Абайтанушының әруағына маза бермеген кімдер?

2858
Adyrna.kz Telegram

Белгісіз біреулер белгілі Абайтанушы, ғалым Қайым Мұхамедхановтың зиратындағы құлпытасты қиратып, қақ ортасынан сындырып кеткен.

Ғалымның ұлы Қанағат Қайымұлының айтуынша, бұл оқиға бірінші рет болып отырған жоқ.

«Бүгін біз бір топ ағайын–туыстар жиналып, әкеміз бен анамыздың басына зиярат етіп барып қайтқан едік. Абай Құнанбайұлына бүкіл ғұмырын арнап, сол жолда қиындық пен азаптың бәрін көрген әкеміздің дүниеден өткеніне 17 жылдың жүзі болды. Әке қабірінің басына барғанымызда құлпытасының бел ортасынан қақ бөлініп, жерде жатқанын көріп, көзіміз шарасынан шықты. Ең ауыры, бұл сұмдық бірінші рет болып отырған жоқ. 100 жылдығы кезінде де әлдекімдер қабір қоршауын бұзып кеткен болатын. Одан кейін Абай көшесі бойындағы әкеміздің құрметіне қойылған барельефіндегі есімінен латуньннен құйылған әріптерін ұрлап кетіп, тағы да жігерімізді құм етті», - дейді ол «Ертіс өңірі» газетіне берген пікірінде.

Сонымен қатар Қанағат Қайымұлы мұндай қастандықтың кімнің тарапынан келіп жатқанын сезетіндерін де айтты.

«Мұндай қастандықтың кімнің тарапынан келіп жатқанын ішіміз сезеді. Атауға дәтіміз бармайды. Білетініміз – бұл өмірбақи әкеммен жөнсіз жауласып, көре алмай күндеп өтетін адамның ісі», - дейді ол.

Семей қаласы мәдениет бөлімі 12 мамыр күні Facebook парақшасында құлпытастың жақын уақытта қалпына келтірілетінін жариялады.

«Бүгін қала әкімінің тапсырмасы бойынша, Қазақтың қайсар ұлы – Қайым Мұхамедхановтың бейітіне қала әкімінің орынбасары А.С.Садырбаев, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.М.Аққожина және ғалымның ұлы Қанағат Қайымұлы барды.

Ғалымның бейітіне орнатылған құлпытастың көлемі өлшеніп алынды. Жақын уақытта құлпытас орнына келтірілетін болады», - делінген жазбада.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер