Келін шайы – ұлттық дәстүр белгісі

4983
Adyrna.kz Telegram

Келін шайы – беташар айтылып болған соң сол үйге жасы үлкендер, көрші-қолаңдар жас келін­нің қолынан «шай ішу» рәсімін өткізеді. Келгендерге келін қолынан әзірленген дастарқан жайылып, келін шай құяды. Бұл кезде жас келінге өзіне тетелес сол үйдегі не жақын абысыны көмекке келеді. Абысын-ажын арасындағы болашақ татулық осы арадан басталады. Дас­тарқан үстінде келіннің жүріс-тұрысына, мінез-құл­қына назар аударылып, жас келін алғашқы сыннан өтеді. Соңынан жасы үлкен, халыққа қадірлі қария келінге бата берген.
«Келін шайы» рәсімінің мәнісі жаңа түскен келінге шай құйдырту арқылы оның үй шаруасына икемдігін сынау және келінді жаңа туыстармен таныстыру. Келген қонақтарға келін жылы қабақпен, жылы жүзбен, инабатты пейілмен шай ұсынады. Әрине, шай демдеудің, оны кеселерге құюдың жөн-жобасын келін білмеген жағдайда абысындар көмектеседі. Бұл бір жағынан әлі ешкімді танымайтын келіннің абысын-ажынмен тезірек танысып, алыс-беріс жасап кетуіне жақсы. Сонымен қатар бұл дәстүр келін мен абысындар арасын бірден жақындастырады. Келгендер қолтығына бір-бір көйлектен, шай-қанттарынан, орамалдарынан қыстыра келеді. Тіпті кейбір жақын әрі кербез абысындар жүзік, сырға да салып кетеді. Адамдар арасындағы бауырмалдықты тез қалыптастыратын мұндай отырыс дін шарттарынан шықпағанын есте ұстағанымыз абзал. Қа­зақ әйелдерінің ырысты ынтымағынан хабар беретін «ке­лін шайда» жақсы, ұлағатты әңгімелер айтылғаны дұрыс.
Келін туралы Зейнеп Ахметова апамыз бір жазбасында: «Келін тек қана күйеуге ие болмайды. Ол қайын ата, қайын ене, қайны, қайынсіңлі, қайнаға мен абысын, тағы да басқа толып жатқан туыстарына, бүкіл әулетіне ие болуға барады. Ал «бір-бірін жақсы көрсе болды» деген жай сөз. Одан бір шикілік шықпай қоймайды. «Қайтып келген қыз жаман» демекші, қайтып келген қыз ата-анасының бетіне де, ауыл-аймағына да көлеңке. Мысалы, «Қызға қырық үйден тыю, қала берді қара күңнен тыю» деген бар. Бұл қырық үйден үлгі-өнеге көру, қала берсе қара күңнен де бір жақсылықты үйрену деген сөз» деген болатын.
Ибалы, инабатты келіннің иіліп шай құюының өзіндік мәнісі бар. Бір шаңыраққа келін болып түскеннен кейін, сол әулеттің туған-туыстарына келін шай берудің тәрбиелік мәні осында болса керек. Аталмыш салттың мәні – келіндер мен абысындардың татулығы, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуді мақсат ету


                                                                                                   Мағрипа САНДУҒАШ

                                                                                                        Алматы облысы

 

 

Пікірлер