Ескендір Хасанғалиевтың жағдайына дәрігерлер "аса ауыр" деген баға берді

14089
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның халық әртісі, әншi, композитор Ескендір Хасанғалиев пен жары Дарико Хасанғалиеваның ұлы Біржан Хасанғалиев коронавирус жұқтырған ата-анасының хал жағдайы туралы баяндады, деп хабарлайды  "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

Біржан Хасанғалиевтің айтуынша, анасы Дарико Хасанғалиеваның жағдайы оңалған.

"Анамның жағдайы жақсарып келеді, емін алып жатыр. Жақын күндері жансақтау бөлімінен шығады. Дәл қазіргі арманымыз - ата-анамыздың аман-есен ортамызға оралуы. Қасиетті Рамазан айында балаларымызға дейін тілеген дұға, тілегіміз қымбат жандарымыздың бұл дерттен құтылуы болып тұр. Сахнада 60 жыл жүрген Ескендір Хасанғалиев өмірін қазақ халқына арнап келеді, халық та тілеуін тілеп, қазір алаңдаулы", - деді ол.

Әншінің айтуынша, Ескендір Хасанғалиевтің жағдайына дәрігерлер "аса ауыр" деген баға беріпті.

"Әкемнің жағдайына қатысты дәрігерлер кейінгі төрт күндегі көрсеткіштерге сүйеніп, "аса ауыр" деген баға беріп отыр. Осыдан екі жарым жыл бұрын әкем жүрегіне күрделі ота жасатқан болатын, соның да әсері бар ма деп ойлаймыз. Өкінішке қарай, қазір ИВЛ (жасанды тыныс алдыру аппараты - Авт.) аппаратына қосылған. Алайда дәрігерлердің айтуынша, алдағы 5-6 күн ішінде жағдайы жақсарып қалуы мүмкін. Бүкіл халық болып әкемнің тілеуін тілеп, жылы тілектерін жаудырып жатыр, содан болар өзімізде де сенім пайда болды. Қазақ "Көптің тілеуі көл", деп бекер айтпайды", - деді Біржан Хасанғалиев.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер