Орталық Азиядағы қауіпсіздік және лаңкестік: бізді не күтіп тұр? (Баткен мысалында)

346

 Қауіпсіздік мәселесі жыл өткен сайын өзекті болып келеді. Әсіресе Орталық Азия мемлекеттері үшін бұл мәселе күн тәртібінен түспейтін күйге жетті Оған геосаяси шындықтың өзгеруі мен екінші жаһан соғысынан кейінгі тәртіптің бұзылуы әсер етіп отыр. Әлемде тек қана бір гегемон мемлекет емес, аймақтың және континенттік державалардың пайда болуы, олардың түрлі аймақ үшін күрестер жүргізуі де бізді ойландырады. Соңғы жиырма жылдықта экономикалық және әскери күшін мығымдағын Қытай енді халықаралық мәселелерге қатысуды ойлайды. Жаппай несие беру, инвестиция құю саясатын жүргізіп келеді. Сарапшылар «Айдаһар оянды» деген желеуді алға тартуда. 90-жылдардағы ауыр экономикалық дағдарыстан кейін Ресей де енді есін жия бастады. Әрине Мәскеудің экономикалық, саяси ықпал ету аясы да, мүмкіндігі де аз, алайда ол посткеңестік елдерді өз бақылауында ұстауды ойлайды. Мұхиттың арғы шетіндегі АҚШ та жай қарап жатқан жоқ. Соңғы уақытта Орталық Азияны өз назарынан тыс қалдырған Трамп әкімшілігі кетіп, орнына «Америка оралды» ұранын ту ететін Байден билік тізгінін қолға алды. Ол Орталық Азия мемлекеттерімен диалог жүргізу алаңына арналған С5+1 форматын жандандыруды қалайды. Әрине, бұның барлығы да Орталық Азия мемлекеттерінің билігін терең ойға жетелеуде. «Алпауыттар арасындағы арпалыста ах ұрып, аттан ауып қалмаймыз ба» деген қауіп Нұр-Сұлтанда да, Ташкентте де, Ашхабад пен Бішкекте де, Душанбеде де бар.

Орталық Азиядағы түрлі саяси процесстер артуда. Ол тек қана державалар арасындағы ойындармен емес, сондай-ақ түрлі заңсыз күштердің іс-әрекетінен айқын көрінуде. Әсіресе есірткі тасымалдау және халықаралық лаңкестік ұйымдарының әрекеттерінің де артқанын көріп отырмыз. Себебі Орталық Азия үлкен әлемдік транзит жолы. Бұл дегеніміз барлық саяси және экономикалық өзгерістер дәл осы аймақ арқылы өтеді дегенді білдіреді. Аймақ бірден төрт әлемдік өркениеттің шекарасында тұр. Батысында Еуропалық өркениет, Шығысында Циндік өркениет, оңтүстігінде ислам әлемі, ал солтүстігінде православтық өркениет жатыр. Аталмыш өркениеттер бір-бірімен бәсекелес және қарсылас болып табылғандықтан, барлық күрес олардың мүддесі шектесетін Орталық Азияда жүруде. Күрестің ішінде көрінбейтін террорлық топтар мен түрлі қылмыстық қауымдастықтар да жетерлік.

Орталық Азиядағы күрделі мәселелердің бірі терроризм болып отыр. Таяу Шығыс сияқты күнде жарылыс, сағат сайын атыс болмаса да, аймақты лаңкестік топтардың алаңына айналдырып, сол арқылы бәсекелесуді қалайтын сыртқы күштердің саны артуда. 2011 жылы Таяу Шығыста бұрқ ете қалған «Араб көктемі», талай елдің тас-талқанын шығарды. Режимдер ауысып, халық босып, қалалар қирады. Бізден мыңдаған шақырым алыс жатқан, тілі мен тарихы бөлек, халқының шыққан тегі өзге аймақтағы қақтығысқа мыңдаған Орталық Азия азаматтары қару асынып, аттанды. Бұл біз «терроризмнен ада елміз» деген пікірдің жаңсақ екенін дәлелдеді. Жалпы жиынтығы Орталық Азиядан 7 мыңнан астам азамат Сирия мен Иракқа аттанып, олардың тең жартысы оққа ұшты. 7 мың өте үлкен көрсеткіш. Орталық Азия халқының лаңкестікке қарсы иммунитеті төмен, ал әлеуметтік жағдайы нашар екені осыдан байқалды. Тарихтың тереңінен сыр тартсақ.

Орталық Азия елдеріндегі лаңкестік ошақтары алғаш болып Тәжікстанда қалыптаса бастады. 1992-1997 жылдары Тәжікстандағы діни текетірес пен мемлекеттік саясатқа қарсылық салдарынан орын алған азаматтық соғыс, біздің аймағымыздағы ең ірі тұрақсыздық ошағын тудырды. Оған бірнеше фактор тікелей ісер етті. КСРО билігі жылдар бойы кез келген діни көріністерге тыйым салып, «Құдайсыз қоғам» принципімен өмір сүруді ойлады. Бұл мақсатты әрекет болатын. Мәскеу «халық тек Кремльге сенуі тиіс, оның қолдаушысы да, қорғаушысы да, тіпті жазалаушысы да осы Кремль, басқа ешкім емес» деген жазылмаған заңдылықты орнықтырды. Анығы орнықтырғысы келді. Сол саясатын іске асыру мақсатында «қызыл террор» жылдары зиялы қауыммен бірге дін өкілдері де қудаланып, атылып, діни ошақтар, мешіттер мен шіркеулер қамбаларға, қоймаларға және ат қораларға айналдырылды. Әрине материалдық тұрғыдан ғимараттарды жоюға болады, тіпті діни дәстүрлерді де мылтық кезеніп тоқтата аласың, бірақ адамның ішкі сенімін өлтіру қиын. Ұзақ жылдар бойы КСРО халқы іштей Құдайға сенуді жалғастырды. Міне, тура 70 жылға созылған осы процесс 1991 жылы тоқтады. Халыққа қандай дінді ұстанғысы келсе де өз еркі өзіне берілді. Бірақ ұзақ уақытқа созылған КСРО саясаты өзінің суық салдарын қалдырды. Халық шынайы діннің қандай боларын ұмытты. Басым көпшілік таза мұсылмандық араб елдерінде қалды деп санады, сондықтан Таяу Шығыстан келетін дін атын жамылған лаңкестік ұйымдардың қақпанына оңбай түсті. Діннен көз жазып қалған халық, ендігі таңда діни сауатсыздыққа ұшырап, ақиқат пен жалғанды, дұрыс діни ағым мен теріс бағытты ажыратудан қалды. Діни қозғалыстар Тәжікстанда, Өзбекстанда кеңінен тарала бастады. Тәжікстанда азамат соғысы лаңкестік топтардың қанат жаюына әсер етсе, Өзбекстанда ол идеологиялық жолмен жүрді. Өзбекстанның Исламдық Қозғалысы (ӨИҚ) атты үлкен діни бірлестік құрылып, артынша саясиланған қозғалысқа айналуды көздеді. Олардың басты мақсаты Өзбекстандағы Ислам Кәрімов режимін құлатып, орнына шариғат негізіндегі билік жүйесін қалыптастыру еді. Бастапқыда түрлі аудан мен қала алаңдарында жүздеген, мыңдаған халықты жинап, митинг ұйымдастырған олар діни ұрандарды алға тастаса, артынша бірнеше мәрте Өзбекстанда жойқын террорлық әрекеттер жасап, Орталық Азияны дүр сілкіндірді.

Тәжікстан мен Өзбекстандағы діни топтардың жаңа күшке енгені соншалық, 1999 жылы олар Қырғызстанға басып кірді. Бұл тарихта «Баткен оқиғасы» деген атаумен қалды. Баткен оқиғасы тек қана Қырғызстанның күштік құрылымдарының сапасын емес, жалпы Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесін анықтап көрсетті. Қырғызстан аумағы арқылы Өзбекстанға өтпек болған ӨИҚ мүшелері қырғыз жерінде 2,5 ай болып, аймақ тарихындағы ең ірі террорлық әрекетті жүзеге асырды. Осыдан 22 жыл бұрын қандай мәселелер болса, сол мәселелер әлі шешімін таппаған күйде қалды. Кеңірек тарқатайық.

Біріншіден, 1999 жылғы «Баткен оқиғасында» терроризммен күресуде дипломатиялық тәсіл өте нашар қолданылды. Келіссөздерді жүргізуде кәсіби мамандар болмады, ал бұл үлкен қателік. Себебі лаңкестер уақыт ұтып, бірнеше талабын орындата білді. Ал терроризммен күрес барысында не террорлық топтармен мүлде келісім жасалмайды (көп жағдайда), не әккі мамандар арқылы билікке тиімді шарттарға лаңкестерді көндіру іске асады. Баткенде керісінше болып, лаңкестер азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, екі айдан астам уақыт аталмыш аймақта бекініп алуға мүмкіндік жасалды. Бұл Орталық Азия мемлекеттері лаңкестермен келіссөздер жүргізудің әдіс-айласын кәсіби деңгейде жүзеге асыра алмайтынын айқын көрсетті. Өйткені келіссөзге тек қырғыз өкілдері емес, тәжік, өзбек, қазақ мамандары да қатысқан болатын.

Екіншіден, «Баткен оқиғасы» кезінде Қырғызстан тәуелсіздік алғанына 8 жыл болса да, өзіне қандай әскери құрылым керектігін анықтамаған еді. Оған әрине мамандардың тапшылығы мен экономикалық жағдайдың нашарлығы өз әсерін тигізді. Қару-жарақ түрі де тым ескі болатын. КСРОдан қалған ескі қарулар модернизациялануды қажет етті, не мүлде істен шыққан күйде болды. Қырғызстан өзіне қажет әскердің жүйесін құра алмады. Ол тікелей резервтік жүйеге негізделген, тұрақты әскері шақыртылушы жастардан құралған жүйеде қалды. Бұл әдісті Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан да ұстанады. Ал Қазақстан жартылай шақыртылушы, жартылай келісім арқылы (контрактник) арқылы жұмыс істейтін жүйеде қалып отыр. Біздің еліміздің жүйесі әлдеқайда тиімді екенін айта кету керек. Әрине бұл экономикалық жағдайлармен де сипатталады. Халықаралық терроризммен күресуде тұрақты әскерге қарағанда арнайы әскери топтар мен келісім жүйесіндегі әскер тиімді күрес жүргізетінін уақыт дәлелдеді.

Үшіншіден, «Баткен оқиғасында» әскери техника мен оқ-дәрі тапшылығы байқалды. Бұл мәселе де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Мысалы Тәжікстанға 2021 жылы Қазақстан әскери қажетттіліктерді көмек ретінде берсе, Қырғызстанға да дәл осындай көмектер көрсетілуде. Орталық Азия мемлекеттері басты қағиданы естен шығарды: елдің қауіпсіздігі мығым болу үшін қаруды әр ел өзі жасауы керек. Оған мықты құрастырушылар мен мамандар қажет екені түсінікті. Бұл тұрғыдан Нұр-Сұлтан мен Ташкент аз болса да нәтиже көрсетуде. Қазақстан «Барыс», «Айбат», «Семсер», «Арлан» сынды бронды техникаларды құрастыруды қолға алуда. Елімізде патрон шығаратын және қорғаныс жилетін өндіретін әскери нысандар бар. Ал Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстанда ондай мүмкіндік жоқ. Олар сыртқы тасымалға толықтай тәуелді. Аталмыш үш елдегі барлық қару түрлері, тіпті соңғы патронға дейін өзге елде өндірілген.

  Төртіншіден, 1999 жылғы террорлық әрекеттер әскери тактиканы өзгерту қажеттігіне және белгілі бір мемлекетті немесе құрылымды потенциалды жау деп тануға нұсқады. Мысалы тек қана далалық аймақта немесе қарсылас мемлекеттің әрекеті ретінде ғана әскери жаттығулар өткізіп, сол арқылы машықтанған әскери қызметшілер, халықаралық заңдылықтар мен адами құндылықтар, БҰҰ-ның жарғысы мен бейбіт тұрғын атты категориялардың бірде біреуін мойындамайтын лаңкестік атты құрылыммен бетпе-бет келгенде, не істерін білмей дал болды. Дәл осы мәселе осы күні де шешімін таппады. Мысалы Орталық Азиядағы бес мемлекет те лаңкестік ұйымдарға тыйым салғанымен, әскери доктринасына потенциалды жау ретінде халықаралық лаңкестік ұйымдарды қоспаған. Бұл да үлкен кемшілік болар. Оның үстіне әскери жаттығулардың 80 пайызы осы уақытқа дейін далалық аймақта өтуде. Ал лаңкестік әрекеттер көбіне қалалық жағдайда орын алатынын ескерсек, онда бұл тактиканы да өзгерткен жөн.

Бесіншіден, «Баткен оқиғасы» мемлекеттік қауіпсіздікке ең үлкен қатер ең алдымен жемқорлық екенін көрсетіп берді. Өйткені аталмыш оқиғада лаңкестердің әскери бекеттерден көрінбей өтуіне Тәжікстандағы кей шенділер көмектесті деген күдікпен тұтқындалды. Бұл да болса аса қауіпті дүние. Халықаралық «Transparency International» ұйымының мәліметінше Орталық Азия мемлекеттері ең жемқор 100 елдің ішінде және рейтингтің көш соңында. Демек ақшаға арын да, барын да сататындар көп қоғамда, мемлекеттік құпияны да, әскери бекетті де, бекініс пен қамалды да оп-оңай сатып алуға болады. Оның үстіне жемқорлық жайлаған қоғамда лаңкестік топтардың негізгі қаржыландыру көзі болып табылатын белгілі бір қылмыстық кәсіптің түрі кеңінен етек жаяды. Мысалы Орталық Азия ұзақ жылдар бойы заңсыз есірткі тасымалдау аймағы саналады. Ауғанстанда өндірілетін есірткі түрі тәжік-қырғыз шекарасы арқылы Қазақстанға өтіп, артынша Ресейге бет алады. Ал Ресей арқылы Еуропа елдеріне тарайды. Бұл барлығына белгілі маршрут. Өкініштісі сол, бұл маршрутты тоқтатуға айтарлықтай күш салынбай келеді. Тіпті кей елдерде шекаралық бекеттер оны үлкен кәсіп түріне айналдырған. Мысалы сәуір айындағы «қырғыз-тәжік қақтығысында шекара бекеттерінің маңындағы есірткі қылмысының үлкен ықпалы бар» деген болжамдар айтылуда.

Алтыншадан, мемлекеттер арасындағы өзара келіспеушілік, үшінші тарапқа таптырмас мүмкіндік болып отыр. 1999 жылы қырғыз-өзбек шекарасындағы жер дауына байланысты ӨИҚ мүшелері аталмыш дауды пайдаланып, Қырғызстан территориясы арқылы Өзбекстанға өтпек болды. Яғни олардың басты ойы қырғыз тарапы лаңкестерді өз еркімен өткізіп жібереді, өйткені екі елі арасында өзара дау мен түсініспеушілік бар деген ойда еді. Жақында ғана болған қырғыз-тәжік қақтығысында да тура осындай логикадағы сипат көрініс тауып еді. Ауғанстандағы этникалық тәжіктер Қырғызстанмен соғысуға рұқсат ету үшін, Душанбеден дәліз ашуды сұраған болатын. Болашақта шекара дауы мемлекеттер арасындағы ірі әскери қақтығыстарға ұласса, онда сөзсіз лаңкесттік топтар оны «аймаққа кіру мүмкіндігі» деп санайтын болады.

Орталық Азия мемлекеттерінің мүмкіндіктері тең емес, ал ол мемлекеттер арасында терроризмге қарсы бірлесе әрекет ету мүмкіндігін азайтады. Бұл өкінішті фактор.

Аймақтағы шешімін табуы тиіс күрделі мәселенің бірі Ферғана жазықтығы болып отыр. Ферғана жазықтығында аймақтағы халықтың ең көп бөлігі өмір сүреді. Олардың ауыз су тапшылығы, жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейі шектен асқан. Мемлекеттік және өзге де халықаралық ұйымдардың көмегі аталмыш жазықтыққа жете қоймайды. Салдарынан халықтың мемлекетке деген сенім капиталы таусылған. Олар «құтқарушыны» өзгеден іздеп отыр. Ол өзге лаңкестік топтар болуы әбден мүмкін.

Орталық Азиядағы терроризм қаупінің артуына пандемияның да өз әсері болуы ықтимал. Мемлекеттердің антикризистік әрекеттері нәтиже бермеді. Бірде-бір мемлекет өзін «кризис менеджер» үлгісінде көрсете алмады. Халықтың әлеуметтік жағдайы аймақ бойынша нашарлап кетті. Тіпті Түркіменстанда халықтың заңсыз негізде Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстанға өту көріністері байқалуда. Қарақалпақстанның жағдайының нашарлығын ескерсек, Түркіменстанда жағдай одан да төмен деп баға беруге болады. Бұл да лаңкестік топтардың назарын аударатын факт болып отыр. Жас балаға тәтті беріп алдағандай, әлеуметтік жағдайы нашар халыққа азын-аулақ қаржы беріп, аймақтың осал тұстарына енуді көздейтін болады.

Лаңкестік ошағына айналған Ауғанстаннан НАТО әскері шығарылу үстінде. Қыркүйек айына дейін тұтас әскер шығарылады. Бұл өз кезегінде Ауғанстандағы лаңкестік топтардың жаңа күшпен әрекет етуіне әсер етеді. «Талибан» қозғалысы режимді құлатуға тырысса, өзге топтардың Орталық Азияға кіруге әрекет жасауы мүмкін.

Орталық Азиядағы діни идеология өзге сипатта жүріп жатыр. Қазақстан мен Өзбекстанда діни ағымдарды бақылауда ұстауға тырысу, деструктивті ағымдарды ауыздықтауға күш салынып жатса, өзге үш елде ол қиынға түсуде. Қырғызстан аймақтағы мектептен мешіті көп (2200 мектеп, 2680 мешіт) елге айналды. Мешіт санына қарап діни лаңкестікке баға беруге болмайды, алайда ол мешіттерде қандай идеология жүріп жатқанын бақылау қиынға түседі. Қырғызстан сынды билігі әлсіз, күштік құрылымы осал мемлекеттерге тіпті қиын болмақ.

Қорыта айтқанда аймақтағы терроризм қаупі азайған жоқ. Ол жаңа формацияға өтіп, өзінің 90-жылдардың соңындағыдай бас көтеру сәтін күтіп отыр. Лаңкестікті бірде бір мемлекет жалғыз жеңе алмайды. Ол коалициялардың бірлескен күшінің арқасында ғана іске асатын болады. Сондықтан аймақтағы бес мемлекет ескі дау мен қырғи-қабақтықты ұмытып, лаңкестікке қарсы күш біріктіруі міндетті. Бөлінгенді бөрі жейтін болады.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы