі түрлі мәлімет болды. Бірінші мәліметте титулды этностың үлес салмағы 67% деп көрсетілсе, екіншісінде 63%-ға дейін төмендеген.

Мысалы, 1999 жылғы санақ пен 2009 жылы өткен санақты салыстыратын болсақ, халықтың жалпы саны 1 млн 27 мың адамға өсіп, этникалық құрамы біраз өзгерген.

Демограф Ерболат Мұсабектің айтуынша, елімізде 2009 жылы ақпанның 2 мен 3-і аралығында 16 млн-шы адам дүние есігін ашқан. 2013 жылдың мамырының 21-і мен 22-сі арасында 17 млн-шы адам туды.2017 жылы мамырдың 11 мен 12-сі арасында өмірге 18 млн-шы адам келді.

Енді 19 млн деген әңгімеге келсек, оның айтуынша, 2021 жылы шілде айында Қазақстандағы халық саны 19 млн-ға толды деуге толық негіз бар.

Өткен жылы кейбір баспасөз беттерінде Қазақстан халқының саны 292 704 адамға ұлғайып, жыл соңында 19 189 022 адамды құрады деп жазылды. Алайда биылғы жылдың наурыз айында Ұлттық бюро мамандары халық саны 19 млн-ға жетпегенін айтты.

Жыл басындағы ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 18 877 128 адам бар.

Сонымен біз 19 млн-ға жеттік пе, әлде жоқ па деген сауалға жауапты алдағы күзде өтетін ұлттық санақ кезінде білетін боламыз.

Енді биылғы санаққа келсек, елімізде үшінші санақ 2019 жылға жоспарланған еді. Алайда 2020 жылдың наурыз айында бүкіләлемді дүрсілкіндірген короновирус пандемиясына қатысты елде орнаған төтенше жағдай және шектеулерге байланысты ҚР Үкіметі санақты кейінгі мерзімге қалдыруға мәжбүр болды. Осылайша 2021 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық халық санағын өткізу уақыты мен кезеңі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 қаулысына сәйкес 2021 жылғы 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі кезең аралығында өтетін болды.

Санақ не үшін қажет және қалай өткізіледі?

Санақ — тек біздің елімізде ғана емес, дүниежүзінде міндетті түрде өткізілуге тиісті шара. Себебі санақ 10 жылдағы даму деңгейін, сандық тұрғыдан көп мәселелерді айқындап алуға мүмкіндік береді. Сол арқылы қоғамда халықтың өсуі, тұрмыс жағдайы, экономикасының дамуы — бәрі санақ арқылы анықталады.
Биылғы Ұлттық халық санағы шартты екі кезеңнен тұрады.
Бірінші — дайындық кезеңі.  Бұл кезең 1-30 маусым аралығында өткізіледі. Бұл кезеңде  тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шығады. Бұл кезеңде аудандастыруға дайындық жүргізіледі.
Санақтық аудандастыру – санақтың 2 кезеңін өткізу үшін өңірдегі әрбір елді мекеннің аумағын санақты өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу.

1 маусымнан бастап елімізде барлығы 5 405интервьюер және 773 нұсқаушы-бақылаушы тұрғындар туралы қажетті ақпаратты жинайды.
Екінші кезең — негізгі кезең.Бұл 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында өтеді. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында, қазақстандықтар онлайн-режимде арнайы sanaq.gov.kz сайтында санаққа қатысты барлық сұрақтарға жауап бере алады. Жүйе тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Респондент санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез-келген уақытты таңдай алады, сондай-ақ сайтта бланкты толтыруды тоқтату және оны толтыруды кейін қайта жалғастыру мүмкіндігі болады.

Сонымен қатар, egov.kz электронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады,ол арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, санаққа қатысуға болады. «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы да Ұлттық санаққа қатысу мүмкіндігі ұсынылады.

1 қыркүйектен бастап sanaq.gov.kz арнайы сайты жұмысын бастайды, мұнда қазақстандықтар 15 қазанға дейін онлайн-режимде санаққа қатысты барлық сұрақтарға жауап бере алады. Дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында жүргізіледі және ол белгіленген мерзім ішінде санақтан онлайн-режимде өтпеген респонденттер арасында жүргізілетін болады. Дәстүрлі кезеңнің жаңашылдығы - интервьюерлердің үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдалануы болмақ. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ін енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ, интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Санақ кезінде мәліметтер жинау үшін сәйкестендіргіш ақпарат ретінде сауалнамаға қатысушының ЖСН-і қолданылады. Бұл ақпараттың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.

Кімдер қатыса алады? 

Санаққа негізінен Қазақстан азаматтары, елде тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, 12 ай және одан да көп мерзімге шетелде Қазақстанның мемлекеттік билік органдарында (дипломатиялық корпус) қызметтік міндеттерін орындауға байланысты немесе ұзақ кәсіпті жүзеге асыратын, сапар немесе оқудағы («Болашақ» бағдарламасы бойынша студенттерді қосқанда) Қазақстан азаматтары (олармен бірге жүрген олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда), тұрақты тұрғылықты жері басқа елде болған, бірақ халықты тіркеу кезінде уақытша (12 айдан аз) Қазақстан аумағында болған Қазақстан азаматтары қатыса алады.

Ал шетелде тұрақты тұратын Қазақстан азаматтары, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы мен алмасу бағдарламалары бойынша оқитын студенттерді (магистранттарды) қоспағанда, шетелге 12 айдан немесе одан да көп мерзімге жұмыс істеуге немесе оқуға кеткен (12 айдан аспайтын ұзақтығына қарамастан) Қазақстан азаматтары санаққа қатыса алмайды.

Қайда хабарласуға болады?

2021 жылдың Ұлттық санағы кезінде «1446» бірыңғай call-орталығы жұмыс жасайды. «1446» нөмірі елдің барлық аумағындағы мобильді және стационар телефондар үшін бірыңғай нөмір болады. Сондай-ақ, 8 8000 800 878 нөмірі жұмыс жасайды. Сall-орталыққа қоңырау шалу тегін.

Респондент call-орталыққа 1446 нөмірі бойынша қоңырау шалған кезде кейбір айқын сұрақтар бойынша Бюроның аймақтардағы және Орталық аппараттағы сәйкесті телефон нөмірлеріне автоматты түрде қосулар жүргізіледі.

Сонымен қатар, респонденттер кез-келген арыз-сауалмен немесе кеңес алу үшін Бюроның stat.gov.kz интернет-ресурсына, Бюро басшысының блогына, сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы (YouTube, Facebook, Instagram, Telegram) жүгіне алады.

Санақ кезінде не туралы сұрайды?

2021 жылдың Ұлттық санағын жүргізу кезінде Қазақстан азаматтарына барлығы 87 сұрақ қойылады. Санақ парақтарындағы сұрақтар тізбесі айтарлықтай ұлғайтылған. Мұнда барлығы 67 сұрақ және оған қосымша 20 нақтылаушы сұрақтар кірістірілген. Сұрақтардың аясын кеңейтуге Еуропалық санақшылардың 2020 жылғы тұрғын үй қорын және тұрғындар санағын жүргізу жөніндегі ұсыныстары мен ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитеттің әдістемелік материалдары негіз болды.

Сауалнама 73 сұрақ аясында жүргізілген 2009 жылдың ұлттық санағынан ерекшелігі, 2021 жылдың санағында көші-қон, еңбекпен қамту, неке жағдайы, бала туу және тіл білуі бойынша сұрақтар аясы кеңейтілген. Сондай-ақ, БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы жөніндегі жаңа сұрақтар қосылған, мұнда мүгедектік критерийлерін ескеріп, денсаулық сақтау статистикасы аясында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ету көзделген.

2021 жылғы Ұлттық санақты жүргізу жұмысына 32 мыңнан астам адам тартылатын болады. Интервьюер қызметіне бастамашыл, жауапты, коммуникабельді, компьютерде жұмыс жасай алатын 18 жастан асқан Қазақстан азаматтары үміткер бола алады.

Интервьюердің міндетіне еліміздің қалалары мен ауылдарындағы үйлерді жаппай аралау кіреді. Үйлерді аралау кезеңінде интервьюрерге арнайы куәліктер мен Ұлттық санақтың атрибуттары берілетін болады.

«Куәлікте интервьюердің фотосуреті, тегі, аты, әкесінің аты, куәліктің берілген уақыты мен жарамдылық мерзімі, сондай-ақ, аумақтық статистика бөлімшесінің қолы мен мөрі болады. Барлық интервьюерлерде халық санағының белгілері бар көк түсті мойынорағыш пен портфель болуы тиіс», — дейді Ұлттық статистика бюросының ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы.

Қазіргі уақытта 17 аймақтан жалпы саны 85 адамнан тұратын ұлттық санақты дайындау және өткізу жөніндегі штаттан тыс бөлімдер құрылған. Барлық қызметкерлермен еңбек келісім шарты жасалды, дәрежелеріне байланысты 65-105 мың теңге аралығында айлық еңбекақы белгіленді. Бұл бөлімдер өз аймақтары бойынша санаққа дайындық және өткізу бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде, уәкілдердің, нұсқаушы-бақылаушылардың және интервьюерлердің жұмыстарын бақылауда.

Санақты дайындау және өткізу үшін аудандық орталықтардағы және ауылдық округтердегі статистиканың аумақтық бөлімшелерінде ұлттық санақты дайындау және өткізу бойынша 997 нұсқаушы (уәкілдер) жұмысқа тартылады. Уәкілдердің еңбекақысы 85 477 теңгені құрайды, сондай-ақ, айлықтың 10% мөлшерінде жалақыға үстеме қарастырылған.

Нұсқаушылардың міндетіне дайындық іс-шараларын өткізу кіреді: санақтың жүргізілуін БАҚ-та жариялауды ұйымдастыру; санақ қызметкерлерін таңдау, оларды оқыту және үйлестіру бойынша ұйымдастыру жұмыстары; санақтық аудандастыруды (тіркеу, нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу) құруды қамтамасыз ету; тұрғындар санағын өткізуге қатысу.

Мәліметтер жинау бойынша тікелей жұмыс үшін уақытша 32 313 санақ қызметкерлері: нұсқаушы-бақылаушылар және интервьюерлер тартылатын болады. Интервьюерлермен және нұсқаушы-бақылаушылармен ақылы қызмет көрсету бойынша келісім-шарттар жасалады. Интервьюерлердің 1-ші және 2-ші кезеңнің жұмысына ақы төлеу толық көлемде қызмет көрсетілген жағдайда 30 күнге 83-104 мың теңгені құрайды. 1-ші және 2-ші кезеңнің нұсқаушы-бақылаушыларына толық көлемде көрсетілген қызмет үшін 45 күнге 125 014 теңге төлеу жоспарлануда.

Айта кету керек, 2018-2023 жылдарға арналған Ұлттық халық санақты қаржыландыруға 9,1 млрд теңге қарастырылған. Оның бүгінге дейін 3 397,6 млн теңгесі игерілген.

 

«Адырнаның» анықтамасы

Ұлттық санақ кезінде планшеттер сатып алуға 1 миллиард теңге (27 412 дана), санақ логотипі бар шарфтар мен портфолиоға — 56 миллион теңге (әрқайсысы 30 255 дана), бағдарламалық жасақтама, сервер және байланыс жабдықтарын әзірлеуге — 932 миллион теңге, көлік құралдарына — 475 миллион теңге (139 бірлік), компьютерлер мен кеңсе жабдықтарына — 213,2 млн.теңге, санақ құралдарының көшірмесіне — 52,3 млн.теңге, жиһаз және кеңсе тауарларына— 100,6 млн.теңге, штаттан тыс қызметкерлердің жалақы қоры, интервьюерлердің қызметтері үшін төлемдерге — 444,2 млн.теңге, іссапар шығындарына — 20 млн.теңге, жанар-жағармайға 16,9 млн.теңге бөлінген.

Ал 5,2 млрд.теңгеге бюджеттік өтінім, оның ішінде штаттан тыс қызметкерлерге жалақы қоры, санақ персоналының қызметіне ақы төлеуге — 4,3 млрд.теңге, іссапар шығындарына — 338,3 млн.теңге, байланыс және интернет қызметтеріне — 237,9 млн-245 млн.теңге, деректерді өңдеу шығындарына— 102 млн.теңге, басқа шығындарға 47,6 млн.теңге қарастырылған.

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер