Жеті бірдей ұлын соғыс өрті жалмаған Дүйсембиновтер отбасы

7585
Adyrna.kz Telegram

Осыдан бірнеше жыл бұрын Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Қызылжар ауылындағы бір тұрғын үйдің жанына алты терек егілген еді. Олар Ұлы Отан соғысы кезінде ұрыс даласынан оралмаған алты ағайынды Дүйсембиновтерді еске алу мақсатында отырғызылған. Бұл қайтыс болған батырларды ұмытпау үшін туыстарының жасай алған жалғыз әрекеті болатын. Біраз уақыт өткеннен кейін дәл осы әулеттің тағы бір мүшесі қан майданда қаза табады. Осылайша сұрапыл соғыс бір отбасының жеті бірдей азаматын жер қойнына тапсырды...

Ауыл халқының барлығы дерлік ағайынды-жерлестердің қайғылы тағдырын біледі.

«Дүйсембиновтер отбасының шығу тегі "Көшпенділер" трилогиясының кейіпкері болған, Жеке батырдың ұлы Қожабергеннен бастау алады. Батыр бабалардың қаһармандық рухы ағайындыларға да дарыған. Бір өкініштісі, біз бұл жігіттердің қандай шайқастарда және қандай жағдайда қайтыс болғанын білмейміз, біле алмаймыз да. Еске алу кітабындағы мәліметтер арқылы үш ағайындының бауырластар зиратында жатқанынан хабардар болдық. Ал қалғандарының қайда жерленгені әлі күнге дейін жұмбақ»,– дейді қаза болғандардың туысы Елемес Қасенов.

Дүйсембиновтер отбасының үлкені Мағзұм 1902 жылы дүниеге келген. Соғысқа 1942 жылдың 10 маусымында аттанады. Сол жылдың 28 тамызында ұрыс кезінде қаза тауып, Тверь облысы, Ржев ауданы, Табаково ауылының бауырластар зиратына жерленді.

Нұрмағамбет Дүйсембинов 1907 жылы туған. Майданға 1942 жылдың 16 наурызында шақырылды. Сегіз айдан кейін, яғни қарашада Волгоград облысында жоғалып кеткен.

1911 жылғы Ахмет Дүйсембинов соғысқа 28 қараша күні кеткен. 1943 жылы 6 ақпанда қайтыс болып, Ленинград облысына қарасты Чужский ауданының Подножено ауылында жерленді.

Махмет Дүйсембинов 1917 жылы дүние есігін ашып, 1941 жылдың 18 тамызында өмірден өткен. Смоленск облысы, Сафронов ауданы, Малая Ивановская ауылындағы бауырластар зиратында жерленген.

Жақып Дүйсембинов 1918 жылы туған. 1939 жылы қызметке шақырылып, 4 жыл өткеннен кейін хабар-ошарсыз кеткен.

Шайкен Дүйсембинов 1921 жылы туған. Қызыл Армия қатарына 1941 жылдың 19 маусымында алынған. 1942 жылдан бастап із-түссіз жоғалған.

Алты азаматтың әкесі Дүйсембі ата соңғы баласының қара қағазы келгеннен кейін өмірден өтеді. Бұл қайғыға жүрегі шыдамаса керек... Жары Әнапия апа қолынан келгенше мықты болуға тырысады. Ол өмірінің соңына дейін ұлдары туралы қандай да бір хабар алуға үміттенеді. Бірақ ақжаулықты ана қалаған ғажайып оқиға болмайды.

«Ағайынды Дүйсембиновтерден Мағзұм мен Махмет қана шаңырақ көтеріп үлгереді. Махметтің жерлеу рәсімі өткеннен кейін оның інісі әмеңгерлік салты бойынша ағасының жесірін жар етіп, қызы Зәукияны өз тәрбиесіне алады. Зәукия он баланы дүниеге әкеліп, Кеңес Одағының батыр анасы атағына ие болған»,– дейді Е.Қасенов.

Дүйсембиновтер әулетінің мүшесі Камалиден Мағзұмұлы Абуовтың да есімі ұмытылмауы тиіс. Ерте жастан жетім қалған азамат атасының тәрбиесінде өседі.

«90-шы жылдары мен шежіремізді зерттей бастадым. Осылайша батыр бабаларымның ерлігімен таныстым. Бірнеше жыл бұрын біз Камалиден Абуовтың да соғыста қайтыс болғанын білдік. Ол 1923 жылы дүниеге келген. 19 жасында өз еркімен майданға аттанып, 1942 жылдың мамыр айында Сталинград шайқасында қаза тапқан. Бұл бір отбасының жеті мүшесі соғыстан оралмаған республикадағы жалғыз жағдай. Аталарым қандай құрметке де лайық»,– деп сөзін толықтырды Елемес мырза.

Иә, соғыс ешкімді аямады. Бүгінгі ұрпақ жеңіс жолында қасық қанын төккен батырлар есімін ұмытпауы тиіс!..

«Адырна» ұлттық порталы

(webpress.kz сайтынан аударылды)

 

Пікірлер