Ерікті болу үшін еркіндік қана керек

1571

Ерікті болу мәжбүрліктен емес. Кей адамдар өзгеге қол ұшын созуды мақсаты санап, қиналып жатқан адамға көмектескеннен ләззат алады. Қызылорда тұрғыны Айнұр Аңғысынқызы мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, өзгелерге көмек көрсетуге дайын жан. Еріктілікке қалай келгенін Айнұр ханымнан сұрап-білдік.

- Қазіргі еріктіліктен мән тапқан Айнұрға тоқталмас бұрын, бала Айнұр жайлы айтып бересіз бе?

- Бала Айнұр зерек, білімге құштар, елгезек болды. Бірақ оның балалығы өзге балалардікіндей алаңсыз, қамсыз, бақытты өтті дей алмаймын. Бойымда дерт барын 3 жасымда білдік. Бірақ алғашқы отаны тек 7 жасқа толғанда жасау мүмкін боп шықты. Соның кесірінен жеті жасқа дейін бала болып ойнауыма, жүгіруіме болмайтын шектеулерге тап болдым. Есесіне атамның жанында көп уақыт өткіздім. Атам қисса, дастан, аңыз-әңгімелер мен батырлар жырын оқығанды жаны сүйетін. Оны жәй ғана оқымай, мәнерін салып, нақышын келтіріп, өлеңдетіп оқитын. Соны сіңіріп, алғашқы жазу-сызуды да атамнан үйрендім. Алғашқы ұстазым десем болады. Кітапқа деген қызығушылық бойыма солай дарыды.

Ойлап қарасам, қатарластарым алғаш мектеп табалдырығын аттаған жылы мен аурухана табалдырығын аттап, өмірдің сындарлы сындарынан өтіп, үлкен айқасқа шыққан екенмін. Өмірдегі ең үлкен қайғы ананың баласынан айырылуы қандай болатынына да сол жылы куә болдым. Ауруханада бірге ойнап, ойыншыққа таласып жүрген құрбым кезекті отадан кейін оянбай қалды. Өте ауыр тиді. Сол күнгі ананың зары әлі күнгі көз алдыма келе береді. Жеті жасар бала Айнұр сол күні есейіп кеткен сияқты көрінеді өзіме.

- «Үш жасымда» дедіңіз, сол үш жасыңызда өміріңізді өзгерткен не нәрсе? Соны толығырақ айтып өтесіз бе?

- «Жамбас ұршығы шығып кеткен» деген диагноз қойылды. Алғашқы ота сол ұршық салу үшін жасалды. Содан кейін бір аяғым қисық боп шықты. Соны түзеу үшін жасалған ота кезінде қате кеткен екен. Кейінгі бірнешеуі соны түзеу үшін жасалды. Одан кейін де еркін жүріп кете алғам жоқ, оталар жалғаса берді. Шынымды айтсам, осы күнге дейін жалпы неше рет пышаққа түскенімнің санынан жаңылдым. Соңғысын 2018-ші жылы 30 жасымда жасады. Алғаш жылдары іштей қатты қарсыластым. Өзгеріс 13 жасымда болды. 29-шы қыркүйек туған күнім болатын. Дәрігерлер ұзақ кеңесе келе, кезекті отаны өзге емес дәл сол күні жасайтынын айтты. Мұны естіп, қатты өкпеледім. Бөлмеме қамалып алдым. Көп жыладым. Дәрігерлерді, тіпті Алланың өзін «мені осындай ерекше күні, төл мерекемде пышақ астында жатуға мәжбір еттің» деп тілдедім. Өмірден баз кешіп, күллі әлемді жек көрдім. Санамда тек қана «неге?» деген сұрақ жаңғырып тұрды. Отаға осы көңілмен жаттым.

Отадан кейін ата-анам алыста болған соң, мұздай бөлмеде жалғыз жатып көз аштым. Қайта жас қысты. Бірақ бұл жолы бөлек, өмірге деген құштарлықтың жасы болды. Өмір сүргім келді. Өмір сондай тәтті боп көрінді. Сол үшін алда қанша ота болса да көнбек боп бекіндім.

- «Өмір сынақ» деп жатамыз. Өз сынағыңызды қалай өтіп жатырмын деп ойлайсыз? Өмірден не үйреніп, не түйдіңіз?

- Бірде күнделігіме: «Өмір маған сабыр мен темірдей төзім бергені үшін мен оған қарыздармын» – деп жазыппын.

Қазір де солай ойлаймын. Алты ай сайын ауруханаға жатып, пышақтан аман шығуыма сол сабыр көмек берді. Сонда да бұрындары өзіме көңілім толмай, 25 жасқа дейін төрт қабырғаға қамалып өмір сүрдім. Қоғамға сіңе алғам жоқ. Тіпті үйге келген қонақтың көзіне түспей, бөлмемде жасырындым. «Оқу қуу тіпті мүмкін емес көрінді. Себебі балдақпен ел қатарлы болу мүмкін емес, тіпті ұят» деп ойладым.

Қазір ойлап қарасам, ол кездері менде «қазіргі күн, осы сәт» деген түсінік болмапты. Тек қана «ертең» деп өмір сүріппін. Өмір сүрудің өзін болашаққа қалдырыппын. «Ертең, әйтеуір бір күні жазыламын. Сол кезде оқимын, жұмыс істеймін» деп ойлаушы ем.

Үйреткеніне келер болсам, ол маған ең бірінші өмір сүруді, өзін сүйюді үйретті. Кез-келген қиындық артында үміт барын үйретті.

- Еріктілікке қалай келдіңіз?

- Садақаның екі түрі болады дейді. Біріншісі жасырын, екіншісі жария түрде. Біріншісімен тұрақты түрде айналысып келдім. Бала күнімде ауруханада ұзақ жылдар бойы емделетін, алыстағы ата-анасын сағынатын, не болмаса ата-анасы мүлдем бас тартқан балаларды көп көріп жүрдім. Бала болсам да, солардың бәріне көмектескім келетін.

Бірақ кейіндері ерікті болатын жасқа жетсем де, «ерікті болу біздің қолдан келмейді. Сау адамның түсінігінде біз өзіміз көмекке мұқтаж мүсәпірміз» деген мүгедек сенімнен арыла алмадым. Бірақ күндердің күнінде мен ғана емес, өзімнің тағдырластарымның көбінде «біздің мүмкіндігіміз шектеулі, қоғам, үкімет те бізге көмектесу керек. Бізді өзгелер асырау керек» деген түсінік қалыптасып кеткенін ұқтым. Мойындадым. Сөйттім де, бұдан бас тартқым келді.

Ең бірінші адымымды қорқынышымнан аттаудан бастадым. Бірден «Қызылорда қайырымды жандар» атты еріктілер тобын іздеп таптым. Топ мүшесімен танысып, сөзімді өз статусымды айтудан бастадым. Қуанышыма орай, ол кісі мені шеттетпеді. Ерікті болуда шектеу жоқ. Бастысы ниет екенін айтты. Осылайша ерікті боп шыға келдім.

Алғашқы жобамыз «әлем сізбен әдемі» деп аталды. Қызылорда қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығында 50-ден аса ем алушы қыз-келіншекке тегін салон қызметін ұсындық. Оның ішіне шаш қырқу, бояу, күту, тырнақ әрлеуді үйрету курстары кірді. Бұл бір реттік емес, әлі күнге жалғасын тауып келе жатқан жоба.

Келесі жоба «Озат, білгір, алғыр» деп аталды. Бұл жоба тұрмысы нашар отбасында өсіп жатқан мектеп жасындағы балаларға түрлі үйірмелерге тегін қатысту мүмкіндігін берді. Осындай шаралардың қасында жүргенімді мақтан тұтамын.

- Тәнтімін. Қазіргі күні біздей жандарға қоғамның көзқарасы өзгеру үшін еңбек етіп жатыр екенсіз. Айтыңызшы, бүгінгі тұрмысыңыз бен жүріп-тұруыңызда қандай қиындық бар? Қоғамда тағы нені өзгертер едіңіз?

- Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамда еркін жүріп-тұруы үшін жағдай жасалса деймін. Пандус қана емес, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қоғамдық көліктер іске қосылса. Поездарда біздің ыңғайымыз қарастырылған вагондар болса екен деймін. Қазіргі күннің өзінде аталғанның бәрі бар деп естимін. Бірақ оларды пайдалану мүмкін еместің қасы. Былтыр Алматыға емге шыққанымда арнайы вагоннан орын сұрап көрдім. Бірақ оның құжат жинау машақаты көп көрінді. Тек өзіме ғана емес, күтушімнің де көптеген құжат жинауына тура келеді. Осы сынды бекер әурешілік азайса екен деймін.

Тағы бір тілегім мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін көтеретін, солардың қызығушылықтары жайлы айтатын бағдарламалар радио мен телеарналарда көбейсе екен. Сол арқылы біздей жандар өз ішіндегі талант дарындарын шығара алса екен деймін. Өзін толыққанды адам сезінсе екен деймін.

- Тілегіңіз орындалсын. Енді қандай хоббиіңіз барын сұрағым келіп отыр.

- Қолөнермен айналысқанды ұнатамын. Сурет салып, түрлі бұйымдар жасаймын. Әлеуметтік желілерде күнделік жүргіземін. Блогермін. Осыдан біраз уақыт бұрын «Массагет» атты сайт жұмыс жасады. Сол жерде шағын блогым болды. Поэзияны сүйемін. Аудандық, облыстық өлең, моналог оқу сайыстарына қатысып тұрамын. Психология, аудармашы сынды салаларды меңгеру үшін түрлі курстардан өтемін.

Жалпы жоғарыда арнайы білімім жоғын айттым ғой. Бірақ қарап отырғым келмейді. Біз сүріп жатқан ХХI-ші ғасырда бар керекті ақпарат ғаламторда тұр. Соны кеңінен пайдаланамын. Үнемі ізденіс үстіндемін. Соны пайдаланып, бұрынғы өзіне сенімі аз Айнұрдан бүгінгі Айнұр болу жолында көп еңбек еттім.

- «Психология мен поэзияны ұнатамын» дедіңіз. Сүйікті жазушыңыз кім? Кімді оқуға кеңес берер едіңіз?

- Мұқағалиды ұнатамын. Өлеңдерінде мотивация бар. Әйтседе санамда төңкеріс жасағаны ол  Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» деген кітабы мен Әкім Ысқақтың «Адам іздеп жүрмін» деген кітабы.

- Соңғы кездері мотивация деген сөзді көп айтатын болдық. Жоғарыда өзіңіз атаған сынның бәрінен сүрінбей өтіп, өзіңізге ғана емес, өзгеге көмек бере алатындай дәрежеге жетуіңізге не мотивация болды?

- Бала күнімде атам «Азаматсың. Ерсің» дегенді көп айтатын. Өзімнің қыз екенімді алға тартып, ренжуші ем. Атам болса «кейін ұғасың» деп жымиып қоя салатын. Қазір ойласам, бүкіл ота мен сыннан өтуге күш берген атамның сол сөздері болған екен.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Торғын Жолдасбекқызы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар