Байқатпады бұл өмір

4396
Adyrna.kz Telegram

(Эссе)

Түркістанның түлегі
Қош, қайтып оралмайтын бал дәуренім,
Сен дүние самғау ма едің, алдау ма едің?!
Бақытты, қайғы-мұңсыз балалығым
Желге ұшып, құмға сіңіп қалды-ау менің!
Ыбырай Бекжігітов
Журфактағы елу орынға елу ақын түсетін жылдар... Біз түскен жылы да солай болды. Шетінен сұрапыл. Бауыржан Үсенов, Гүлнар Салықбаева, Нүсіп Әбдірахимов, Сәулеш Шәтенова, Әнуарбек Әуелбек, Нұрмира Әлішерова... Журфак пен филфакты тел емген жыр жампозы Светқали Нұржан екі жатақхананың арасында тынымсыз жортады... Қыстауы – филфак, жайлауы – журфак сол шиыршық атқан шайтан мінез шайырлардың арасында бізден гөрі ересек, өлеңі де, өзі де ұстамды қарапайым курстасымыз Ыбырай Бекжігітов жүрер еді. Жүруін жүргенмен түйені шөгермей мінетін анадай сойқандардың соңынан ілесіп отыру оған әсте оңай болмайтын.
Ол жылдардың ақыны қазіргідей өмірге епті бозбалалар емес, омырауын ашып, желге қарсы жүретін жалаңтөстер еді. Ертеңгі күнін ойламайды. Жұртқа жүрегін жұлып береді. Жалын ұстатпайтын шу асаудың үйірі сияқты топ-тобымен өріп жүреді. Жай жүрмейді, дауылдатып жүреді. Жүрген жерін құйындатып кетеді. Оның үстіне ол дәуірде «жақсы ақын жақсы ішуге тиіс» деген қатаң қағида орныққан-ды. Сілтей алмасаң саған серт. Ақын өзін үнемі құрбандыққа шалады. Поэзия пырағына мінген адамның ұстанатын жазылмаған заңдары бар. Жорыққа бірге барған достарың бұлғалақтап қалса, сен бұлталақтамай, үйіне жеткізіп тастауың керек. Өйтпесең, ол кез-келген сәтте айықтырғышқа түсуі мүмкін. Мұнда түнеп шыққаны әшкере болса, оқудан аласталып кетуі де кәдік. Сондықтан ақынның өмірі үнемі қыл үстінде.
Шиыршық атып тұратын ширақ шайырлардың ортасына Ыбырай еркін кіре қоймады. Себебі, олардан жасы әлдеқайда үлкен еді. Шайтан суды шайқап ішіп, таң атқанша тыным таппайтындардың санатынан емес-ті. Оның үстіне жастайынан науқасқа шалдығып, өлеңін де өрістете алмады. Бірақ өмір үшін күресудей-ақ күресті. Тіпті халық емшісі атанып, дәрі-дәрмектің сан түрін ойлап тауып, өзін де, өзгелерді де кеселінен айықтырды. Ақыры ауыр дерт дегеніне жетті. Ол осыдан бір жарым жыл бұрын өмірден өтті.
Сол сексен бірінші жылы бізбен бірге журфакқа оқуға түскендердің арасында ересек екі жігіт бар еді. Біреуі – отыз төрт жастағы Аманғали Дайрабаев, екіншісі – жиырма бестегі Ыбырай Бекжігітов. Мектептен жаңа ғана ажыраған бізге олар өте егде көрінетін. Сыйлайтынбыз əрі еркелейтінбіз. Жеме-жемге келгенде ептеп ығатынбыз... Үлкеннің аты – үлкен. Тайраңдасаң, тарпып жібереді. Тау тұлғалы Аманғали аға алпысқа толмай дүние салды.
Ыбырай Бекжігітов... Қарапайым ғана ғұмыр кешті. Ешкімнің алдын ораған жоқ. Адам баласына зияны тимеді. Бір қарағанда қой аузынан шөп алмайтын момын секілді көрінетін. Бірақ сол момындарыңның да кейде ерін бауырына алып тулайтыны бар ғой. Оның да сөйтіп жанартаудай атқылағанын бір-екі рет көрдік. Қарап жүрмей өзіміз ұрынатын едік. Әйтпесе, тек жүрсең Ыбекеңнің сенде несі бар?!
Сол Ыбырай ақының мынадай бір өлең жолы бар еді:
Сый-құрметі тағдырдың бар десек те,
Өмірімді арнаман жарты есепке.
Ұлылардың жазғанын оқып жатам,
Суық пəтер, темір тор, тар төсекте...
«Ыбеке, – дейміз біз қалжыңдап, – сонда сіз қай ұлы адамның қай ғаламат шығармасын оқып жатыр едіңіз?». «Марксизм-ленинизм классиктері ғой... Тарихтан семинарға дайындалып жатырмын да». Сөзден сүрінбейді. Риясыз күледі де жүреді. Ыбекеңнің айтып тұрған адамдарын ұлы адамдар емес деп көрші...
Сонымен қатар, біз студент болған тұста мынадай əзіл сөз бар еді: «Оқыңыз, қызық! Журфакта Сердəлиев Бекжігіт, Бекжігітов Ыбырай, Ыбыраева Баян деген студенттер оқиды. Бір ғажабы, үшеуі де Шымкент облысының Түркістан ауданынан!». Түркістанның үш түлегі де осал емес-ті. Біреуі сазгер, біреуі ақын, біреуі журналист... Баянның қазір қайда екенінен хабарсызбыз. Жұрт жаппай айтатын бірнеше әннің авторы, публицист-ғалым Бекжігіт Сердәлі туған жерінен ұзаған жоқ. Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде журналист мамандығын игеріп жатқан студенттерге дәріс береді.
Олар Ыбырайды аға тұтты. Ыбекең де жолынан жаңылған жоқ.
Шайырдың шыдамдысы
Түк болмаған адамдай ертеңіне,
Жел байлап көңілдің ақ желкеніне
Қолтықтаса тату боп кетуші едік,
Айналды-ау, сол бір күндер ертегіге!
Ыбырай Бекжігітов
Оқуға кештеу түссе де, көштен қалмады. Университетті бітірген кезде орда бұзар отызына жеткен-ді. Өлеңдері ірілі-ұсақты басылымдарда жарияланып жатты. Ол кезде қазақ руханиятындағы елеулі жаңалық болып саналатын студент ақындардың жинағына да бірқатар жырлары енді. Журналдың төресі – «Жалынға» да өлеңдер топтамасы шықты. Ол кезде ең беделді әдеби басылымдар – «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» және «Жалын» журналдарында шығармаларыңның жарық көруі – әдеби ортада мойындалудың басы. Бірақ бұған Ыбырай онша асып-тасқан жоқ, сол баяғы салмақты мінезімен үндемей-ақ өлеңдерін жазып жүре берді.
Бәрібір біз оны өзімізбен қатар оқыған басқа ақындармен салыстыратынбыз. Жас ақындардың бәрі шетінен мінезді еді. Төбесі көрінгеннен ақ жауындай жыр селдетіп келе жататын. Олардың екпініне ешкім шыдамайтын. Ал алқын-жұлқын, артық-ауыс мінезі жоқ біздің курстасымыз «тек жүрсең, тоқ жүресің» деген қанатты қағиданы тастай қатып ұстанатын. Оны да түсінуге болады. Ауылда бес-алты жыл жұмыс істеп, кластастары жоғары оқу орнын бітіріп кеткен кезде журфакқа әзер ілінсе, тек жүрмей қайтсін?!
Сол тұста жұрт жырларын жаппай жатқа оқитын Жарасқан ақынның мынадай жыр жолдары бар еді.
«Ақынбыз деп қақпай-ақ кеудемізді,
Таниды ғой осы жұрт кейде бізді.
Футболистер сияқты жанкүйерге,
Жыртып-жыртып бермей-ақ жейдемізді».
Жас перілерге тән мұндай дүлейлік Ыбырайдың бойында жоқ-тын. Ол өз мінезін тұсаулай білетін салқынқанды, салиқалы, шыдамды шайыр болды. Оның жанкүйерлерге жыртыс секілді таратып үлестіре беретін артық-ауыс фуболкалары да көп емес-ті. Көп болғанның өзінде оны жырта салуы екіталай... Ыбырай жүрегін жалаңаштап, ағысқа қарсы жүзетін бүлікшіл ақын болған жоқ. Келіссін-келіспесін өңешін жыртып, өзеуреп өлең оқитын оғаш қылықтан да ада еді. Өтініп қоймасаң ғана, бір-екі өлеңін оқып, қойын дәптерін жасыра қояды. Ол дәптерді қайда тыққанын жан баласына білдірмейді. Жүріс-тұрысы жатқан бір жұмбақ.
Алқалы топқа көп жоламайды. Үнемі жұрттан алысырақта саяқ жүреді. Өз бетінше ойға шомып келе жатады. Бірдеңе сұрасаң жауап береді. Сұрамасаң тіл қатпайды. Ал енді күлгенде бүкіл бет-ауызы жиырылып, шынайы ниетімен риясыз күледі. Ол күлгенде бәріміз де күлеміз. Мұқағалиша айтқанда, жүрегінің түбіне кір жасырмай, бүкіл жан дүниесімен ақтарылады.
Ыбырай сабақтан бас алмай, оқуды алғы кезекке қоятындардың қатарына да, көштің соңында қалып, ілініп-салынып жүретіндердің санатына да жатпайтын еді. Ол атойлап алға шаппады, шаң қауып артта қалмады. Жұрттың жуан ортасында тіршілік кешті. Сол тіршілігі өзіне де, өзгелерге де ұнады.
Радиожурналистика пәнінен дәріс беретін Намазалы Омашев ағамыз сабақ үстінде Ыбырайды қалжыңмен әбден қажайтын. Әрине, оған бүйрегі бұрып тұратыны, ой-пікірлерін теріс көрмейтіні белгілі. Бірақ сонда да әр сабақта кемінде бір рет сөзбен шымшып өтетін. Бір күні ұстазымыз тілінің тікенін тағы бір қадаған сәтте үндемейді деген Ыбырайдың өзі: «Ой, ағай-ай, мен сіздің бір бәлекей балаңыз болдым-ау!», – дегені бар емес пе?! Бүкіл курс ду ете қалдық. Студентінің тығырыққа тіреліп қалмай, табанда айтқан тапқыр сөзіне Намазалы ағайдың өзі де езу тартты. Содан ақын досымызды біразға дейін «бәлекей бала» деп атап жүрдік.
Оқу бітірген соң еліне кетті. Туған жерінің маңайында, Түркістанның төңірегінде жүрді. Бұқаралық ақпарат құралдарында, өзге де мекемелерде жұмыс істеді. Тіпті діни оқу орнында да сабақ берді-ау деймін. Сірә, университетте араб тілін оқытқан Мәрзия Мәженова апайдан үйренген білім-білігінің пайдасы тиген болуы керек.
Қарапайым тіршілігінде өнегелі іспен айналысқан сыңайлы. Өлең жазуды орта жолдан тастап кеткен жоқ. Өзімен бірге жырлары да есейді. Бұрын жастықтың желігін, көңілдің албырттығын жазған дүниелеріне арқау етсе, енді өмір құбылыстары, адам болмысы туралы көбірек толғанатын болды. Бірақ өлеңді жиі жазып, оны жиі жариялайтын ақындардың алдыңғы легінде жүрген жоқ. Қара сөздің қадірін білді. Өлеңі жүректен шығатынын сезгенде ғана көңіл-күйін кестелеп, қағаз бетіне түсірді.
Шыдамдылық оның қанына біткен сияқты еді. Жанына батқан дертке де, жүйкесін жұқартқан жәйтке де шыдап баққан секілді. Өлең жазатын тұрғыластары ұшып-қонып жүргенде байсалды қалпынан танбайған оны шайырлардың шыдамдысы дейтініміз де содан.
Өлең сөздің өкілі
Бозторғай боп төгеді ақ таң әнін
Бар ма маған, келер күн, сақтағаның?
Адамдардың үміті үзілмесін,
Тоқтамағын, алтын күн, тоқтамағын!
Ыбырай Бекжігітов
Бірде Ыбырайдың студент шағымызда түскен бір суретін тауып алдым. Өлең оқып тұр. Сол жылдардың суреті... Көп нәрсе ойға оралды. Оның туып-өткен ауылы Құшата деп аталатын. Сол Құшатаны аузынан тастамайтын. Неге солай деп аталғанын, өлке тарихындағы туған аулының орны қандай екенін әңгімелеуден бір сәтке жалыққан емес. Әйтеуір ол үшін бүкіл қазақ жұрты бір төбе де, Кентаудың қолтығына тығылуға ұмтылған Құшатасы бір төбе. Бәсі биік балуандар жөнінде «Күш атасын танымас» дейтін болсақ, енді Ыбырайды тілге тиек етсек, «Құшатасын танымас» деп әзілдейтінді шығардық.
Ыбырайдың осы туған ауылына арналған өлеңдері баршылық еді. Сол өлеңдерінің бәрінде сағыныш пен мұң тұнып тұратындай көрінетін. Ол ой сілемдерін әріден іздейтін. Батыр бабалардың текті тұлпарларының тұяғы тиген тарихтың тереңіне үңілетін. Үңілетін де өзін сол баға жетпес шерлі шежіренің жалғасы, сан ғасырдан күні бүгінге жеткен бүтіннің бөлшегі секілді сезінетін. Сондықтан ол көңілі түскенде былайша жырлар еді:
«Құшата – әкелердің құт мекені,
Ер жігіт жолға шығар жүктесе елі.
Ақын боп тумағанда, астанаға,
Айырбас жасамас ем тіпте сені».
Сонымен, ақын боп туған бала жырақта жүрсе де Құшатасының атын жүрегінде жаттап, топырағын басына жастап жататын болды. Алматының жұқалтаң студенті ауылды ойлағанда балалық шағын еске алады («Жатып ап саялаушы ем құба талын, Өзіңде жүріп құрғам жыр отауын»), өз өңірінің табиғатын өзгеше бедерлейді («Тілме өзен, жағаң тастақ, ауаң балдай, Сәуірде ескен майда, самал қандай»), елге деген сағынышын көркем оймен кестелейді («Мен үшін саған жету болады арман, Ой буса тұйғындаймын жараланған»).
Ыбырай ақынның осы өлеңінде «Өзіңе оралам деп кетіп едім, Өмір жолым бастау ап қара жолдан» деген екі тармақ бар. Өзі айтқандай, оқу бітірген соң ол еліне оралды. Көп жыл қызмет атқарды. Әбден мауқын басқан соң ғана Алатау жаққа аттанды. Өмірі мен өлеңінің тынысы ашылатын жанға жайлы мекенді бәлкім сол жақтан қарастырғысы келген шығар. Өйткені, оның жүрек түкпіріне жасырған сырын әйгілейтін мынадай бір өлеңі бар-ды:
Ән әуені жанымды баурап алды,
Нәзік сезім жылытып жаурағанды
Менің-дағы жастығым барады өтіп,
Үзілмеген гүлдерім тауда қалды...
Үзілмеген гүлдер – әрине, образды ой. Жастық шағы өткен тау етегіндегі арман қалаға қайта асыққанда өндірдей кезінен өзіне серік боп келе жатқан өлеңін баптағысы келгені анық. Нағыз ақындық ортаны аңсағаны сөзсіз. Құрақтай желкілдеп өскен балаларының да болашағын ойлаған болуы керек. Бала демекші, перзенттерінің біреуі әкесінің жолын қуды. Қолына қалам ұстап, Ыбекеңнің жазған-сызғандарын жинап, бас-аяғын құрастырып, түгелдеп-тиянақтап жүрген секілді. Әр әкенің арманы – саналы ұрпақ десек, бұл жағынан оның мойны озық тұрды деуге болады.
Жас ақынға тән дәстүрлі тақырыптар өз дәуірінде біздің Ыбырайды да қызықтырғанына дау жоқ. Қалыпты өмірде момақандау һәм бұйығылау болғанымен, қара өлеңде сал-серінің шекпенін киіп алып, қырға шығып, гүл теріп, қыз-қырқынды жағалап кетер еді. Сондықтан оның жүрегіндегі жан сыры былайша өрілетін-ді.
Өз жемісін ұсынды жылдар маған,
Өлең жаздым, қыздарға, гүлге арнаған.
Ал, бұл күнде жердегі ізгілікке
Ақынмын толғаныспен жыр жолдаған.
Байқатпады бұл өмір оң қабағын,
Тартты жылдар тағдырдың доңғалағын.
Бұл күнде мен қыз жайлы, гүл жайлы емес,
Әлемнің мұңын ойлап толғанамын...
Сонау студент шағымызда одан үлкен үміт күтетін едік. Біздің бұл үміт-сенімдеріміз көбіне сол тұстағы ең қолжетімді ақпарат құралымыз – қабырға газетінің бетінде көрініс табатын-ды. Бірде курстасымыздың келешектегі келбеті туралы мынадай әзіл жазғанымыз есімізде. «Еңселі үйден шыға келген түр-түсі таныс ерекше қазақты көргенде есік алдында тұрған екі бала кәдімгідей абдырап қалды. «Бұл кім еді-ей, есіме түспей тұрғаны?», – деді бірі. «Мәссаған, шынымен білмейсің бе? Ыбырай Бекжігітов қой, «Үлкен Түркістанның гүлденуі» романының авторы»...
Иә, Ыбырайдың біз арман еткен «Түркістаны» жазылмады. Оған денсаулығы мұрша бермеді. Оның есесіне, туған өлкесі – Түркістан қазір күн өткен сайын қайта түлеп, жаңарып-жасанып келеді. Нағыз «Үлкен Түркістанның гүлденуі» енді басталды.
Сөйтіп, курстасымыздың ішкі жансарайын өзгелер түгілі өзіміз де байқамай келіппіз. Байқатпады бұл өмір...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер