Көне дәстүр сабақтастығының белгісі саналатын, ұлттық мәдениеттің қайта түлеген ерекше күні - Наурыз мерекесі. Өзге елдегі қандастарымыз мерекені қалай тойлайды? “Адырна” ұлттық порталы шетелдегі қазақтардан сұрап білді.
Бірнеше жыл бұрын Алматыға көшіп келген Ернұр Манапханұлы Қытайдағы қазақтар мерекені ерекше атап өтетінін айтады.
“Қытай қазақтары мен Қазақстанның Наурыз мерекесінде өзгешеліктер бар. Әсіресе, Наурыз көжені жасау уақыты ұқсамайды екен. Ол жақта Күніше жыл санау есебі бойынша, екінші айдың 21-ші күніне тура келеді. Бірінші айдың тоғызынан бастап, әр тақ күні көже жасалады. Яғни жыл санаудың алғашқы айының тоғызыншы, он бірінші, он үшінші күні деп жалғастырып, барлық тақ күндері көже пісіреді», - дейді ол.
Ернұр Манапханұлы көженің жасалу барысына тоқталған.
«Ауыл-ауыл бойынша, болмаса бірнеше отбасы немесе бірнеше көрші бірігіп көже жасайды. Бір күннің өзінде 5-6 отбасы, кейде 10 шақты отбасы бірігіп көже дайындап жатады. Сол көже піскен уақыттан бастап, әрбір отбасы өздерінің туғаны, дос-жараны, таныстарын шақырады. Сөйтіп, үй-үйді аралап, көже ішіп, мерекені тойлайды», - дейді Ернұр Манапханұлы.
«КӘРІ ЖІЛІК - НАУРЫЗ КӨЖЕНІҢ БАСТЫ СҮЙЕГІ»
Ернұр Манапханұлы Қытай қазақтары орасында жасалатын Наурыз көженің құрамын да айта кетті.
“Қытай қазақтары Наурыз көже жасаған кезде 7 түрлі дәмді салады. 7 түрлі дәмге: тұз, су, бидай, ет, қамыр және осы сияқты дәмге толтырады. Жетіден артық болса ештеңе етпейді. Одан бөлек, Наурыз көжеге сақталатын басты сүйек сол жылы сойған соғымның кәрі жілігі болады. Кәрі жілікті бөлмей, бітеу күйінде өзінің етімен қосып сақтап қояды. Сондай-ақ, соғымнан қазы-қарта, жал-жая қосады. Бірақ кәрі жілік сол күнгі табақтың басты сүйегі болып есептеледі. Көже жасаған отбасы кәрі жілікті үлкен табаққа салып, дастархан ортасына қойып қояды. Келген-кеткен адамдар тамақ жеп, көжесін ішіп, ет жеп, сол кәрі жіліктен бір-бір жапырақ ет кесіп, ауыз тиеді”, - дейді Ернұр Манапханұлы.
ТӘҢІРШІЛДІК ҚАЛДЫҒЫ МА?
Түркияда тұратын қазақ Әлихан Жаналтай Наурыз мерекесін тойлау дағдыға айналмағанын айтты.
“Кезiнде Түркиядa Нaурыз мейрaмы құттықтaлынбaғaндықтaн, сондaғы сондaй-aқ Еуропaдaғы қaзaқтaр aрaсындa ұмытылды. Тек Қaзaқстaнның тәуелсiздiгiнен кейiн ғaнa бiлiне бaстaлды. Бiрaқ өкінішке қарай, мерекелеп тойлaу тым дaғдығa aйнaлғaн жоқ», - дейді Түркияда тұратын Әлихан Жаналтай.
Сондай-ақ, Анкарада оқып жатқан магистрант, қазақ қызы Арай Еділбай да Түркияда Наурыз мерекесі сезілмейтінін айтады.
“Түріктер Рамазан айына көп мән беретін болғандықтан, Наурыз мерекесін “тенгризмнен қалған” деп есептейтіндей. Дегенмен, Наурыз мерекесіне арналған шағын бір концерт болып тұрады. Біз осындағы қазақтар болып, өзіміздің ұлттық киімді киіп, Наурызды сезінуге тырысамыз”, - дейді Арай Еділбай.
«ТӘЛІПТЕР КЕЛГЕЛІ НАУРЫЗДЫ ҰМЫТТЫҚ»
Ал Ауғанстанда тұратын қазақ Халмұхаммед Махмұди Наурыз мерекесін тойлау сағынышқа айналғанын айтады.
“Билікке тәліптер келгелі, қазақтар Наурыз мерекесін тойлауды қойды. Бұрын өз арамызда шағын болса да атап өтетін едік, қазір мүлде тойламаймыз. Қазақстанда бұл мерекені ерекше тойлайды. Біз тарихи Отанымызды мерекемен шын жүректен құттықтаймыз”, - дейді Халмұхаммед.
Ауғанстанда 2021 жылы тәліптер билікке қайта оралып, уақытша үкімет құрған. Ислам діні қағидаларына жүгінетін бұл құрылым «Ауғанстан ислам әмірліктері өтпелі үкіметі» деп аталады. Бұл билік иелері халықтардың мәдениеті, әйел құқығы мәселелеріне шекесінен қарап келеді.
КӨРІСУ МАҢЫЗДЫРАҚ
Иранда туып, өсіп, атамекенге оралғанына 30 жылдан асқан Жүсіп Бөкенұлы өзінің Наурыз мерекесін тек Қазақстанға келіп тойлай бастағанын айтады.
“Иран қазақтары Наурызды қарсы алмайды. Тек 14 наурыз күні көріседі. Ағайын-туыс, бауырларға, құда-жекжаттарға барып, амандасып, жолығып жатамыз. Бірақ Қазақстанға келіп, көзіміз ашылды. Мында Наурыз мерекесі ерекше тойланады», - дейді ол.
Жүсіп Бөкенұлы Иранда Наурыздың өзіндік ерекшеліктері бар екенін және мемлекет 13 күн демалыс беретінін айтады.
«Сол демалысты пайдалануға тырысып, парсылардың үйіне баратын едік. Бірақ, ол жақта көбіне кіші және үлкен айтты (Ораза айт пен Құрбан айт) ерекше тойлайды. Үй-үйді аралап, құттықтап жатады”, - дейді Жүсіп Бөкенұлы.