Сөз қозғалғалы тұрған мекен «Қазтелерадио» АҚ филиалының үлкен қуатты №7 «Толқын» радио орталығы жанында орналасқан, тарихы кеңестік қазынаға толы Алматы маңындағы шағын ауыл – Толқын. Бұрын радио орталық қызметкерлерінің отбасылары тұрған аттас ауыл, тәуелсіздік алғалы өркендеуі мен өрлеуін тоқтатқандай. Бұл туралы «Адырна» тілшісі зерттеп білді.
Толқын ауылы, А.С.Попов ескерткіші
Толқын (Волна) №7 радио орталығы 1969 жылы өз жұмысын бастады. Кеңес өкіметінің қолдауымен ашылған бұл орталық радио толқындарды қабылдап шет мемлекеттерге тарату бойынша жұмыс істеді. Ал қазіргі таңда Алматы облысы бойынша ең көп халық қоныстанған Еңбекшіқазақ ауданы халқына цифрлы телекөрсетілім негізінде 15 арнаға жауапты. Сонымен қатар, аудан халқына «Шалқар» және «Қазақ» радиосы ақпараттарын таратады.
Бұл орталық 1997 жылы теледидар спутниктік хабар таратуға көшкеннен кейін, сондай-ақ радио орталық жабдықтарының, негізінен шамдардың ескіруіне байланысты тоқтатылды. Бүгінде тек қосалқы станция мен радиорелейкалар жұмыс істеп тұр. 2009 жылға дейін бақылау-өткізу бекетінде жақсы қауіпсіздік қызметі болды. Онда тек инспекторлар мен радио орталықтың бұрынғы қызметкерлеріне ғана кіруге рұқсат берілетін. Қазір орталыққа кіріп, аралап, кеңестік ностальгияға толы көненің көзі болған ескі құрылғылар мен суреттерге куә болуға болады.
Нысанды аралап көрген жөн - радио-мачталар мен әртүрлі пішіндер мен биіктіктердегі таратқыш сымдары бар үлкен антенна өрістерінен басқа, қосалқы станциясы бар үш техникалық ғимарат (ТЗ), жабдықталған мұнаралар, кеңселер мен зертханаларды көре алады. Әр техникалық ғимараттың жанында жабдықты салқындататын су бассейндері бар. Одан өзге көптеген қосалқы ғимараттарды, әр ғимараттың жанындағы бақылау бекеттерін байқауға болады. Өкініштісі барлығы қаңырап бос қалған.
Ғимараттардың ішінде көптеген пайдалы және бағалы құрылғылар бар. Оларға арналған қосалқы бөлшектердің түр-түрі бар бірақ, егер сіз радиотехник болмасаңыз, онда сізге олардың еш пайдасы жоқ. Әрбір есікте құлыптар мен пломбалардың болуына қарамастан, ішінде бірнеше араланған заттар, кабельдері кесілген, электр қозғалтқыштарын шығару үшін пакеттерге бүктелген, басқару панельдерінің бөлшектелгенін байқауға болады. Әрине, мұндай құнды жәдігерлерге кім қызықпасын.
№7 радио орталықтың сыртқы көрінісі
Кіреберіс жанында арнайы үйінділерге салынған конденсаторлар шоғыры орналасқан. Қысқасын айтқанда, орталық жиі тоналады және бірнеше жылдан кейін ол бетон жәшіктеріне айналып кетуі де мүмкін. Ескі ғасырдың ностальгиясын сезініп, кеңес дәуіріне сапар шеккіңіз келсе, бұл орталық сол заманның құнды жәдігерлеріне толы таптырмас орын. Алайда, қазірдің өзінде, кей кеңестік құрылғылар музейлерге әкетіліп, көрмелерге ұсынылса, қалғаны металлонға өткізілді.
Радиоорталықтың дүркіреп тұрған кезеңінде Толқын ауылы да мемлекет бойынша гүлдеп тұрған мекен болатын. 80-жылдары танымал жұлдыздар келіп өнер көрсететін мәдениет үйі; ауыл балаларына арналған ойын алаңы; бассейн; екі тілді мектеп; балабақша; дәрігерлік амбулатория; тұрғындарға арналған үлкен асхана; лабаратория; электроцех; орталық склад; жұмысқа, демалыс орындарына, қалаға қатынайтын арнайы 4 автобусы болатын. Ал қазір ғимараттар ескіріп, кейбірінің орнына ауыл дүкендері салынып, кейбірі тіпті қирап бос қалған. Кезінде 1978 жылы Қарағанды металлургиялық зауытының партком хатшысы болған Н.Ә.Назарбаев лентасын қиған «Достық» мәдениет үйінің де қаңқасынан өзге түгі қалмаған.
1978 жыл. Суретте радио орталық жетекшілері және Н.Ә.Назарбаев
Толқын ауылы өзге ұлт өкілдеріне құшағын кең ашқан көпұлтты ауыл болатын. Өзге мемлекеттерден белгілі оқу орындарын тәмамдаған жоғары лауазымды қызметкерлер жайлы да, жайдары Толқын ауылына қоныстануды жөн көрген. Неміс, орыс, ұйғыр, татар, қазақ ұлт өкілдері мекендеген ауылдан кейіннен көпшілігі көше бастады. Тұрғындарынан айырылған ауыл жойылуға шақ қалған шағында, Қытайдан келген қандастарымыз көшіп келе бастады. Өкініштісі, жоғарыда аталған жайнаған ауылдың орнына, мал-мүлік қамына салынған қора-жайлар тұрғызылды.
Оймақтай ой
«Иә, расында да ауылымыз кезінде ауыл емес, тіпті кішігірім қала болатын. Мен осы ауылда тұрып жатқаныма 35 жылдан асты. Осында жұмыс істеп, гүлдей жайнап тұрған шағында бар қызығын өз көзімізбен көрдік. Жылғалардан су ағып, көшелерінде жарық жанып тұратын. Балаларымыз ауыл бассейніне түсіп мәз болатын. Көшелерді арнайы машиналар сумен жуып шайып, газондар алқабы өсіп, гүлдер жайқалып тұратын. Орталықтандырылған газ-құбыры, жылу болатын. Бүгінгідей көмір тасып, от жақпайтынбыз. Радиоорталық қызметкерлері ұжымы, мектеп ұжымы және балабақша ұжымдары бақ сынасып әр мейрам сайын волейбол, футбол, баскетбол ойнайтын. Совет үкіметі кезінде Толқын секілді жайнап тұрған ауылдар көп болған. Қазір олардың көпшілігі Толқынның жай-күйін кешіп отырғаны анық. Біздің жастық-шағымыз осындай керемет ауылда өтті. Ендігі менің арманым, біздің балаларымыз, немерелеріміз сабылып жұмыс іздеп қалаға кеткенше, өз ауылдарында жұмыс істеп, өз ауылын көркейтіп, бақытты да, баянды ғұмыр кешсе деймін» дейді ауыл тұрғыны Нағима Әбікенқызы.
Толқын ауылы, «Толқын орта мектебінің» ардагер ұстазы, тарихшы-әдебиетші Бурахан Оңласын апамыз ауыл туралы өз пікірін «бұл да тарихқа айналады» деп бастады.
«Радио орталық та, ауылдың кезіндегі жай-күйі де тарихқа айналады. Неге десең, өткен ғасырдағы, Совет үкіметі тұсындағы Толқын мен қазіргі Толқынның айырмашылығы жер мен көктей. «Аспаннан ақша жауды» деп қуанатын жұрт. Онысы несі десек, расында да сол заман аспаннан ақша нұрдай құйылған, жұмыссыздық деген атымен жоқ заман болатын. Бәріне жұмыс табылатын. Осында кезінде тұрғандардың көбі Ресейге, Мәскеуге, Ленинградқа көшіп кетті. Ненің арқасы? Ақшаның арқасы. Біз пенсия алуға үлкен сөмке апаратынбыз, тіпті ақшамыз сөмкеге сыймай қалатын. Молшылық заман еді ғой. Кредит, қарыз дегенді білмейтінбіз. Ауыл тап-таза, таза ауа болатын. Ал қазір, шындығын айтқанда терезені аша қалсақ мына жақтан қораның, мына жақтан фикальныйдың (ауыл сыртындағы болота суы – авт.т.) иісі келеді. Оны жою үшін ауылды көгалдандыру керек. Әр отбасы өз үйінің айналасына жеміс ағашын, гүлдер егуі керек. Бұл іске жастар инициатива танытуы қажет!
Менің құр ауызым сайрап тұрғаныммен қолымнан түк келмейді. Асарымызды асап, жасарымызды жасап та болдық. Ендігі еліміздің ертеңі, ауылымыздың бүгінгі хал-ахуалына тікелей байланысты. Ал ауылдың көркеюі, жастардың қолында. Мәселен мына клуб кезінде қандай еді. Біз барып кино көретінбіз, мына жағы асхана, мына жағы кітапхана болатын. Қазір бос тұр. Осындай көптеген кеңестік заманнан қалған корпустар тұр. Соларды жаңа кәсіпке айналдыру қажет. Түптің түбіне келгенде, мен тағы да айтамын, бәрі жастардың қолында!» деп аяқтады сөзін Оңласын апа.
Сірә оқып отырып, «ертегі» дерсіз. Алайда, кезінде масатыдай құлпырып, жастары мамыражай тірлік кешкен, қала кейпін киіп, гүлдей жайнап, жаздай жарқыраған Толқын ауылының бүгінгі жай-күйі – осы.
Дина ЛИТПИН,
«Адырна» ұлттық порталы