Шығыста мал қырылып жатыр

3174
Adyrna.kz Telegram

Шығыс Қазақстандағы Шілікті ауылында ірілі-ұсақты мал белгісіз аурудан қырылып жатыр. Кейінгі екі аптаның ішінде бір ғана шаруашылықтың өзінде жүздеген қозы өлген, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы 31 арнаға сілтеме жасап.

Ауыл тұрғындары белгісіз індет сәуір айының соңында басталғанын айтты. Сол уақыттан бері жүздеген бас сиыр қырылып қалды. Қорадағы қозылар да өліп қалған. Ауыл халқы білетін ем-домдарын жасап жатыр. Бар мақсаттары - қалған малды аман алып қалу.

«Жеке бір үйде емес. Барлық үйде сол. Бірақ келіп жатқан комиссияны көргеніміз жоқ. Ана өлген малға өтемақы бере ме, бермей ме? Мына заманда білмеймін. Соған көмек жасаса», – деді Шілікті ауылының тұрғыны Сәуле Ысқақова.

Халықтың айтуынша, қырылып қалған малға ешқандай акт да жасалмаған. Зайсан ауданы әкімінің орынбасары мал иелерімен кездескен. Олардың айтуынша, аудан әкімдігі соңғы үш күн бойы сынама алып, ауруды анықтап жатыр.

«Ветеринарлық басқарманың мамандары, арнайы зертхананың мамандары келіп, арнайы сынамалар алынып, облысқа апарып сараптама жасатамыз», – деді Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ринат Тауасаров.

Ірілі-ұсақты малдың белгісіз аурудан қырылып жатқандығы расталды. Ал ауыл халқы адамға жұқпай ма деп алаңдап отыр.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер