Сырлы сөздің Сұлтаны

3401
Adyrna.kz Telegram

(Портрет-эссе)

Әуезовтi көрген күн

Сұлтанаты болмаса да сұлтандай,
Адалдықтан келе жатқан бұлтармай.
Даусың жеттi батысқа да, шығысқа,
Ғашықтарды тыпыршытқан iңкәрдай.
Мұзафар Әлiмбаев

Өткен заманнан сыр шертетiн әр жәдiгер сөйлеп тұрады. Мына бiр сурет 1957 жылы түсiрiлген. Мұхтар Әуезов өмiрiнiң бiр сәтiн әуесқой фотограф қарауылға iлiктiрiптi. Ұлы жазушы өзiнiң 60 жылдық мерейтойын атап өтуге Шыңғыстауға жол тартып бара жатып, Аягөзге аялдаған көрiнедi. Қасында әйгiлi Қаллеки – Қалибек Қуанышбаев. Мұхаңды қаумалаған жұртшылық. Әуезовтiң артында екi жағынан өршеленiп ұмсынып тұрған екi бала бiрден көзге шалынады.

Бұл ұландардың жасы ол кезде он алтыда едi. Ұлы Мұхаңның желке тұсында тұрған екi перзент те кейiн елге танымал азамат атанды. Оның бiрi – бүгiнгi белгiлi дәрiгер, медицина ғылымдарының кандидаты Кенже Маусымбаев едi де, екiншiсi қазiргi майталман журналист-жазушы Сұлтан Оразалинов болатын. Бала Сұлтанның бұл суретке Әуезовпен бiрге түсуi кездейсоқ емес. Ол озат оқушы ретiнде жазушымен кездесуде сөз сөйледi. Әйгiлi қаламгерге ағынан жарылып тiлек айтты.
Жас жiгiт ұлы Әуезовтi көруге бекерден-бекер iңкәр болған жоқ-ты. Өзi Абай ауылында туып, ер жеттi. Бала күнiнен Абай мен Мұхтар туралы әңгiмелерге қанықты. Бұл ауылдың баласы мен данасын бiр-бiрiнен ажырата алмайсың. Қай-қайсысы да ылдидан салса, төске озады. Шетiнен жанына жанап кетсең, шежiреден толғап, сөйлеп тұрады. Абай атамның өнегелi ғұмырының әр сәтiнен сыр суыртпақтайды.
Сұлтан да сондай сұңғыланың бiрi болып өстi. Ағасы Кәмен жас күнiнен-ақ аймаққа кең танымал қаламгер атанды. Ауылда тұрып-ақ алты алашқа аты мәлiм болды. Абай ауылының өнегесi, үй iшiнiң тәлiмi Сұлтанды да сөз қадiрiн бiлуге үйреттi.

Бар болғаны бесiншi сыныпта оқитын бала Құндызды ауылының бүкiл қарттарының алдында жаз бойы «Абай жолының» екi томын оқып шықты. Дәлiрек айтқанда, күллi ақсақал Сұлтанды өздерi аттай қалап, орталарына шақырып алды. Әйтпесе, Абай, Шәкәрiм, Мұхтар шыққан бұл өңiрде кiтапты мәнерлеп оқитын бала аз емес едi. Баланың да баласы бар. Сұлтан айтайын дегенiн санасымен ұғынып, жанымен берiлiп, ықыластанып тұрып оқитын.
Бұл шалдар – тегiн шалдар емес. Абай ауылының ақсақалдары. Роман-эпопеяның кейiпкерлерiнiң ағайын-туыстары. Бiреуi – Дәркембайдың iнiсi, бiреуi – Бөжейдiң жиенi, тағы бiреуi – Базаралының бөлесi. Шетiнен шығармада суреттелетiн оқиғаның әр сәтiн жатқа бiледi. Сөйте тұра алғаш рет естiп отырғандай зейiн қоя тыңдайды. Сұлтан оқып болған соң қызу талқы басталады. Сол кезде Шыңғыстаудың бөктерi Абай рухымен тыныстап тұрады. Қаршадай күнiнен соны сезiнiп өскен Сұлтан Әуезовтi көруге құмартпай қайтсiн?!
Абай ауылының тағы бiр талантты перзентi, бүгiнгi белгiлi ақын Бауыржан Жақыптың бота тiрсек бозбала кезiнде қыз-қырқынға арнаған мынадай өлеңi бар едi:

Саған да ашық есiк әр,
Менiмен келсе жұпталғың.
Келiнi болсаң, несi бар,
Ұлы Абай менен Мұхтардың!

Осыны естiгенде журфактың әсершiл бойжеткендерi жырға айналып ағып кете жаздайтын. Абай ауылы туралы естелiктiң, Абай елiн суреттеудiң өзi кез-келген өлеңге қан жүгiртетiн. Сол қастерлi мекенде туып-өсiп, ақылман ақсақалдардың алдында «Абай жолын» оқып, даланың әдеби емтиханынан мiнсiз өтiп келген Сұлтан Қазақ мемлекеттiк университетiнiң аудиторияларын жатсына қойған жоқ. Оқыған-тоқығаны көп, әдебиеттi тәуiр бiлетiн бозбала өзiнен жоғары курста оқитын қазақтың талантты жiгiттерiмен емiн-еркiн араласты. Сол кездiң өзiнде әдеби ортаға ептеп танылып қалған Әбiш Кекiлбаев, Мұхтар Мағауин сынды жас қаламгерлермен достасып алды.

Екi досы мұны дедектетiп отырып, өздерiнiң аудиториясына алып кетедi. Себебi, бұл курсқа Мұхтар Әуезов лекция оқиды! Ал төменгi курстағы Сұлтандарға ғұлама әзiр дәрiс бере қоймайды. Сондықтан бұл да олардың арасына ықыластана барады. Ал ендi Әуезовтiң лекциясын тыңдау дегенiң рахат! Жастар Алматының барлық оқу орындарынан жиналады. Залда кейде ине шаншар орын болмайды. Бұл екi досының ортасында отырып, Әуезов оқыған Абайтану дәрiстерiнiң иiрiмдерiне терең бойлайды. Абай туралы лекцияны Абай елiнiң перзентi болып тыңдаудың жөнi бөлек. Бәрi таныс, бәрi анық, бәрi белгiлi... Бiрақ ұлы ғұлама сөйлеп кеткенде таныстан гөрi таңсықтың, белгiлiден гөрi беймәлiмнiң көбiрек екенiне көзi жеттi. Абай әлемi түпсiз тұңғиық көрiнедi. Әуезов соның бәрiн жас шәкiрттерiнiң зердесiне жаттатты.

Студент Сұлтан Мұхтар Әуезовтiң 1960 жылы жастармен өткiзген кездесуiне де қатысты. Рухани өмiрiмiздегi айрықша оқиға болған бұл басқосуды университеттiң әдеби бiрлестiгiнiң жетекшiсi Әбiш Кекiлбаев ұйымдастырып едi. Мұхаңның бұл кездесудегi сөзi «Жыл келгендей жаңалық сезiнемiз» деген тақырыппен баспасөзде жарияланды. Бiздiң кейiпкерiмiз де барлық әрiптестерi секiлдi сол залдан қанаттанып, әдеби өмiрге үлкен жолдама алып шықты.

Тiкелей эфир тәлiмi

Талант, дарын, дариядай ынта, дем.
Еншiсiне ерте тиген Сұлтан ең.
Анық толған кезiң бiлем, бұл сенiң,
Танып болған қазақ түгiл, сырт әлем!
Сәкен Иманасов

Кейiпкерiмiздiң қай қыры да атап айтуға тұрарлық. Қарымды қаламгер. Қажырлы қайраткер. Ұтымды ұйымдастырушы. Бiлiктi басшы. Абыройлы азамат. Осы тұлғалық қасиеттерiнiң бiразы тележурналистика арқылы танылды. Жиырма жыл бойы Қазақ телевизиясында қызмет iстедi. Жас күнiнен қалың қазаққа кең танымал болды. Қазақстанның маңдайға басқан жалғыз телеарнасы Сұлтан Оразалинов деген бой-сойы келiскен жiгерлi жiгiттiң жайдары жүзiн жұртшылықтың жадына жаттатты. Теледидарда бiр-екi жыл жүргiзушi болып қызмет iстеген адамның бет-әлпетiнiң өзi елдiң есiнде қалып қояды. Ал жиырма жыл бойы телеэкраннан түспеген Сұлтан үлкен-кiшi түгел танитын тұлғаға айналды.

Ол жылдардағы хабарлардың денi тiкелей эфирде жүрдi. Ал аузыңнан ағытылған лебiз бiрден жалпақ әлемге тарап жатқанын сезiнгенде iшкi толқынысыңды басып, сөзiңдi жұптау оңай емес. Әрiптестерi Сұлтанның тiкелей эфирде аспай-саспай, асқан салқындылықпен сөз сабақтап отыратынына таңғалатын. Атағынан ат үркетiн мейманның өзi де оның мысын ешқашан басып көрген емес. Әңгiменiң тiзгiнiн бiрден қолға алады. Қонақтың тiлiн тауып, жүрегiне терең бойлап, жан-дүниесiн ашып, тiкелей эфирде сәт сайын жасын ойнатып отырады. Сұлтекеңнiң алдында ашылмайтын адам, көсiлмейтiн қонақ болмайды. Сөзге сараң, томаға-тұйық тұлғалардың өзi бiр ақтарылып алған соң тоқтамай дамылсыз сiлтейтiн. Оның талантты тележурналист екенi талассыз мойындалды.
Сол тұста бүкiл қазақ көрерменi телеэкраннан көз алмай телмiре қараған «Сұхбат» хабары ұлт руханиятының сыр сандығына айналды. Қазақ әдебиетiндегi алыптар шоғырының өкiлдерi, солардың сарқыты саналатын қабырғалы қаламгерлер «Сұхбаттың» төрiне шықты. Оларды телехабарға шақырып, салиқалы сөз айтуға көндiру оңай шаруа емес-тi. Себебi, әрқайсысы өзiнше бiр әлем. Қилы-қилы тағдырдың, қиқы-жиқы мiнездiң адамдары. Сұлтекеңнiң тарпаңның тiлiн табатын ептiлiгiнiң, тәуекелге басатын табандылығының арқасында талай арысымыздың тектi тұлғасы, белгiлi бейнесi, сұңғыла сөзi таспаға таңбаланып қалды.

Аты ардақты, заты зиялы Ғабит Мүсiрепов, Ғабиден Мұстафин, Шыңғыс Айтматов, Сапарғали Бегалин, Әбдiлдә Тәжiбаев, Iлияс Омаров, Iлияс Есенберлин, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмiрзақов, Шәкен Айманов, Құрманбек Жандарбеков, Сәбира Майқанова, Қапан Бадыров, Мұхамеджан Қаратаев, Тахауи Ақтанов, Асқар Тоқпанов сынды бүгiнде бейнесi сағынышқа айналған асылдарымызды көзi тiрiсiнде әңгiмеге тартып, хабар әзiрлеп, баға жетпес құндылыққа айналдырған Сұлтан Оразалиновтiң еңбегi өлшеусiз. Тiптi оның Ғабиден Мұстафинмен сұхбат түрiндегi «Куәгердiң көзiмен» атты әдеби телехабары Мәскеудiң бiрiншi телеарнасы арқылы бүкiл Кеңес Одағына көрсетiлдi. Одақтас республикалардағы әрiптестерi «Сұхбаттың» мазмұны мен формасын үлгi етiп ұстанды. Кейбiрi кейiн «Сұхбаттың» үрдiсiмен үндес бағдарламалар әзiрледi. Олар да алыптары мен арыстарының бүгiнгi болмысын тележазбаға бедерлеп қалуға тырысты.

Елге келген мәртебелi меймандардың Сұлтекеңнiң сұхбат отауына кiрiп-шықпағаны жоқ. Түркi тiлдес мемлекеттердiң әлемге танымал өкiлдерiн өз тiлдерiнде сөйлетiп, соған қарамастан бiр-бiрiне ұғынықты ортақ әңгiме жүргiзген кезi де болды. «Сұхбат» өз елiмiзде ғана емес, көршi елдерде де дамылсыз жалғасып жатты. Сұлтекең Ташкентке арнайы барып, осы шаһарда өткен Азия және Африка жазушыларының конференциясына қатысуға келген Мұстай Кәрiм, Қайсын Құлиев, Шыңғыс Айтматовтармен әңгiмелестi. Хабар қазақ, қырғыз, башқұрт, балқар тiлдерiнде жүргiзiлдi. Бұл сол кезең үшiн ғаламат жаңалық болып саналатын едi.

Сұлтекең әр жылдарда Мысырдың атақты ақыны, Лениндiк сыйлықтың лауреаты Абдрахман әл-Хамиси, Пәкiстанның көрнектi ақыны Фаиз Ахмед Фаиз, Үндiстанның белгiлi жазушысы Субхаш Мукерджи, Палестинаның танымал ақыны Муин Бсису, жапон қаламгерi Ватанабэ Татэо, ливан ақыны Битар, конго ақыны Леопольд Мамансо-Пинди, орыс жазушысы Даниил Гранин, авар ақыны Расул Гамзатов, өзбек ақыны Зульфия сынды марқасқаларға микрофон ұсынып, қазақ әдебиетi туралы бағалы пiкiрлерiн жазып алды. Сөйтiп, осындай құнды дүниелердi Қазақ теледидарының алтын қорына қосты.
Танымал тележурналистiң «Қымызхана», «Кездесу», «Шұғыла», «Айтыс», «Халық қазынасы» атты хабарлар циклi, «Кек», «Отырар ойраны», «Қашқын», «Өлiм фабрикасы» атты телеқойылымдары қазақ көрерменiн көгiлдiр экран алдына жiпсiз байлады.

Теледидардағы танымалдығының арқасында талай қызметке шақырылды. Бiрде ғылыми еңбегiн оқып көрген екi ағасы қолқа салды. Екеуi де атағы жер жаратын айтулы азаматтар. Бiрi – әйгiлi партизан-жазушы Әди Шәрiпов. Екiншiсi – әдебиетiмiздiң алыбы Әбдiлдә Тәжiбаев. Бұл кiсiлер бiр мекемеде – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет iстейдi. Бiрi – директор, екiншiсi – бөлiм меңгерушiсi. Ғабдол Сланов туралы монографиясы ғылыми ортада лайықты бағаланып, мерейi өсiп жүрген Сұлтан бұл ұсынысты терiс көрген жоқ. Алайда Телерадио комитетiнiң төрағасы Кеңесбай Үсебаевтың бiр ауыз сөзi тоқтау салды.

– Теледидарда елдiң көз алдында отырсаң, әлi де талай қызметке шақырыласың. Танымалдығың алдағы уақытта да биiк белестерге жол ашады!
Содан микрофонды сығымдап ұстап, тұлғалармен тiлдесуге қайта кiрiстi. Ақыры, қазақтың көрнектi ақыны Мұхтар Шаханов айтқандай, «Телетарих бетiнде ұлтан болмай, Сұлтан болып қалды».

Қос Ғабеңнiң ғибраты

Небiр iрi қазақтың тұлғасымен,
Бiрге жүрiп, қадамды бiр басып ең.
Ғабидендi қолтықтап, Ғабеңменен,
Бақты жаяу аралап, сырласып ең.
Қонысбай Әбiл

Журналист-жазушының қос Ғабеңмен сұхбаты талайдың зердесiне жатталып қалды. Бұл хабарды үлкен-кiшi теледидар алдында телмiрiп отырып күтетiн, рахаттанып тұрып көретiн. Ол кезде бiз оқуға жаңа түскен студент едiк. Теледидардан қара шал мен сары шалдың екеуiмен де терезесiн тең ұстап, бақ iшiнде аяңдап қатар жүрiп келе жатқан Сұлтекең мықтылардың мықтысы секiлдi көрiнетiн. Баппен сөйлейтiн сырбаз Ғабит Мүсiрепов те, ойы орнықты, сөзi салиқалы Ғабиден Мұстафин де оған ағынан ақтарылады. Демек, Сұлтекең олардың жүрегiне жол тапқан. Әйтпесе, он жерден микрофон ұсынып, әңгiмеге тартсаң да ашылмайтын адам ашылмайды.

Кеңестiк дәуiрде қазақ әдебиетiнде есiмi қатар аталатын төрт қаламгер болды. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов, Ғабиден Мұстафин. Осы ретпен айтылады. Алдыңғы екеуi өмiрден ертерек кеттi де, сексенiншi жылдардың орта тұсына дейiн ғұмыр кешкен қос Ғабең әрiптестерiнiң аялы алақанында болды. Бiрақ екеуi де ел алдында жарқылдап шығып, үнемi жұрт назарында жүретiн жария тұлға болған жоқ. Бiрi – күй талғайтын кербез, жан талғайтын тәкаппар. Екiншiсi – оңашалықты тәуiр көретiн бiртоға, тұйық. Қысқасы, бабы келiспесе, екеуi де өздiгiнен теледидарға сұхбат беретiн адамдар емес. Олардың тiлiн Сұлтан ғана тапты.

Сұхбаттың тек телевизиялық нұсқасын көретiн көрермен мұның аржағында қаншама жанкештi тiрлiк бар екенiн бiлмейдi. Хабардың авторы өзi онсыз да жақсы бiлетiн қос алыптың шығармашылығына қайта үңiледi. Кiтапханаға барып, том-том кiтаптарды дамылсыз ақтарады. Олар туралы отандық және одақтық баспасөзде не жазылғанын анықтап, түгел сүзiп өтедi. Ол аздай қос Ғабеңнiң кейiпкерлерiнiң әлемiне саяхат жасайды. Түптұлғаларды тиянақтылықпен зерделейдi. Қаламгерлердiң адами болмысы, тұлғалық табиғаты туралы ой жинақтайды. Содан соң барып, микрофонды қолға алады.

Талғамы терең, талабы жоғары Ғабаң да, Ғабең де Сұлтекеңе қатты ризашылық танытты. «Сұхбат» қос алыптың онсыз да биiк беделiн одан әрi асқақтата түстi. Сұлтан Оразалинов қара шал мен сары шалдың жан дүниесiне жақынырақ үңiлгiсi келетiн көрермен үшiн көзге көрiнбейтiн көпiр салып бердi. Әйгiлi жазушылар өзiнiң оқырмандарына iшкi сырын ақтарды, жүрегiнiң түбiндегi сөзiн айтты. Бұл бiр елдiң аузынан түспейтiн хабар болды. Халық «Сұхбатты» қайталап көруден жалықпады. Сол тұста қос Ғабеңнiң де көңiлi көтерiңкi жүрдi.
Екеуiнiң бiрiн-бiрi қалжыңмен қажайтыны, ел iшiне кеңiнен тарап кеткен әзiлдерi жеткiлiктi екенi баршаға мәлiм. Сұлтекеңнiң «Сұхбат» хабары да қос алыптың кезектi қалжыңына өзек болды. Ғабит Мүсiрепов бiрде Ғабиден Мұстафинге былай дептi:

«Әй, Ғабиден, осы Сұлтан екеумiзге екi түрлi қарайды-ау деймiн». «Е, неге?». «Сенi түсiргенде жарығы да, бояуы да жақсырақ көрiнедi. Маған келгенде бәрi де көмескi тартады. Сiрә, сол сенi айрықша жақсы көретiн болуы керек». «Пәлi, сол да сөз боп па, – дейдi Ғабиден кеңк-кеңк күлiп, – Ол екеумiздi де жақсы көредi. Мәселе Сұлтанда емес, бiзде болып тұр ғой. Қайсымыздың тәуiр екенiмiздi теледидардың өзi айна-қатесiз танытып тұрған жоқ па?!».

Бұл әңгiменiң ұзын-ырғасы осындай. Алыптар шоғырының жалпақ әлемге әйгiлi қос бiрдей тұғырлы тұлғасы қазақтың қай қаламгерi туралы қай кезде осындай жарасымды қалжың қағыстырып едi?! Оның үстiне екеуiнiң де жас әрiптестерiне ерекше iлтипатпен қарағаны байқалады. Әке мен шешенiң кейде: «Баламыз қайсымызды жақсы көредi өзi?!» – деп емiренетiнi бар емес пе? Құдды сол. Қазақ әдебиетiнiң баршаға танымал қос классигi сенi дара «меншiктегiсi» кеп, бiр-бiрiнен «қызғанып», әзiлмен сөз таластырып отырса, не арманың бар?! Сұлтан Шәрiпұлы – осы жағынан алғанда да маңдайының бағы бар адам.
Алыптардың Сұлтанға деген ыстық ықыласы мұнымен де бiтпейдi. Ғабит Мүсiрепов «Ұлпан» атты кiтабына «Сұлтан iнiме! Бiрге еңбектенген күндердiң ескерткiшi болсын» деп қолтаңба қалдырыпты. Ал Ғабиден Мұстафин болса, «Ой әуендерi» атты кiтабының алғашқы бетiне «Бағытың дұрыс, өсiп келесiң. Өсу жолыңда талай белестер бар, шаршап қалмай, белестерден аса берсең, мен қуана берем» деп жазыпты. Бұл бүкiл жұртты аузына қаратқан атақты жазушылардың қатардағы оқырманға қарата жай айта салған сөзi емес. Жанында жүрген, әңгiмесi жарасқан әрiптеске жақындығын танытып жазған қолтаңбалар. Ұлтымыз ұлықтаған ұлылардан қалған құнды жәдiгерлiктер.

Сұлтекеңнiң ең қастерлi дүниелерi де – осылар.

Тiлдiң тынымсыз тiрлiгi

Жатпайды бiреулердей iшiнде есеп,
Ұсақтап көрген жоқсың, iсiң кесек.
Соңыңнан iнi болып ерер ме едiк,
Сұлтеке, жан сырыңды түсiнбесек.
Несiпбек Айтұлы

Кейiпкерiмiздiң кiсiлiк келбетiн тiл мәселесiнен бөлiп қарау мүмкiн емес. Өйткенi ол осы саланың көшiн бастады. Тәуелсiз елiмiздегi тiл саясатының негiзiн салды. Әлi күнге дейiн тынысы кең ашылмай келе жатқан күрмеуi көп күрделi құрылымның iргетасын қалау Сұлтекеңнiң пешенесiне жазылды.

Үкiмет құрамында тұңғыш рет құрылған Тiл комитетiнiң төрағасы болып бекiтiлген соң бұл iске құлшына кiрiстi. Тәуелсiздiк ендi ғана қолға тиген уақыт. Халықтың рухы жоғары. Елiм деп егiлiп, тiлiм деп төгiлiп жүрген жұрт. Бәрi де жаңадан отау құрған Тiл комитетiне үмiтпен қарайды. Бiрақ салғаннан жұмысты өрiстетiп әкету оңай болған жоқ. Кеңiнен көсiлуге қаражат қолды байлады. Не нәрсенi де үнемдеуге үйренген қытымыр қаржыгерлер жаңа мекеме қызметкерлерiнiң санын көбейтпеуге тырысады. Ат төбелiндей топпен адам айтқысыз ауқымды шаруа iстеткендi қалайды.

Сұлтекең тiлдiң кедергiлерiмен күрестi бастамай тұрып, алдымен қаржының құлағын ұстағандармен арпалысты. Солармен күнде тәжiкелеседi. Жұмыс iстеуге қолайлы штат кестесiн жасап, бекiтуге апарады. Олар жобасын жонып-жонып, қидалап-қысқартып тастайды. Қидалауға да, бұйдалауға да көнбейтiн Сұлтекең кестенi қайта әзiрлеп, басшылардың алдына кiредi. Бөтен бiреу болса, жүнжiп кетер едi. Ал бұл мiнезiнiң бiрбеткейлiгiнiң арқасында табандылық танытып, ақыры дегенiне жеттi. «Егер жұмысты бастамай жатып, шөмiштен қағатын болсаңдар, бұл қызметтерiңнiң маған қажетi жоқ», – деп мәлiмдедi. Осыдан соң көзге көрiнбейтiн кедергiлер азая бастады.

Сөйтiп, жанкештiлiкпен iске кiрiстi. Барлық облыстардан Тiл комитетiнiң құрылымдарын ашты. Тiптi аудандарда да тiл бөлiмдерi болды. Бұл бiр тiлдiң түтiнi түзу ұшқан уақыт едi. Тiл жанашырлары тiлбұзарларға, жарымжан жарнамаларға қарсы күрестi. Тiл комитетi елдiң рухын көтеретiн беделдi мемлекеттiк құрылым ретiнде қалыптасты. Тыным таппайтын төраға елдi соңынан ерте алатын тұлғаға айналды.
Кейiн бұл құрылым заманның ыңғайына қарай бiресе iрiлендiрiлiп, бiресе ықшамдалып, талай оңтайландыруды бастан өткердi. Соған қарамастан тiл майданының сардары ретiнде танылған Сұлтекең өз мiндетiне адал болды. Ұлт саясаты жөнiндегi мемлекеттiк комитет төрағасының бiрiншi орынбасары, Бiлiм және мәдениет министрлiгi Тiл саясатын үйлестiру департаментiнiң директоры, Әдiлет министрлiгi Құқықтық насихат, мемлекеттiк тiлдi дамыту және жұртшылықпен байланыс департаментiнiң директоры болып қызмет iстеген Сұлтан Оразалинов күнi бүгiнге дейiн пайдаланылып жүрген бiрқатар құнды құжаттарды әзiрлеуге басшылық жасады.

Ұлты қазақ азаматтарының аты-жөнiн дұрыс жазу тәртiбi туралы ереже, қазiргi қолданыстағы Тiл туралы заң Сұлтекеңнiң тұсында өмiрге жол ашты. Бұқаралық ақпарат құралдарының тiлiндегi олқылықтарды реттеуге күш салды. Егер тiл саласындағы бiрқатар батыл бастамаларға ертерек қол жеткiзген болсақ, бұл тегеурiндi төрағаның арқасы деп бiлiңiз.

Жалпы, бiздiң кейiпкерiмiз қай кезде де абырой-атақтан кенде болған емес. Қазақстанның еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi... Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi... Халықаралық Телевизия және радио академиясының мүшесi... Президенттiң БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты... Қоғам қайраткерi, жазушы, телесыншы, баспагер, киногер... Жететiн шығар. Бiрақ осының бәрiнен бұрын «Тұңғыш төраға» деген тiркес елдiң ойына алдымен оралады. Күллi қазақ жұрты оны тiлбасы ретiнде таниды.

* * *

Бiр кезде Аягөздiң вокзалында елмен бiрге суретке түсiп жатқан Әуезовтiң артына келiп, елеусiз ғана тұра салған бала бүгiнде беделдi тұлғаға айналды. Мұхаңның желке тұсынан сығалаған ұғымтал ұлан кейiн жұрт алдына шықты. Қазiр оның өзiнiң де артында қарап тұрған қалың елi бар. Оны айтқан бiз емес, заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов. Адамзаттың Айтматовы өзiнiң елу жылдық мерейтойына арнайы барған Сұлтекеңе: «Сенiң артыңда ырғалған қазақ елi тұр ғой», – деп жүрекжарды лебiзiн бiлдiрiптi.
Сөйтiп, шынашақтайынан Шыңғыстаудың шежiресiне қанығып өскен парасатты перзент бүгiнде сырлы сөздiң Сұлтанына айналды. Баяғыда алқа-қотан отырып, «Абай жолын» ала жаздай дауыстап оқытқан Құндыздының көшелi көп шалының батасы қабыл болған да...

* * *

Бүгін Сұлтан аға Оразалы сексен жасқа толды! Аман-саулығыңызды тілейміз, ардақты аға!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер