Қызылордада вагон құрастыру зауыты салынады. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ақпаратқа сәйкес, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қызылорда облысындағы бірқатар нысаннның жұмысымен танысты.
Роман Скляр бастаған үкімет делегациясы Қызылорда қаласындағы "Қорқыт Ата" халықаралық әуежайының жаңа терминалына барды. Нысанның құрылысына 16,6 млрд теңге жеке инвестиция салынды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
"Әрі қарай Скляр "Жолаушылар вагондарын жөңдеу, техникалық қызмет көрсету кешені және вагон құрастыру зауыты" жобасымен танысты. Жобаға 15,4 млрд теңге инвестиция тартылды", - деп жазылған хабарламада.
Кешеннің жоспарланған қуаты жолаушылар вагондарын жөндеу мен қызмет көрсетуді жақсартуға, сондай-ақ жаңа үлгілер шығаруға мүмкіндік береді.
Үкімет делегациясы одан әрі қарай кірпіш зауытының құрылысымен және шыны зауытының жұмысымен танысты. Кірпіш зауытына Қызылорда қаласындағы "Өндіріс" индустриялық аймағынан 7 гектар жер телімі берілді, жылына 90 млн дана кірпіш шығарылады деген жоспар бар.
Шыны зауытында жылына 197,1 мың тонна шыны өндіріліп, Ресей Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға экспортталады. Бүгінде зауытта 366 маман жұмыс істейді. Өткен жылы шыны зауыты ішінен энергия үнемдейтін шыны өндірісінің жаңа желісі іске қосылды. Қытайлық инвестор алдағы уақытта 2 кезеңге жоспарланған жаңа инвестициялық жобаны іске асырмақ.
Роман Скляр сонымен қатар Қызылордадағы жаңа ЖЭО құрылысының барысымен танысты.
"Жобаның құны – 215 млрд теңге, қуаты – 240 МВт. Бүгінгі таңда инвестор – "Ақса Энерги" түрік компаниясы нысанның құрылысына 135 млрд теңгеден астам қаржы салды. Жаңа ЖЭО іске қосылған кезде өңірді электр энергиясымен толық қамтамасыз етеді", - деп атап өтті үкіметтің баспасөз қызметі.
Роман Скляр "Тәуелсіздікке – 25 жыл" даңғылын қайта жаңғырту барысын көрді. Өткен жылдан бері Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеті нығайтылып, аталған даңғылдың 6,7 шақырымы қайта жаңғыртылды.
"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында 6,9 мың орындық 10 мектеп салу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның ішінде 5 мектеп пайдалануға берілді. Биыл қалған 5 оқу орнының құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Сонымен қатар облыстық бюджеттен халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 11 мың орындық стадион салуға 20,9 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда Шығыс және Батыс трибуналарының металл конструкцияларын монтаждау толығымен аяқталды, қабырғалар, ішкі бөлімдер және сыртқы витраждар төселуде.
Роман Скляр жаңа автовокзалдың жұмысымен де танысты. Ол өткен жылы пайдалануға берілді. Ғимарат жолаушыларға қажетті жабдықтармен жабдықталған және 200 адамға арналған. Жобаның құны – 975 млн теңге.