Қаратереңге Тарас келген жыл

4902
Adyrna.kz Telegram
(Сөз бен сурет)
Жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды дамытуға айрықша үлес қосқан тұлғалардың бірі – Тарас Григорьевич Шевченко. Әсіресе, оның шығармалары біздің халқымызға өте жақсы таныс. Өмірінің біраз бөлігін қазақ жерінде өткізген ол бұл елдің тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрлерін өз шығармашылығына арқау етті. Кобзарь ақын ретінде де, суретші ретінде де жергілікті халықтың ахуалын көркем өнер туындыларында шынайы бейнелеп, руханият тарихында қалдырды.
Қазақ қаламгерлерінің де Шевченкоға деген ықыласы ерекше болды. Әр жылдарда оған арналып бірқатар шығармалар жазылды. Әдебиетіміздің көрнекті өкілдері Сәбит Мұқанов, Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаев, Тайыр Жароков, Асқар Тоқмағамбетов, Дихан Әбілев, Сапарғали Бегалин, Қалижан Бекқожин, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Шәміл Мұхамеджанов, Ізтай Мәмбетов, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Қайрат Жұмағалиев, Сәкен Иманасов, Құланбай Көпішев, Тілеген Шопашев, Еркеш Ибраһим, Әубәкір Нілібаев, Дәуітәлі Стамбеков, Асқар Егеубаев және басқа ақын-жазушылар Шевченконың әдеби шығармаларын өз тілімізге аударды.
Возможно, это изображение (1 человек)
Кобзарьдың өмірбаянында елеулі орын алатын және ең көп аталатын елді мекеннің бірі – Қосарал. Сырдарияның теңізге құяр жеріне жақын орналасқан Қосаралды мекен еткен ақын өзінің өлеңдері мен суреттері арқылы Аралдың бүкіл болмысын көрсете алған. Бір кезде Қосарал тұрған аймақта қазір Қаратерең елді мекені орналасқан. Осы Қаратереңдегі орта мектеп ұзақ жылдар бойы Т.Г.Шевченконың атымен аталды. ХХ ғасырдың орта шенінде бұл жерде Шевченко атындағы балық колхозы болды. Сондықтан бұл ауылдың тұрғындары Кобзарьдың өмірбаяны мен шығармашылығы жөнінде жақсы хабардар.
Возможно, это изображение (дерево и на открытом воздухе)
Оның үстіне ауыл шетінде «Тарас Шевченко 1848-1849 жылдарда Қосаралда болған кезінде отырғызған ағаш» деген жазуы бар тақтайша ілінген жиде ағашының өсіп тұруы елдің ақынға деген айрықша құрметінің белгісіндей еді. Өз басым осы ауылда туып-өсіп, сол мектепте оқығандықтан, мұғалімдердің осы жиде ағашына оқушыларды ертіп апарып, арнайы шаралар өткізгеніне бірнеше рет куә болдым.
Т.Г.Шевченконың Қосаралдағы өмірін зерттеумен Арал қаласындағы №14 орта мектептің мұғалімі Л.Сапожникова, №199 орта мектептің мұғалімі Ж.Ділмағамбетов айналысты. Әсіресе, №14 орта мектептің өлкетану музейінің жетекшісі болған Людмила Сапожникованың еңбегі ұшан-теңіз.
Кеңестік дәуірде украиналық қаламгерлер қосаралдықтармен тұрақты байланыс орнатты. 1960 жылдарда «Вечерний Киев» газетінің тілшісі Петр Шклярук Қаратерең (бұрынғы Қосарал) орта мектебіне хат жазып, мәлімет алмасып тұрды. Ал Шевченко өмірін зерттеген украиналық жазушы Анатолий Костенко 1983 жылы Аралға арнайы келіп, Қосаралдағы Тарас еккен жиде ағашын көріп қайтты.
Т.Г.Шевченко өмірін зерттеушілер оның А.И.Бутаков экспедициясы құрамында болған кездегі салған суреттерін хронологиялық тұрғыдан топтап, бес кезеңге бөледі. Соның үшінші кезеңі «Қосаралды қыстап шығу» («Зимовка на Кос-Арале») деп аталады. Бұл мезгілдегі туындылар 6.Х.1848 ж. – 6.V.1849 ж. (№32-43 суреттер және №173-177 суреттер) аралығын қамтиды.
Әйгілі ақынның қарындашпен салған «Қосарал бекінісі алдындағы шхуналар» («Шхуны возле укрепления Кос-Арал»), «Қосаралдағы бағдар белгісі» («Маяк на Кос-Арале»), «Қосарал бекінісі және бастың кескіндемелері» («Укрепление Кос-Арал и наброски голов»), «Барсакелмес аралы» («Остров Барса-Кельмес») акварельмен бейнелеген «Қосаралдағы айлы түн» («Лунная ночь на Кос-Арале»), «Қосаралдағы қазақ бекеті» («Казахская стоянка на Кос-Арале»), «Аралдың тік жар жағалауы» («Крутой берег Аральского моря», «Арал теңізінің жағасында» («На берегу Аральского моря», «Көкарал аралы» («Остров Куг-Арал»), сепия тәсілін қолданған «Қосарал бекінісінің қысқы кейпі» («Укрепление Кос-Арал зимой») (екі сурет), «А.Бутаков пен А.Истоминнің Қосаралды қыстап жатқан кезі» («А.Бутаков и А.Истомин во время зимовки на Кос-Арале»), тағы басқа суреттері бір кезде оның өзі тұрақтаған елді мекеннің табиғатын, адамдарын, ауыл айналасындағы өзен-көлдердің көріністерін шынайы бедерлегенімен құнды.
Арал даласының бұдан бір жарым ғасыр бұрынғы бейнесі мен бүгінгі кейпінің арасында ұқсастық пен сабақтастық бар екенін анық аңғарасың. Бұл ұқсастық тек көркем пейзаждардан ғана байқалмайды, суретші кейіпкерлерінің сыртқы сипатынан, мінез-құлқынан да сезіледі. Әсіресе, «Қосаралдағы айлы түн» картинасындағы көкжиектен көрінген толған ай, оның сәулесі түсіп, жарқырап жатқан көл, су бетінде түнгі желмен тербелген қамыс пен қоға, жағалауға жақын келіп дамылдап тұрған шхуналар ғаламат әсерге бөлейді. Жоғарғы жағы түйіліп, етек тұсы қазбауырланып, тұтаса түскен қою бұлттар аппақ айдың төбесінен төніп тұр. Айдың өзі бетін бүркемелеуге тырысқан бұлт арасынан сығалап, көл бетін айнадай жалтыратып, алыс көкжиекте дөңгелеп барады. Мұның бәрі бір кездегі Арал мен қазіргі Аралдың бәрібір кіндігі бір екенін, Аралды қоршаған табиғат пен оның төбесіндегі аспанның қанша уақыт өтсе де өзгере қоймайтынын сол өлкенің перзенттерінің есіне салады. Уақыт бедерінде Қосаралдың адамдары ғана өзгергені баршаға түсінікті. Әйтседе, олардың Шевченко сипаттаған болмыс-бітімі, мінез-құлқы біздің заманымызға дейін жеткен. Мұның өзі бүгінде өзіндік менталитеті қалыптасқан ұрпақтың баяғы бабаларына тартқанын даусыз айғақтайды.
Бір кезде Арал маңындағы қалың қамыстың арасында жортқан жолбарыс та Шевченконың қыл қаламына ілінген. Ол түз тағысының өзін де, оның ту сыртына түскен көлеңкесін де мейлінше айбатты етіп кейіптеген. «А.Бутаков пен А.Истоминнің Қосаралды қыстап жатқан кезі» деген суретте саяхатшылардың өздері атып алған жолбарыстың бас сүйегін үйдің жоғарғы жағына іліп қойғаны көрсетілген.
1848-1849 жылдарда Арал аймағын зерттейтін экспедицияға басшылық еткен А.И.Бутаковтың есімі Т.Г.Шевченконың кейбір шығармаларында (күнделіктері мен естеліктерінде) аталып отырады. Зерттеушілердің мәліметінше, ол Кобзарьмен жақсы қарым-қатынаста болған. Экспедициядан соң он жылдай уақыт өткен кезеңде, 1858 жылғы 10 наурыз күні ақын күнделігінде былай деп жазады: «Владимирдегі пошта стансасында мен Александр Иванович Бутаковты жолықтырдым. Бұл кісінің басшылығымен 1848-49 жылдарда Арал теңізінде екі жаз бойы жүзгеніміз бар. Содан бері оны көрген жоқ едім. Енді міне әйелімен бірге Орынбор жаққа кетіп барады, әрі қарай Сырдария жағалауына аттанбақ. Мен ол жақты еске алсам, тұла бойым мұздап кетеді. Ал ол болса, сол жерде мәңгі қоныстанып қалуға бар».
Ақын көрген қиындығын еске алып, көңілі түссе де, Алексей Бутаковтың Аралға деген ынтазарлығын ерекше атап көрсетеді. Шынында да, бүгінгі Арал туралы зерттеулерде А.Бутаковтың материалдары әлі күнге дейін кеңінен қолданыл атыны рас. Оның үстіне қазіргідей Аралдың әлем картасындағы бет-бейнесі өзгеріп кеткен кезеңде ескі мәліметтерді нақтылау үшін сол экспедицияның деректеріне үнемі назар аударылады. Бутаков жазбалары көптеген елді мекендердің, теңіз төсіндегі аралдардың, теңіз қолтығындағы түбектердің бұрынғы бейнесін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл экспедияның жұмысына Кобзардың да үлкен үлес қосқаны анық. Тарас Шевченконың екі жылдың оқиғасын қамтитын бұл күнделігінде оның өміріндегі Қосарал кезеңі бірнеше рет еске алынады.
Т.Г.Шевченконың күнделігіндегі деректер мен мәліметтерді нақтылаған С.Шестериковтің түсініктемесінде ақынның Арал аймағына келуінің жай-жапсары айтылады, ақынның бұл құрамда атқарған міндеті жөнінде баяндалады: «Бүкіл топқа жетекшілік еткен капитан-лейтенант шешіндегі Бутаков Арал теңізін зерттеу және сипаттамасын жасау жұмысымен айналысатын экспедицияға солдат Шевченконы суретші ретінде қабылдады. Шевченконың бұл жорыққа қатысуы Бутаковқа кейіннен жайсыздық әкелді. Ақын 1950 жылы екінші рет айдауға жіберіліп, ауыртпалықтың азабын молынан тартты. Өйткені оған патша үкіметі жазу мен сурет салуға мүлде тиым салған еді. Арал теңізінің сипаттамасын жасағаны үшін Бутаков Берлин гидрографикалық ғылыми қоғамының құрметті мүшесі болып сайланды. Соңына көптеген арнаулы еңбектер қалдырып, контр-адмирал шенін иеленген ол 1869 жылы қайтыс болды».
Ақынның күнделігіндегі фактілерге орай берілген түсіндірмелерге жүгінсек, кейінірек экспедиция басшысы капитан-лейтенат А.И.Бутаков пен корпус командирі Обручевтің жазу мен сурет салуға тиым салынған Шевченконы топқа қосқаны үшін жазаланғаны туралы айтылады. Обручев Петербургтен сөгіс алады. Бутаков та жазасыз қалмайды. Бутаковтың тиісті орындарға берген ресми ақпарында (донесение) «Солдат Шевченко Арал теңізі жағалауындағы және оның маңайындағы көріністерді суретке тарту үшін корпус командирі болып тағайындалды» делінген.
Т.Г.Шевченконың қазақ тілінде бірнеше рет шыққан кітаптарына оның Қосарал елді мекенінде тұрып жазған өлеңдері молынан енгізілді. 1848-1849 жылдары соңына «Қосарал» деп қол қойған мұндай өлеңдерінің қазақ тіліндегі нұсқасы жиырма шақты ғана. Ал Т.Г.Шевченконың өз отанында, Киевте украин тілінде шыққан «Кобзар» деген кітаптан оның «Қосарал» деп қол қойған елуден астам өлеңі жарияланғанын көреміз. Демек, оның өміріндегі Қосарал кезеңі – шығармашылығындағы жемісті кезең. Бұл жөнінде 1961 жылы жарық көрген Тарас Шевченконың қазақ тіліндегі таңдамалы шығармалар жинағына алғы сөз жазған әдебиет сыншысы Қалжан Нұрмаханов былай дейді: «Ақын сол жылдың қысын экспедициямен бірге Қосаралда өткізеді. Аяқ басқан сайын бақылаудан босанған Кобзарь осы қыста творчествоға бүтіндей беріліп, өзінің тамаша өлеңдерін жазады... Оларда ешбір уайымның, ешбір өкініштің ізі де, көлеңкесі де жоқ».
Сонымен қатар, Қ.Нұрмаханов Шевченконың қазақ халқының өмірімен айдаудан бұрын да таныс болғаны оның 1847 жылы жазған «Түс» атты поэмасынан байқалатынын айтады.
Тарас Шевченконың жоғарыда аталған күнделігінен Аралдың бір кездегі бет-бейнесі жөнінде толық мәлімет алуға болады. Онда айналдырған екі жыл ішіндегі Қосаралда болған оқиғалардың бәрі мейлінше көрініс тапқан. Бутаковтың экспедициясының барысы түгелдей жазбаға түскен, әрі Шевченконың барлық шығармаларының аяғында мерзімі көрсетілген. Сондықтан бұл мәліметтердің бәрі нақтылығымен ерекшеленеді.
Осы тұрғыдан алғанда, күнделіктегі «1848 жылы Арал теңізінде үш ай бойы жүзгеннен кейін Сырдарияның сағасына қыстап шығу үшін қайтып оралдық. Қосарал аралындағы Орал казактары жайлаған фортта біз жағалауға шықтық», – деген жолдардың деректік маңызы зор.
«І стала тьма, і од Уралу, Та до Тингиза, до Аралу» деп жырлаған Тарас Шевченконың Қосарал туралы толғаныстарын ақынның ана тілі – украин тілінде санаға сіңірудің жөні бөлек. Шевченко шығармаларының түпнұсқасы өз оқырманының жүрегіне алдымен жетеді. Оның Қосаралдағы көңіл-күйі өз тілінде былайша бедерленеді:
Мов за подушне, оступили,
Оце мене на чужині
Нудьга і осінь. Боже милий,
Де ж заховатися мені?
Що діяти? Уже й гуляю
По цім Аралу; і пишу.
Қазақ ақындары Т.Г.Шевченконың өлеңдерін сөлі мен мәйегін сақтап, өте көркем аударды. Біздің әдебиетіміздің тұлғалы өкілдері оның шығармаларын таза қазақша сөйлетті. Олар түпнұсқаның бағасын кемітпей, шебер тәржімалағаны соншалық, Кобзарьдың жырлары қазақ ақыны жазғандай болып шықты. Мысалы, қазақ әдебиетінің классигі Әбділда Тәжібаев Тарас өлеңін өте әуезді етіп қазақшалады. Бұл аудармада украин ақынының ішкі әлемі, жан-дүниесі, қайғы-шері айқын көрінеді. Сонымен қатар, ұшы-қиыры жоқ телегей теңіздің, сылаң қаққан Сырдарияның, Шевченкомен бірге мұңайған Қосаралдың бейнесі көз алдыңа келеді:
Жел шатыры желпілдеген!
Көтерілді кең кемеден.
Қоға аралап Сырдарияға
Жылжытты кең толқынменен.
Қош бейшара, Қосаралым!
Болдың ортақ тап екі жыл,
Қарғысыммен, қайғымменен.
Тарастың танымындағы Қосарал өзі секілді мұңлық, өзі секілді жұпыны, өзі секілді қайырымды. Ақын айдынды Аралмен сырласады, оған ішкі күйінішін, қиналысын жеткізеді. Қосаралға бауыр басып қалған ақын кетерде онымен қимай қоштасады. Осы көрініс Шәміл Мұхамеджанов аудармасында өте сәтті шыққан.
«Қосарал, қош бол, жұпыны,
Қалпыңды сенің ұнаттым.
Екі жыл бойы мұңымды,
Ұмыт қып, мені жұбаттың».
Ал Ғафу Қайырбеков аударған мына бір өлеңді Тарас Шевченконың «Қосаралдағы айлы түн» картинасының жырмен бейнеленген нұсқасы деуге болар. Аспан мен жер, дала мен теңіз, күн мен түн, бұлт пен ай ымырт үйірілген алагеуім шақтағы уақыт пен кеңістіктің арпалысқа түсіп жатқаны секілді әсер қалдырады.
Күн көзінде бұлттар жүзіп барады,
Қызғылт күрең бояу жапты даланы.
Ұйықтауға шақырғандай бейне бір,
Теңіз күнді құшағына алады.
Сүңгіген күн жасыл теңіз қойнына,
Елестетер құндақтағы баланы.
Бейнелеу өнерінің туындысын сан түрлі бояумен әспеттеп, өлмейтін, өшпейтін құндылықтар қалдырған Тарас Шевченко сөзбен де сурет салады. Сөздің бар бояуын қолданып, табиғатқа жан бітіреді. Көркем пейзаждың шебері табиғаттың әсем көрінісін ақ қағаздың бетіне көшіреді. Содан соң өлеңіне өзінің көңіл-күйін дарытады. Тарғыл аспанды, жуас толқынды, сұлаған өзенді, бұққан қамысты қозғалысқа келтіреді. Кең далада жүрсе де, еркіндік жетпей тынысы тарылады. Айдынын керіп, алаңсыз жатқан теңізге келіп, мұңын айтып шағынады. Тарастың сол сәттегі көңіл әуенін қапысыз ұққан қазақ поэзиясының алыбы Әбділда Тәжібаев осы көріністі аударма түрінде көркемдеп бейнелейді. Бұл өлең де Әбділданың шеберлігінің арқасында қазақ ішіне аударма екені білінбей, қазақша жазылғандай болып жетті:
Аспан тарғыл, толқын жуас,
Жатыр өзен сұлаған.
Желсіз қамыс бұғып басын,
Бейне мастай құлаған.
Тәңірім не көп жатам ба,
Кең түрмеде далада.
Аралында соры теңіз,
Өтіп өмірім қалам ба?
Осындай көркем аударманың мэтрлері арқасында қазақ даласының өз Тарасы болды. Ол таза қазақша сөйледі, қазақтың жанына үңілді, қазақтың ұлттық ой-санасының дамуына да үлес қосты. Тұтас бір дәуірдегі мектеп оқушылары Кобзарьдың өлеңдерін жатқа оқыды, оның өмірбаянын өнеге тұтты. Әрине, қазір заман өзгерді, ұрпақ ауысты, жаңа құндылықтар пайда болды. Бірақ Тарас Шевченко қазақ жеріне, қазақ тағдырына қатысы бар тұлға ретінде бағалана бермек.
Бұл кезең айдынды Аралдың шерлі шежіресінде және көне Қаратереңнің толғаулы тарихында «Тарас келген...» деген атпен қалатын шығар...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер