Сарапшылар ресейлік мемлекеттік БАҚ пен басқа да үгіт-насихат таратушылардың танымалдығы төмендеп бара жатқанын және оның себептерін айтты.
2024 жылы миллиондаған ресейлік оқырман мен көрермен Кремльді қолдайтын БАҚ-тан бас тартты. Кейбір басылымдар аудиториясының үштен біріне дейін жоғалтқан. Ал Бірінші арна өз тарихында алғаш рет телерейтингте бесінші орынға түсіп қалды. Мұндай жағдайлар мемлекеттік медиаға бөлінетін қаражат көлемінің артқанына қарамастан орын алып отыр. Бұл туралы LiveInternet зерттеулерінің статистикасын зерделеген «Можем объяснить» жобасы хабарлады.
Ең көп «зардап шеккендер» қатарында президент Владимир Путиннің сүйікті газеті саналатын «Комсомольская правда» (КП) таблоиды да бар. Бір жыл ішінде КП сайтының тәуліктік орташа көрушілер саны 6,5 миллионнан 4,3 миллионға дейін төмендеген.
«Московский комсомолецтің» жағдайы да мәз емес. Ол оқырмандарының 22%-ын жоғалтқан. Ал Газета.ру оқырмандары 14%-ға азайған. «РИА Новости» мен «Лента.ру» танымалдылығы да тиісінше 12% және 11%-ға төмендеген.
Федералды телеарналардың рейтингі де едәуір құлдыраған. Mediascope деректерінше, өткен жылы әрдайым Ресей телеарналарының көшбасшысы болған Бірінші арна алғаш рет желтоқсан айында тәуліктік орташа аудитория бойынша 5 орынға түскен. Жалпы, Ресейдің Украинаға кең ауқымды басқыншылығы басталғаннан бері арна көрермендерінің шамамен төрттен бірін жоғалтқан.
Бюджетке сәйкес, 2025 жылы үгіт-насихат салық төлеушілерге айына орта есеппен 11,4 миллиард рубльге немесе аптасына 2,6 миллиард рубльге түседі. Негізгі қаражатты алушылар бұрынғыдай мемлекеттік телеарналар болып қала береді.
Сарапшылардың пікірінше, Кремльді қолдайтын медиа құралдарының танымалдылығының төмендеуі тұрақты үрдіске айналған. Бұл туралы Ресей журналистер одағының бұрынғы бас хатшысы, әлеуметтанушы және публицист Игорь Яковенко мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл құбылысты әртүрлі параметрлер бойынша жүргізілген зерттеулер растайды.
«Атап айтқанда, ресейлік үгіт-насихат телеарналарының аудиториясы мен қаралым санының азайғаны тіркелді. Осыған байланысты қазір басты орынға РЕН ТВ, ТНТ сияқты ойын-сауық арналары шыға бастады. Ал «жеккөрінішті арналардың» рейтингі тұрақты түрде төмендеуде. Жекелеген бағдарламалар туралы айтсақ, Владимир Соловьев пен Ольга Скабееваның негізгі саяси ток-шоулары («Россия-1» телеарнасында көрсетіледі) 2023 жылы ТОП-50 тізімінен түсіп қалды. Ал өткен жылы олардың рейтингі одан әрі құлдырай түсті»,- деп нақтылады Игорь Яковенко «Америка дауысына» берген сұхбатында.
Бұл, сөзсіз, үгіт-насихат үшін үлкен соққы деп есептейді Игорь Яковенко.
«Соловьев, Скабеева және басқа да насихатшылардың жанкүйерлер клубы айтарлықтай қысқарды. Әрине, бұл Путинді қолдау деңгейі төмендеді дегенді білдірмейді. Ол енжарлардың салдарынан әлі де сақталып отыр. Бірақ «шектен шыққан өшпенділікті» қолдайтындардың саны азайып бара жатқаны анық. Белгілі бір деңгейде аудиторияның шаршағаны да байқалады. Өйткені үш жылға жуық уақыт бойы насихат риторикасы өзгермеген. Кез келген сәтте ресейлік теледидарды қосып қалсаңыз, бірдей штампталған сөздерді естисіз», - дейді ол.
Журналисттің пікірінше, жағдайды ақша арқылы шешу мүмкін емес.
«Кремлшіл БАҚ-тың танымалдылығын ақша құю арқылы қайта көтеруге болады деген үміт негізсіз. Адамдар шаршады және көңіл көтеру бағдарламаларына ауысып жатыр. Дегенмен, бұл насихат әлсіреді дегенді білдірмейді. Ол әлі де жұмыс істеп жатыр және айтарлықтай тиімді. Бірақ ол көбіне басқа платформаларға – Telegram арналары мен әлеуметтік желілерге көшті. Мұның барлығы, әрине, қомақты түрде қаржыландырылуда. Ал негізгі форматтарға келсек, «жеккөрінішті арналар» сирек кездесетін жәдігер ретінде сақталып отыр», – деп қорытындылады Игорь Яковенко.
2025 жылға арналған Ресей бюджетінде мемлекеттік телеарналарды, БАҚ-ты және интернет-жобаларды қаржыландыруға 137,2 миллиард рубль қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,9 миллиард рубльге көп.
Newtimes.ru және «Новая газета» шолушысы Андрей Колесников Ресейдегі мемлекеттік БАҚ-тың ықпалы азайды деген қорытынды жасауға асықпау керек екенін ескертті.
Оның пікірінше, мұнда екі негізгі фактор бар.
«Біріншісі дәстүрлі медиаға (теледидар, газеттер) деген қызығушылықтың төмендеуі, олардың аудиториясының азаюы. Екінші фактор – жастар саяси және әскери мазмұндағы контенттен шаршаған. Дегенмен, мемлекеттік БАҚ әлі де болса ел тұрғындарының негізгі ойлау бағытын анықтап, талғамы мен түсінігін бұзуда», - дейді Андрей Колесников.
«Кремль дискурсының әлеуметтік желілерге және жалпы медиа деп атауға болатын барлық платформаларға белсенді түрде еніп жатқанын түсіну қажет. Мысалы, Telegram-дағы Z-арналар соғысқа және путинге қарсы ресурстармен сәтті бәсекелесуде. Ал YouTube-тің бұғатталуы балама арналар мен стримдердің көрілімін айтарлықтай төмендетті. «Комсомольская правданы» мемлекеттің қаржыландыруы – бұл таблоидтің бұрыннан-ақ Путинді қолдайтын және әскери көзқарастарды белсенді таратумен айналысқанын көрсетеді. Яғни, іс жүзінде ол мемлекеттік БАҚ (меніңше, оларда көптеген жеңілдіктер бар). Сондықтан «құпияны» «айқын» ету қисынды» - деді Андрей Колесников.
Балама ақпарат алуды қаламайтындар оны алмайды, деп түсіндіреді журналист.
«Мұнда адамдарға соғысты қолдауға мүмкіндік беретін белгілі бір қорғаныс механизмдері іске қосылады. Егер мемлекет солай дұрыс деп тапса, демек, мен де қолдаймын, себебі мемлекет жақсырақ біледі деген ой қалыптасады. Көп адам пропаганданы шындықтан ажырата алмайды және шын мәнінде, мұны жасауға тырыспайды да. Меніңше, тағы бір маңызды фактор бар: бұл – жеке өмірге шоғырлану (соғыстан "шаршау" сезімінің бір көрінісі). Адамдар соғыстан барынша алшақ болуға тырысып, жеке өміріне көңіл бөледі», - деп қорытындылады Андрей Колесников.