Бүгін ҚР рәміздер күні. Мемлекеттік рәміздердің мән-мағынасын мектеп қабырғасынан бастап-ақ білеміз. Тудың түсінен бастап, елтаңбаның маңдайшасындағы жұлдызға дейін шолу жасағанымыз естеріңізде шығар. Кез келген рәміздің өзіндік мағынасы бар. Дей тұрғанмен, мағына бір бөлек те, ерекшелік бір бөлек. Олай болса, назарларыңызға әлемдегі ерекше тулар тізімін ұсынамыз.
Құбылмалы рәміз
Естімеген елде көп. Филиппиннің туы құбылмалы. “Қалай?” деп таңырқамай тұра тұрыңыз. Егер қызыл жолақ жоғары, көк жолақ төмен орналасса елде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбітшіліктің салтанат құрғаны. Елде соғыс сынды қатерлі жағдай бола қалса, көк түс жоғарғы бөлікте орналасатын көрінеді.
Баланың туындысы
Ал, сіз Норвегия туының негізгі авторы бала екенін білесіз бе?
Оқиға 1814 жылы болған. Тарихи деректерде тудың авторы Фредери Мельцердің ұлы Герхард екені айтылған. Оқиға былай болған. Дания елінің туымен ойнап отырған бүлдіршін көк бояумен ақ түстің үстін сыза бастайды. Мұны көрген әкесі ұлының идеясын ұнатады. Осылайша, қызыл, ақ және көк түстердің ортақ қосындысынан бүтін бір мемлекеттің рәмізі өмірге келеді.
Тудың бәрі тіктөртбұрышты емес
Ту десе көз алдымызға тік төртбұрышты фигура елестейді. Бұл сөйлемнің Непалға еш қатысы жоқ. Себебі, бұл мемлекеттің туының пішіні екі үшбұрышты фигураның қосындысы.
Антарктиданың да туы бар
Ал Антарктидада мемлекеттік болмаса да ту бар. Мұның өзі нейтралды территория екенін көрсетіп тұрғанын қарамайсыздар ма?
Баланың идеясы емес
Бұл елдің туы бала қиялының туындысы дерсіз. Десе де олай емес. Кирибатидің мемлекеттік рәмізінен тек толқынды теңізді ғана емес, сондай-ақ құс пен күнді де көруге болады.
Әсетова Назерке