Қырғызстан мен Тәжікстан кикілжіңіне Қазақстанның бітімгерлік күші араласқаны жөн

764

КСРО -ның ОРАЛУ ҚАУПІ КҮШЕЙДІ!

Мен Ресейдің ОА елдерінің ортасына бітімгерлік күштерін орнатуы мәселені шешеді деп ойламаймын. Бұл екі елдің арасындағы мәселені халқаралық деңгейге көтеріп, одан әрі шиеленістіріп жіберуі мүмкін.
Әрі, екі жақты да қайтадан Ресейге жалтақтатып, қолтығына тығылып, өздерінің ұсыныстарының дұрыстығын ең әуелі Ресейге дәлелдеуге алып келеді. Екі елде де Ресейдің әскери базаларының барын ескерсек, онсыз да бұл елдерде саяси ықпалы зор Ресейдің қолын одан әрі ұзартып беруге әкеледі.

Ойланып көрейік!

Екі елдің ортасына Ресей әскері келді делік. Одан кейін әскерді шығару мәселесі қалай болмақ?
Әскерін ол жерден қайта шығару үшін екі жақ та бірдей келісімге келіп, Ресейдің әскерін шекарадан алып кетулерін талап еткенде ғана мүмкін болады.

Ал, енді одан әрі ойланып көрейік.
Жер үшін таласқан екі мемлекет бірауыздылыққа келіп, Ресей әскери күштерінен бірдей бастартуы мүмкін бе?
Ресей басын бір тығып алғаннан соң, әскерін шығаруға ешқашан жол бермейді деп ойлаймын.

Тағы бір мәселе бар.
Ресей Қырғыз-Тәжік шекарасына бітімгерлік әскерін орнататын болса, бұл КСРО-ны қайта құруына жасалатын алғашқы қадам болады деп ойлаймын.
Әрі, бұл мәселенің нүктесін қоюды Ресей қашан қалағанша созылатынына сенімдімін. Өйткені, жермен қоса үш мемлекетті кесіп өтетін су көздері мен стратегиялық маңызды жолдардың бөлісі екі елдің екі түрлі жылдардағы бекітілген карта бойыша талаптары(1930-шы және 1960-шы ж) ұшан теңіз қарама-қайшылықтар, Ресейге өзі қалаған уақытқа дейін бұл мәселені шиеленісте ұстауына мүмкіндік береді.

ӘЖ-ден байқағаным, қырғыз ағайындар Қазақстанның бітімгерлік күштері араласқанын қалайтындарын көптеп білдіруде. Ал, тәжік ағайындар Ресейдің араласқанын қалап отырған жоқ.

Тағы бір мәселе.
Кейбір азаматтардың білдірген пікірлерінен байқағаным, бұл мәселеге Өзбекстан үкіметінің бітімгерлік әрекет білдіруін қоштап, солай болғанын дұрыс көретін секілді.
Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені өзбек ағайындардың да екі көршісімен дәл осындай шекара, су, тұрғылықты ұлт өкілдерінің санына байланысты шешілмеген түйіндері жетерлік.
Сондықтан, бұл жерде әрі бауырлас, әрі мәдени, діни, экономикалық тұрғыдан біте қайнасқан Қазақстан үкіметінің бітімгершілік миссиясын өз қолына алуын бәрі қолдайды деп ойлаймын.

Қазақстанның бітімгерлік әскерін орнатып, тізгінді өз қолына алуының тағы бір пайдасы - Қазақстан дауласушы мемлекеттердің ешқайсын да өзінің боданы қылуға мүдделі емес. Екі тарапқа да ондай қауіп тудырмайды. Әрі шекараны нақтылау мәселесінде көршілерімізге қарағанда анағұрлым тәжірибесі мол.

Дәл осылай болғанда, бұл миссия Қазақстанға не береді?
Бұған дейін дәл осыған ұқсас үш мемлекет арасындағы шекара мәселесін шешу тәжірибесін тарихтан таба алмадым.
Демек, Қазақстанның бітімгерлік тәрірибесі шекара мәселесін шешу бойынша беделді институт секілді қалыптасып, халқаралық беделін арттыруға үлкен септігін тигізер еді.
Әрі Ресейдің шырмауы Қазақстанды орап алуының алдын алған болар еді.

Сондықтан, бітімгерлік миссиясын Қазақстан үкіметі өз қолына алғанын қалаймын.

Рүстем ӘШЕТАЕВ,
Саясаттанушы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар