Мөңке бидің ұрпағы

3890
Adyrna.kz Telegram
Ай, Бердібай, Бердібай,
Сөйлер ме едім мен бұлай?!
Мұңым менің бітпеді-ай,
Күнім нені күткені-ай?!
Ертай Ашықбаев
Осыдан отыз алты жыл бұрын, бүгінгіше айтсақ, Бершүгір стансасының, теміржол бойының сол кездегі ресми ономастикасына сүйенсек, «Берчогрдің» баласы Бердібай Кемал екеуміз Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газетіне өндірістік практикаға келдік. Бұл коммунизмнің елесі ептеп көмескілене бастағанымен оның сара жолы әлі де сайрап жатқан кез еді. Осындай идеологиялық ұстаным қоғамға тірек болып тұрған дәуірде ілмиген шиборбай екі студент ақтөбелік сақа журналистердің ортасына топ ете түстік.
Біздің бұл келуіміз кейін осы газеттің бүгінгі бас редакторының орынбасары, ол кездегі жас тілші Ертай Ашықбаевтың «Өндірістік тәжірибе» деген өлеңіне өзек болды:
Ақтөбе, талай ерге болдың ыстық,
Алматыдан келді, уай, –
Сын-байқауға бір айлық өндірістік,
Бауыржан мен Бердібай.
Мен түлекпін, студент бұлар әлі,
Бұлар – ескек бағытсыз қайықтағы.
Жоқ әзірге байсалды мұралары,
Жоқ тіпті зайыптары…
Журфакты бітіргеніне бір-екі-ақ жыл өткен Ерекең
«Дәл осындай сәл мұңсыз, сәл бақытты,
Мен де болғам,
Кезікпеген ешқандай зарға тіпті,
Кешегі келген ордам», – деп бізге қызыға қарайды.
«Сондықтан да тым ыстық бұлар маған,
Жүремін әрідегі елеске еріп,
Қай сиқыр жұтқан бізді, кім арбаған,
Осындай емес пе едік?», – деп студент күнін сағынып еске алады. Ал біз қаламы өлең сөзге де, көсемсөзге де жүйрік Ерекеңнің қабілетіне қайран қаламыз. Әдетте ақындардың мақала жазуға қыры бола бермеуші еді…
Үшінші курсты бітірген соң Ақтөбеге өндірістік практикаға келуімнің екі-үш түрлі себебі бар еді. Біріншіден, бір курс төмен оқитын Бердібай досым «Біздің елге барайық, Шалқарда шалқып жүріп, бір жақсылап демалайықшы», – деп қолқа салды. Екіншіден, Ақтөбе біздің Аралға соншалықты алыс емес. Өндірістік практиканы ертерек бітіріп, ел жаққа тартып тұрғым келді.
Газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Әмір Оралбаев ағамыз бас редактор Нұрқайыр Телеуовке кіріп шығып, Бердібай екеумізді өзінің қарамағына практикадан өтуге сұрап алды. Егіс науқанының күйіп тұрған тұсы. Практиканттың көмегіне зәру бөлімнің бірі осы.
Бір-екі мақала жазып, ауылға тайып тұрамын дегеніміз әдіре қалды. Бас редактор Бердібай екеумізді штатқа алды. Сол Әмірдің бөліміне тіркелдік. Екеумізге бір журналистің жалақысын бөліп берді. Оның үстіне қаламақысы тағы бар. Ол кезде ашқұрсақ студент үшін мұнан артық бақыт жоқ еді.
Қолымыз сәл босаса, дәлізге шығып, әрі Ерекеңнен темекіні дұрыстап шегуді үйреніп, әрі әсерлі әңгімесін тыңдап қайтамыз. Алматыда қатар өткізген күндерді еске алып, күлісеміз. Ерекең зілсіз әзілге өте шебер. Шайтан иектеген Бердібай екеуміз де қысыр әңгіменің қалыптасқан маманымыз. Ал Әмір әзіл-оспаққа мүлде жоқ. Соны байқаған Бердеш екеуміз мәдениет бөліміне барып, Ерекеңнен ауық-ауық қуат алып келеміз де, Ақтөбенің ауыл шаруашылығын өркендетуге аса құлшыныспен кірісеміз...
Менің Бердеш досым оқу бітірген соң Ақтөбенің ауыл шаруашылығын болмаса да, бұқаралық ақпарат саласын өркендетуге бар ғұмырын арнады. "Егемен Қазақстанның" осы облыстағы меншікті тілшісі болды. Оның әйгілі Мөңке бидің тікелей ұрпағы екенін кейін білдік. Ұлы бабасын ұлықтауға бір адамдай еңбек сіңірді. Кейіннен дос-жарандарының бәрі Алматы мен Астанаға үдере көшкен кезде ол арайлы Ақтөбесін шырайлы шаһардың ешқайсысына айырбастамады. Қаламын мығым ұстады. Қадамын нық басты. Қалалық әкімдіктің қатардағы қызметкері болса да, кез-келген шенеунікке кеудесін бастырған жоқ. Түменбасы Төрежан Мәндібай бастаған ақтөбелік сатириктер армиясының сайыпқыран сарбазының бірі еді.
Былтырдан бері ауыр дертке шалдықты. Төзімділігі таң қаларлық еді. Сырқаты жанына батқанын білдірген жоқ. Еңсесін төмендетпеді. Соңғы күндерге дейін ер мінезді қалпынан танбады.
Сол Бердібай Кемал... Досқа адал, сертке берік, арына дақ түсірмеген ақ Бердеш бүгін өмірден өтті... Жан жары Мейрамгүлге, апасы Бәкизаға, інілері Мейрамбай, Елтай, Оралға, басқа да ағайын-туыстарына көңіл айтамыз.
Сөзі салиқалы, ойы орамды Бердібайдың бойынан бидің болмысын байқайтынбыз. Бәлкім, «Жылқы жұлдыз болады, Қой құндыз болады. Кебір жерге теңеледі, Әйел ерге теңеледі, Көл теңізге теңеледі. Сиыр өгізге теңеледі» деп толғаған біртуар бабасының қасиеті қонған болар.
Әйтеуір, біз көрген Мөңке би сол еді...
Алдыңнан жарылқасын, ақ Бердеш!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
РЕДАКЦИЯДАН: 
Ғалым, публицист-журналист Бауыржан Омарұлының қаламдасы Бердібай Кемал туралы естелік мақаласы бір жыл бұрын (2020 жылдың 4 тамызы) күні марқұмның мезгілсіз қайтыс болуына байланысты жазылған еді. Бүгін журналист Бердібай Кемалдың туған күні. Соған орай атаулы естелікті қаз-қалпында оқырман назарына қайта ұсынып отырған жайымыз бар.
Пікірлер