Қазыналы ханшайым

2073
Adyrna.kz Telegram

(Алақандай эссе)

Қазір үйден ұзамай-ақ әлемнің әйгілі кітапханаларын лездің арасында шарлап шығасың. Интернеттің иіріміне тереңірек бір сүңгі де, қажетіңді ала бер. Болды... Ал бір кезде бәрі басқаша еді. Күн ұзаққа сарылып кітапханада отырасың. Кітап ақтарасың. Қолжазба қарайсың. Көне құндылықтарға терең бойлайсың. Оның рахатына ешнәрсе жетпейді. Бүгінгі ғаламторың да, басқаң да...

Ескі жүйе ыдырай бастаған кезде ғылымға келген менің тұстастарым Ұлттық Ғылым академиясы кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде түнеуге бар еді. Себебі, ескі жәдігерліктің бәрі осында. Кірсең, шыққың келмейді. Бірінен бірі бағалы қолжазбалар. Мәні терең мәтіндер...

Орталық ғылыми кітапхананың алтын дәуірі еді бұл. Құт қонған білім ордасын зиялылардың зиялысы Күлжихан Әбуғалиева әпкеміз басқаратын. Ол кісінің тұсындағы кітапханашылардың болмысы бөлек-ті. Шетінен сыпайы, мәдениетті, ықыласты... Бейне бір тектіліктің теориясын тауысып, кісіліктің курсынан өтіп келгендей, кез-келген оқырманға жылы жүз, жайдары қабақ танытып, жарқылдап жүрер еді. Сол дәстүр бертінге дейін келді-ау деймін. Уақыт алмасты. Біздің дәуіріміздің кітапханашы қыздары жаңа ұрпаққа жол берді. Сол қайтпас қайсар ұрпақ дағдылы дәстүрді жалғастыра алып жүр ме, оны білмеймін. Егер солай болса, тек қана қуаныштымыз...

Осы кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар бөліміне Раиса Бірімжарова ұзақ жыл жетекшілік етті. Өзі де, сөзі де, мінезі де көркем сол әпкеміздің шарапатын талай көрдік. Ол әрқайсымызды бауырындай көретін. Қай қолжазбаның қай қуыста жатқанын жақсы біледі. Тіпті сипаттамасына дейін жатқа айтады. Қиылып сұраған дүниеңді қиналмай тауып береді. Сол жайлы мінезімен оқырмандарының шексіз ілтипатына бөленді. Ғылыми жұмысыңа тілеулестік танытады, қолдан келген көмегін аямайды. Құдды бір ғылыми кітапханада емес, ардақты апайыңның үйінде мейман боп жүргендей әдемі күй кешесің. Рухани байлықтың бәрі қолында тұрған соң ол кісіні сырттай «Қазыналы ханшайым» деп атайтынбыз...

Ең жақсы кітапханашылардың бәрі Раиса апай басқаратын сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде қызмет істейтіндей көрінетін бізге. Осы бөлімде жиған-тергеніміз арқылы жетілдік. Өз саламызда азды-көпті табысқа жетсек, ескі мен естінің басын қосқан сол берекелі бөлімнің арқасы.

Қадірлі менің дәуірімнің аспиранттары мен ізденушілері, қазір кітапхана жүйесінен едәуір аулақта жүрген Раиса апайымызды ұмытып кеткен жоқсыздар ма? Бүгін бәріміздің әдемі әпкеміз әйба-а-а-ат жасқа келді! Мерейлі әрі мәртебелі жас! Сәулетті әрі салиқалы жас! Жай, тек соны еске салайын деп...

* * *

Ғұмырыңыз ұзақ, төрт құбылаңыз түгел болсын, қазыналы ханшайым!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер