Еліміздің солтүстік өңірлері оңтүстіктен келетін халықты күтуде

2924
Adyrna.kz Telegram

Еліміздің оңтүстігінен солтүстік өңірлеріне қоныстанушыларға баспана жалдауға субсидия беріледі. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті депутаттарымен кездесу барысында еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз халықаралық және ұлттық сарапшылармен, Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, халық санына болжам жасадық.  Сонда қазірдің өзінде халықтың қоныстануда теңгерімсіздіктің бар екендігі байқалды.

Біздің оңтүстігімізде ел халқының 38 пайызы тұрады. Олар Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары. Ал шамамен 17 пайыз халық солтүстік өңірлерде тұрып жатыр.

Егерде мұндай жағдай одан ары сақтала беретін болса, онда болжамға сәйкес 2050 жылға қарай оңтүстік өңірлердің халқы 5,2 млн. адамға жетеді. Солтүстік өңірлердің халқынан 4 есеге асып түседі, ал солтүстік өңірлердің тұрғындары 1 млн. адамға кемиді», – деді министр. Оның атап өтуінше, қазірдің өзінде оңтүстік өңірде 100 жаңа туған балаға 12 қарт адамнан келсе, солтүстік өңірде 100 жаңа туған балаға 53 қарт адамнан келеді. «Яғни, қазірдің өзінде еңбек ресурстарына қатысты мәселе туындауда», – деді Т.Дүйсенова. Министрдің айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасы» жүйеге асырылған жылдардың ішінде оңтүстік өңірлерден Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарына 19 мың адам көщіп барған. Оларға бағдарлама аясында 5,4 мың қызметтік пәтерлер мен жатақханаларда бөлмелер салынған. «Бұл саясат одан ары да жалғаса береді.

Дегенмен, ендігі уақытта жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы аясында баспана салу қарастырылмайды. Өйткені, «Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бірақ, жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы аясында қоныс аударушылардың жалға алатын баспаналарына төлем жасау мүмкіншілігі қарастырылады. Отбасы мүшелерінің санына байланысты әрбір мүшеге 34 мыңнан 68 мың теңгеге дейін баспана жалдауға субсидия беріледі.

Мәселен, бір адам келсе, онда оған қалалық жерде баспана жалдауға 20 АЕК беріледі. Бұл шамамен 45 380 теңге. Егер отбасында 2-ден 4 адамға дейін болса,онда 25 АЕК беріледі. Мұнан бөлек, жергілікті бюджет есебінен тұрғын үй салу мүмкіншілігі де қарастырылуда», – деді ол.


"Адырна." кз

Пікірлер