2024 жылы Ресейде 45 журналист қылмыстық қудалауға ұшыраған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе өскен. Қылмыстық істер көбінесе "шетел агенті міндеттерін орындамау" және "әскер туралы фейктер тарату" баптары бойынша қозғалған. Бұл туралы «БАҚ құқығын қорғау орталығының» 22 қаңтарда жариялаған қорытынды есебінде көрсетілген, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
2024 жылы қылмыстық қудалауға ұшыраған 45 ресейлік журналистің арасында, әсіресе, "шетел агенті міндеттерін орындамау" ( ҚК 330.1 бабы – 16 іс), "әскер туралы фейктер тарату" (ҚК 207.3 бабы – 10 іс), "экстремистік ұйымға қатысу" (ҚР ҚК 282.1 бабы – 8 іс) және "терроризмді ақтау" (ҚК 205.2 бабы – 7 іс) баптары бойынша қозғалған істер басым болды.
Өткен жылы Ресейде алғаш рет "қалаусыз ұйымдардың қызметін ұйымдастыру" (ҚК 284.1 бабы) бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл іс бойынша "Новая газета Европа" бас редакторы Кирилл Мартынов айыпталды. Сондай-ақ, Ресей билігі Украина қарулы күштерінің Курск облысына басып кіруін баяндаған шетелдік журналистерге қатысты кемінде 12 қылмыстық іс қозғады (ҚК 322 бабы – Ресейдің мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту).
Өткен жылы Ресей соты журналистерге қатысты кемінде 27 қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, оның 10-ы сырттай шығарылған. Көбіне істер әскери "фейктерді тарату" (ҚК 207.3 бабы) бойынша қозғалған. Үкім шығарылғандар арасында The New Yorker авторы Маша Гессен, жазушы және журналист Михаил Зыгарь, Republic бас редакторының бұрынғы орынбасары Дмитрий Колезев, RusNews журналисті Роман Иванов, блогер Камикадзе Ди, "Листок" газеті баспагері Сергей Михайлов бар.
Шетелдік журналистер де сотталды – The Wall Street Journal тілшісі Эван Гершкович және "Радио Свобода" журналисті Алсу Курмашева. 2024 жылдың тамызында олар Ресей мен Батыс арасындағы тұтқын алмасу аясында босатылды.
“2024 жылдың соңына қарай Ресейдің Әділет министрлігінің реестрінде 688 "шетел агенті" тіркелген, олардың 160-ы журналистер, 63-і БАҚ және 43-і блогерлер”, деп хабарлайды құқық қорғаушы ұйым. Осы уақытта билік "шетел агенттері" туралы заңды қатайтуда.
Ресей билігі "қалаусыз" ұйымдармен жұмыс істегені үшін әкімшілік қудалауды күшейтті. "Медиа құқығын қорғау орталығының" мәліметінше, өткен жылы ҚК 20.33 бабы бойынша кемінде 79 шешім қабылданған. Ең көп хаттамалар "Медуза" журналистеріне, сондай-ақ осы басылымның сарапшылары мен оқырмандарына қатысты жасалған. Бұған дейін "Медиазона" 2024 жылы Ресейдің соттары "қалаусыз" БАҚ-пен жұмыс істегені үшін 81 айыппұл салғанын хабарлаған болатын, оның 45-і "Медузаға" қатысы бар.