Қазақтың тарихи жырлары мен өлеңдері

16321
Adyrna.kz Telegram

Қазақ халқының тарихи жырлары мен тарихи өлеңдерін қазақтың, тіпті жалпы түрік-моңғол халықтарының ортақ эпикалық дәстүрінен бөліп алып, жеке қарастыруға болмайды. Тарихи жырлар мен өлеңдер – ежелден келе жатқан жалпы эпикалық дәстүрдің заңды жалғасы, осы жалпы эпикалық дәстүрдің дамуын аңғартатын көріністері. Тарихи жырларға тән бірәз ерекшеліктер өз негізін батырлық эпостан тауып отыр, ал тарихи өлеңдерге ортақ кейбір өзгешеліктер тарихи жырлар арасында пайда болып, қалыптаса бастаған.

Тегінде, жанрлық жағынан алғанда, «тарихи жырлар»  деп аталатын ауыз әдебиеті үлгілерін «ескі батырлар жырлары» мен тарихи өлеңдер арасындағы жанрдың өткінші түрі (переходная жанровая разновидность) деп қарастырғанымыз дұрыс болатын сияқты. Шынымен-ақ, ескі батырлар жырлары мен тарихи жырларды ортақтастыратын жәйттер бір төбе: ескі батырлар жырлары да, тарихи жырлар да тарихта болған адамдардың батырлық іс-әрекеттерін баяндайды. Мысалы, тарихи жыр кейіпкерлері Абылай, Қабанбай, Олжабай, Ағыбай, Есет, Жанқожа сияқты батырлар тарихта болған адамдар болса, Қобыланды, Ер Көкше, Ер Сайын (Бату хан), сияқты ескі батырлар жырының кейіпкерлері де тарихта болған адамдар. «Сайын» - дүние жүзін дүр сілкіндірген Шыңғыс ханның немересі, Алтын Орда ханы Батудың екінші аты, Ер Көкше болса, орыстың Никон жылнамасында 1 423 жылы апат болған тарихи кейіпкерлердің бірі болып көрсетіледі. Қобыланды батыр, Едігелер де тарихта болған адамдар. Ескі батырлар жырларында баяндалатын оқиғалардың нақтылы тарихи оқиғаларға негізделіп суреттелетіні фольклоршы, тарихшылардың зерттеулерімен дәлелденіп отырғаны белгілі. Тіпті, жыраудың, ақынның өз ойынан шығарып, жыр желісіне қосқан болып есептелетін оқиғалардың да болашақта жүргізілетін зерттеулерде тарихта шын болған оқиғалар болып анықталмайтынына кім кепіл?

Академик Ә.Марғұлан: «Қазақ эпосында өз халықтардың, басқа жағдайларда өмір сүрген халықтардың эпостарына қарағанда негізсіз фантастика, мифологиялық шым-шытырықтар аз. Қазақтың да эпосында, негізінен, өткен тарихта орын алған оқиғалар, үйішілік-тұрмыстық суреттер, ру-тайпалардың ара-қатынастары жырланады. Осы жағынан алып қарағанда қазақ эпосы, бір есептен, халық санасында терең із қалдырған, өлең-жырға қосып, ұрпақтан ұрпаққа тараған шын тарихи оқиғалар мен тұрмыс-салт көріністері туралы баяндайтын эпикалық әңгімелер болып табылады.

Тарихи фактілер мен көне замандардағы тұрмыстық ерекшеліктерді ашып көрсету жағынан қазақ эпосы кейде жылнамалық жазбалардың орнына жүрген. Осы оқиғалардың эпоста суреттелуінің дұрыстығы соншама, оларды, тіпті, тарихи әдебиеттер де дәлелдеп отыр», - деп жазады. Бұл – қазақ тарихи жыры мен этнографиясын, фольклоры мен археологиясын жетік меңгерген білікті маманның пікірі.

Осы жағынан алып қарағанда ескі батырлар жырлары мен тарихи жырлар арасындағы алшақтық онша терең емес сияқты болып көрінеді. Шынымен-ақ, арғы, ең көне жырларымызды былай қойып, «Қарға бойлы Қазтуған», «Еңсегей бойлы ер Есім», «Едіге», тіпті «Ер Сайын», «Ер Көкше», «Қобыланды» сияқты батырлар жырлары қатарына жатқызылатын шығармалар мен «Сабалақ», «Қабанбай», «Бөгенбай», «Ағыбай» т.с.с. тарихи жырлар санатына жатқызылатын үлгілердің тарихи, деректік негізін егжей-тегжейлі зерттеп шыққан болсақ, бұл алшақтық бұдан да әрі азаяр еді. Демек, батырлар жыры деп аталатын шығармалардың біразын тарихи жыр қатарына қосуға мәжбүр болатын едік.

Осы орайда айта кеткеніміз жөн: тарихи негізі жоқ эпос атаулы болмайды. Эпостың негізгі ерекшелігі – оның тарихпен, тарихи оқиғалармен тығыз байланыстығында. Мәселе тек әр эпикалық шығармада осы тарихи шындықтың қаншалықты дұрыс, қаншалықты нақты суреттелуінде. Ендеше, «батырлар жыры», «тарихи жыр» деп бөлуіміздің өзі қисынға келінкіремей тұр. «Тарихи жыр» дегенімізде «батырлар жырын» оның тарихи негізінен айырғандай боламыз, тарихи негіз «тарихи жырда» бар да, «батырлар жырында» жоқ деп есептегендей боламыз. Олай болса, «тарихи жырды» басқаша атағанымыз қолайлырақ болатын секілді. Н.Смирнова мұны «поздный героической эпос», яғни, «кенже эпос» деп атайды. Біздіңше, осы атау жанрдың (жанрлық түрдің) дұрыс сипаттамасын беріп отыр. Қырғыз бауырларымыз да кейінгі дәуірлерде орын алған тарихи оқиғаларға негізделіп айтылатын жырларды осылай атайды.

Эпос атаулыға ортақ ерекшеліктердің бірі – суреттелетін тарихи оқиғалардан неғұрлым алшағырақ тұрса, соғұрлым тарихи шындық көлегейленіп, нақтылықтың орнын жалпылық, нақтылы оқиғаларды суреттеудің орнына белгілі дәуірге ортақ типтік оқиғаларды көрсетушілік баса бастайды, нақтылы тарихи оқиға типтік оқиға сипатын ала бастайды.

Ақыр-аяғында нақтылы тарихи оқиғалардың ізімен пайда болған шығарма белгілі бір дәуірде орын алған типтік оқиғалардың жалпы суреті болып құбыла түседі. Бұл процес эпикалық дәстүрі аса дамыған қазақ, қырғыз, алтай т.б. халықтардың ауыз әдебиетінен анық бой көрсетеді. Өзге халықтардың эпостарын былай қойғанның өзінде, қазақтың «Қобыланды», «Едіге», «Ер Сайын» жырларын кейінгі дәуірде пайда болған «Сабалақ», «Бөгенбей», «Қабанбай», «Ағыбай», «Жанқожа» сияқты жырлармен салыстырсақ, осыны анық байқауға мүмкіндік аламыз.

Мұны жырдың басталысынан-ақ аңғарамыз. Мысалы, «Алпамыс» жырында:

Бұрынғы өткен заманда,

Дін мұсылман аманда,

Жиделі-Байсын жерінде,

Қоңырат деген елінде,

Байбөрі деген бай бопты...

«Алпамыстан» кейінгі дәуірде пайда болған «Қобыланды» жырында:

Кешегі өткен заманда,

Қарақыпшақ Қобыланды,

Атасы мұның Тоқтарбай,

Халықтан асқан болды бай...

Жанқожа туралы жырдың басталысы бұлардан гөрі анығырақ, нақтылырақ, айтушы оқиғаның дәл қай кезде және қай жерде болғанын көрсетуге тырысады, бұрынғы дәуірлерді атап өтіп, оқиғаның нақтылы мерзімін атайды:

Өзбек ханның тұсында,

Атамыз қазақ дін баққан,

Алтын Орда хандары

Жердің жүзін шаңдатқан.

Олардан кейін бұл қазақ

Патшалығын жоғалтқан.

Ноғайлы тозып кеткен соң

Қиуалық сарттар ел билеп,

Сырдың бойын шаңдатқан.

Олардан кейін бұл қазақ

Ақмырзаны өлтіріп,

Бабажан сартты суға артқан.

Осыдан соң айтушы бірден жырдың оқиғасын баяндауға көшеді:

Бұл хабарды есітіп,

Кіші жүз болып өр тұтқан.

Жанқожа батыр қырдағы

Аулында жатқан кезі еді,

Шаруалық етіп мал баққан.

Ақмырзаның өлгенін

Батырға барып айтуға

Жеке батыр жол тартқан...

Тарихи жырдың тарихи оқиғалардан алыстаған сайын нақытылық  нышандарынан айрылып, жалпылыққа бейім бола бастайтыны қырғыз эпосында да өте айқын көрінеді. Мысалы, ежелгі дәуірлерде болып өткен тарихи оқиғалардың негізінде өрбіген «Манас» жыры былай басталады:

Байыркынын жомогу,

Баштаса келер оролу,

Эзелкинин жомогу,

Эстесе келер оролу.

Жармы төгүн, жармы чын,

Жарандардын көөнү үчүн,

Жабыратып айтабыз.

Жолборс Манас жөнү үчүн,

Күпчүлдөктүн көөнү үчүн,

Көк жал эрдин жөнү үчүн...

Ал, қазақ, қырғыздың қалмақтармен соғыстары оқиғаларын баяндайтын «Құрманбек» жырының басталысы бұған қарағанда әлдеқалай нақылырақ: «Өткен замандардын бир кылымында кыргыз-кыпчак элинин Тейитбек деген ханы болгон. Тейитбек өзүнүн элинен башкага алы жетпеген, арышы өтпөгөн, турган жери Анжыян багытында экен. Борбор шаары Жазы болгон Ошол убактагы кыргыз, кыпчактар калмактан кордукту көп көрген».

 

Демек, батырлар жыры деп жүргеніміз – ілгергі дәуірлерде боып өткен, халықтың есінде нақтылы сипаты көмескіленіп, я болмаса тіпті ұмытылып кеткен тарихи оқиғалардың негізінде пайда болып, бара-бара жалпылық сипатқа ие болып, белгілі бір дәуір оқиғаларын жалпы түрде бейнелейтін эпикалық шығармалар. Тарихи жыр деп жүргеніміз (кенже эпос) – халық есінде нақтылық сипаты әлі толық жойылмаған, кейбір жағдайларда болған тарихи оқиғалардың ізімен шығарылған, тарихи оқиғаларды суреттеуде ескі батырлар жырларының поэтикалық тәсілдерін пайдаланған ауыз әдебиеті үлгілері. Кенже эпос – тарихи эпос пен тарихи өлеңдер арасындағы «аралық жанрлық түр».

(Жалғасы бар)


Едіге ТҰРСЫНОВ,

филология ғылымының докторы, түріктанушы

"Адырна" кз

 

Пікірлер