Үш тоғыс

3563
Adyrna.kz Telegram
БАҚ пен бақ
Балалар мен жастардан,
Бақ-береке басталған.
Басты-басты газеттiң
Бiрнешеуiн басқарған.
(Журналистiк фольклордан)
Қазақ руханиятында қашаннан үш газеттiң орны бөлек-тi. Қолына қалам ұстаған баланың бәрi алғашқы мақаласын «Қазақстан пионерiне» (қазiргi «Ұлан») жолдайтын, жазу өнерiне құмартқандардың көбi шеберлiгiн «Лениншiл жаста» (қазiргi «Жас Алаш») шыңдайтын. Ал салмақты сөйлеп, орнықты ойлайтындардың шығармашылық отауы «Социалистiк Қазақстан» (қазiргi «Егемен Қазақстан») едi. Әрине, ол кезде Алматыда салалығы бар, қалалығы бар, басқа газеттер де шығып тұрды. Бiрақ жазу-сызуға икемдiлiк танытқандар руханияттың бесiгiне айналып, оқырманымен көбiрек тiлдесiп тұратын осы үш басылымның төңiрегiнде тұрақтайтын. Осынау газеттердiң үшеуiнде де қызмет iстеп, журналистiк жұмыстың көрiгiн қыздырған қыз-жiгiттер баршылық. Алайда, үш басылымға да бас редактор болған жалғыз-ақ қаламгер бар. Ол – журналист-жазушы Уәлихан Қалижанұлы. «Ұлан» – қазақтың балалығы, «Жас алаш» – даралығы, «Егемен Қазақстан» – даналығы», – деп бiр ағамыз айтқандай, кейiпкерiмiз әр жылдарда ұлт мұратымен үндес үш газеттiң де билiгiн қолға алды. Бұл жағынан ол кiсiнiң бағы бес елi емес, бес келi деуге болады.
Кейiпкерiмiздiң болмыс-бiтiмi, тыныс-тiршiлiгi бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланысты. Университетте алған мамандығы филолог екенiне қарамастан, еңбек жолын «Жетiсу» газетiнiң меншiктi тiлшiсi болып бастады. Журналистiк жұмыстан жерiмей, бұл басылымда жетi жыл қызмет iстедi. Содан соң Қазақстан комсомолы Орталық Комитетiнiң баспасөз секторының меңгерушiлiгiне тағайындалып, елiмiздiң бүкiл жастар мен балалар басылымдарына бас-көз болды.
«Қазақстан пионерi» мен «Жас Алашта» он төрт жылын өткiзiп, елiмiздiң Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрiнiң орынбасары қызметiн атқарды. Президент Әкiмшiлiгiнiң Iшкi саясат бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары ретiнде журналист әрiптестерiнiң жұмысын қадағалап отырды. Парламент Сенатының баспасөз қызметiн басқарды. Сөйтiп, баспасөз оның бағын жандырды. Бұқаралық ақпарат құралдарының қысқарған атауы бұл салада үнемi табысқа жеткен оның болмысын дәл танытатын секiлдi. Өйткенi оған БАҚ пен бақ үнемi серiк болды. Заманның ыңғайына, өзiнiң iскерлiгiне қарай, барған жерiнде елеулi өзгерiс байқалғаны рас. Мәселен, «Қазақстан пионерiнiң» таралымы едәуiр артты. «Лениншiл жастың» жетпiс жыл жамылған аты өзгердi. «Егемен Қазақстан» көштiң басын Астанаға қарай бұрды. Сондықтан оны БАҚ пен бақты үйлестiре бiлген басшы деп бағалауға болар.
Уәлихан ағамыз балалар басылымына басшылық еткен жылдарда жемiстi жұмыс жүргiздi. Газет бетi оқушылардың ашық әңгiме алаңына айналды. Қазақ ұландары бұрыннан қалыптасқан пiкiрталас мәдениетiн одан әрi дамыта түстi. Олардың ұлттық санасын оятып, елдiк танымын арттыруға ден қойылды. Халқымыздың этнографиялық құндылықтары жөнiнде түрлi тәсiлдер арқылы жеткiлiктi мәлiмет берiлдi. Ой-өрiстi жетiлдiретiн «Танымдық ойындар мектебi» (ТОМ) бала бiткендi газетке жiпсiз байлады. Жас тiлшiлердiң беделi көтерiлдi. КазГУ-дiң журналистика факультетiне оқуға түсуге келгендердi газет редакциясына жинап, бiр-бiрiмен таныстырып, шығармашылық ортаға бейiмдеу үрдiсi жалғасты. Ең бастысы, «Қазақстан пионерiнiң» таралымы 215 мыңға дейiн жеттi. Мұны Уәлихан ағамыздың БАҚ-тағы бағының басы деуге болар едi.
Оның тұсында «Лениншiл жастың» аты «Жас Алаш» болып өзгердi. Тегiнде, осылай атау туралы қоғамдық пiкiр де орныға бастаған. Бәлкiм, басқа басылымдар атауды алып қояр деп сақтық ойлады ма, бас редактор бiр-ақ күнде шешiм қабылдады. 1991 жылы елдi дүрлiктiрген тамыз бүлiгi бiрқатар жағдайды айқындап берген соң, сол айдың 28-i күнiнен (167-нөмiр) жаңа атаумен шыға бастадық. Сөйтiп, басылымның о бастағы тарихи атауы ұзақ жылдан соң қайтып оралды. Газет атауын өзгерткен соң да Қалижанов қарап отырған жоқ. Қызметкерлерiне ендi ғана аршылып жатқан тарихи ақтаңдақтарға түрен салғызды. Алдымен, газеттiң бұрынғы басшыларын түгелдедi. Түгелдейтiндей жөнi бар едi. Бұлардың бiрқатары жазықсыз жапа шеккен арыстар болатын. Там-тұмдап материал жинатты. Жiгiттер бұрқыратып жазып жатты. Сол мақалалардан осы уақытқа дейiн есiмi белгiсiз боп келген азаматтардың басылым басшысы болғанын бiлдiк. Әсiресе, «Жас Алаштың» алғашқы бас редакторы, қазақ жастарының көшбасшысы Ғани Мұратбаевтың өмiрiне қатысты жаңа деректер iздеп, оқырманға ұдайы мәлiмет беру мақсатымызға айналды. Басшымыздың тапсырмасымен Ғанидың зайыбы, ол тұста жасы сексеннен асқан Бақытжан Құрманбайқызын естен шығармай, үнемi сұхбат жасап, тұрмыс-тiршiлiгi жөнiнде елдi құлақтандырып отырдық.
Бас редактордың тұсында атқарылған тағы бiр iргелi iс – Қазақстан комсомолын басқарған тұғырлы тұлғалардың өмiрбаяндық тарихын түзу. Ол тiлшiлерiн Мәскеу мұрағаттарына жiбердi. Қайсар Тәштитов, Ғазиз Қуатов, Хиуаз Доспанова, Сағындық Кенжебаев сынды жастар жетекшiлерiнiң ел бiле бермейтiн елеулi iстерi жөнiнде портреттiк мақалалар әзiрлеттi. Мәскеуде құрылып, ел рухын оятқан «Жас тұлпар» ұйымының тарихы туралы бiр кiтапқа жүк болатын мақалалар жаздырды. Ол жiгiттердi шығармашылық iзденiске жұмылдыра бiлдi. Шетiнен еңбекке баулыды. «Наурыз» мейрамын халықпен қайта табыстыру үшiн газеттiң бар мүмкiндiгiн тиiмдi пайдаланды. Кей тұста тәуекелге бара бiлгенiн айтпасақ, әдiлдiк болмас едi.
«Егемен Қазақстанның» бас редакторы болған кезiнде тағы бiр тарихи миссияны орындауына жол ашылды. Ол Алматыдан Астанаға қоныс аударатын бас басылымның көшiн бастады. Бұл жағынан да оның бағы бар дер едiк. Көшi-қон жұмыстарын шебер ұйымдастырды. Алдымен жаңа қаладан астаналық бюро ашты. Содан соң журналистердiң алғашқы тобын аттандырды. Алымдылығы мен шалымдылығының арқасында тәуiр ғимаратқа қол жеткiздi. Қызметкерлердiң бәрiн пәтермен қамтамасыз еттi. Ақыры, «Егемен Қазақстан» түгел көшiп келдi. Қоғамды елең еткiзген Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың газет бетiнде жазысқан хаттары – Уәкеңнiң тұсында жүзеге асқан жемiстi жоба.
Мұның бәрi БАҚ пен бақтың сабақтастығының әрi кейiпкерiмiздiң iскерлiгiнiң нәтижесi екенiне кiм таласар?!
Сабақ пен қабақ
Боз кiлемдi билеген,
Бiрақ басын имеген.
Балуанның бiразын,
Балшықтай-ақ илеген!
(Журналистiк фольклордан)
Оқушы бiткен мұғалiм атаулының сабағы мен қабағын аңдып отырады. Студенттер де солай. Бәрiмiз де сөйттiк. Лектордың сабағы қызықты, қабағы ашық болса, бағыңның жанғаны. Бiздiң кейiпкерiмiздiң де осындай оқытушы екенiне баяғыда көзiмiз жеттi. Журналистика факультетiнiң басшылары ара-тұра бұқаралық ақпарат құралдарының беделдi өкiлдерiн дәрiс беруге шақыратын едi. Үшiншi курста оқып жүргенiмiзде, «Қазақстан пионерi» газетiнiң бас редакторы Уәлихан Қалижанов бiзге арнайы курс жүргiзуге келдi. Ол келедi дегенде, бұл басылымға қаршадай кезiнен мақала жазып, бесiктен белi шықпай жатып «бала тiлшi» атанған Әнуарбек Әуелбеков пен Мұратбек Тоқтағазин едәуiр елеңдесiп қалды. Елеңдескенi не, оны алдынан шығып, күтiп алып, терезесiн тең ұстап, залды әрi-берi бойлай жүрiп әңгiмелесiп, мәз болысты. Осы уақытқа дейiн редактор түгiлi корректормен жөндеп сөйлесiп көрмеген бiз оларға кәдiмгiдей қызығамыз. Олар да бiздi елiктiре түскiсi келгендей, ана кiсiге түрлi сұрақ қойып, жақындықтарын бiлдiрiп, жанында айналшықтап, ұзақ тұрып алды.
Жаңа оқытушымыз тым қарапайым екен, өз басылымына белсендi атсалысқан бiздiң курстастарымызды бiрден бауырға тартып, хал-жағдайларын сұрап жатыр. Жүзi өте жылы көрiндi. Сәлден соң сабағын бастады. Дәрiсiн әлемдiк журналистиканың мәселелерi туралы әңгiме түрiнде өткiздi. Комсомолда қызмет iстеп жүрген кезiнде шет елдердi көп аралапты. Сондағы көрген-бiлгендерiнiң өзi талай лекцияға жүк болатын түрi бар.
Бiр сәтте АҚШ-тың саяси шолушысы Уолтер Липпманның журналистiк шеберлiгiне тоқталды. Оның ақпаратқа ел-жұртты сендiре бiлетiн ерекше қасиетi жөнiнде айтты. Вьетнаммен соғыста қаза тапқан америкалық солдаттардың табыты жанында тұрып, жан тебiрентерлiк репортаж жүргiзгенi туралы баяндады. Бiз бұдан кiм үстем болса, соның ақпараты да өктем болатынын ұққандаймыз. Тiсқаққан шебер журналист дерек пен дәйектi қалағанынша ойната алатын көрiнедi. Мұның бәрi Американың бейнесiн «Азат дүниенiң сиқы» деген айдармен ұсынылатын карикатуралардан ғана көретiн бiз үшiн әрi таңсық, әрi қызық едi.
Балалар басылымы басшысының сабақ беру тәсiлi бiзге қатты ұнады. Өзi студенттерiн ешқашан түгелдемейдi екен. Топтың журналында шаруасы жоқ оқытушыдан дәрiс алу – қазақ студентiнiң маңдайына жазылған бiр бақыты. Лекцияға кешiгiп келсең де, ұрыспайды. Сөзiн бөлiп, сыртқа шығып келуге сұрансаң да, жiбере салады. Әкемiздей еркелететiн ақкөңiл кураторымыз Мамытбек Қалдыбаевтан кейiн жанымызға жақын жайсаң мiнез педагог көрiп тұрғанымыз осы. Сондықтан бiз оны өте жақсы көрдiк. Мұндай жұртқа жайлы оқытушыдан айналып кетпейсiң бе?!
Ол тұста ағамыз жап-жас. Қырыққа да толмаған кезi. Сiрескен кеңестiк дәуiрде көрген алғашқы демократымыздың бiрi де сол кiсi шығар. Әлi күнге дейiн мен оны сабағын тартымды өткiзетiн, жұртты жалықтырмайтын тәуiр лектор ретiнде бағалаймын. Бiрақ оның бiзге берген дәрiсi бiр семестрмен ғана тұйықталды. Күн сайын конспект жаздырып, әбден зықымызды шығаратын, оны тоғыз рет тексерiп, елу рет ескертетiн айғайшыл ағайларымыз бен адуын апайларымыздан әбден зәрезап болған бiз: «Мiне, бiзге студенттiң жан-дүниесiн ұғатын осындай мейiрбан әрi ойлы оқытушылар жетiспейдi», – деп өзiмiзше дiлмарсып жүрдiк те, бiраздан соң оны ұмытып кеттiк.
Жо-жоқ, ұмыта алмайды екенбiз. Кейiн тағдырдың жазуымен қарамағында жетi жыл қызмет iстедiк. Бала-шағамыздың несiбесiне айналған үш бөлмелi пәтерiмiзге сол кiсiнiң тұсында қол жеткiздiк. Мұхит кешiп, тау асып, талай сапарға бiрге аттандық. Оны айтасың, бертiнде беделдi ғылым ордасының босағасынан да қатар аттадық.
...Сонымен, ол бiз қызмет iстеп жүрген «Лениншiл жастың» бас редакторы болып тағайындалды. Жасыратыны жоқ, алғашқыда бұл жаңалықты тосырқай қабылдадық. Себебi, бұрынғы басшымыз шығармашылық ортада аса беделдi қаламгер Сейдахмет Бердiқұлов едi. Бiз оның басқару тәсiлiне әбден бейiмделгендiктен, өзге басшыны көз алдымызға елестете алмайтынбыз. Болмысынан бекзаттығы байқалатын сол кiсiнiң арқасында еңсемiз үнемi көтерiңкi жүретiн. Оның iрiктеп алған кадрлары да өте танымал журналистер болатын. Алда-жалда бас редакторымыз басқа қызметке ауыса қалса, өзiмiз үйренiскен сол ағаларымыздың бiрi орнын басатын шығар дейтiнбiз. Олай болмады.
Сейдахмет аға «Жалын» баспасының директоры болып бекiтiлген соң, көп ұзамай комсомолдың басшылары Уәлихан Қалижановты ертiп келдi де, ұжымға таныстырып кеттi. «Өзi – ғылым кандидаты, өзi комсомолда iстеген. Екi тiлге бiрдей ағып тұр. Бұдан артық сендерге қандай бас редактор керек?!».
Сол күнi Сейдахмет Бердiқұлов он алты жыл басқарып, бүкiл қазақ жұртына танымал еткен әйгiлi басылымның кезектi санына Уәлихан ағам шиырып тұрып қол қойды.
«Лениншiл жас» – менiң алғашқы шығармашылық ұжымым. Өзiм өз болғалы бiрiншi рет бастығым ауысып тұр. Мүлде танымайтын адамым емес. Бiзден бiр-ақ қабат төмен орналасқан «Қазақстан пионерiнiң» бас редакторы. Оның үстiне, университеттегi лекциясы өзiмiзге ұнаған оқытушым. Бiрақ бәрiбiр теңдессiз Бердiқұловтың тәрбиесiн көрген соң, өзге ешкімді мойындауға онша құлықты емес едiк. Жалпы, «Лениншiл жасты» үтiр-нүктесiне дейiн оқылатын басылымға айналдырған Сейдахмет Бердiқұловтан кейiн бас редактор болу қиынның қиыны едi. Сондықтан бiз Уәлихан ағамыздың аса ауыр мiндеттi мойнына жүктегенiн түсiндiк. «Оған оңай бо-ол-ма-а-а-ай-ды», – дестi бiрге қызмет iстейтiн үлкен ағалар. «Иә, оңай бо-ол-ма-а-а-ай-ды», – деп ыңыранамыз бiз де солардың әуенiне салып. Шынын айтсақ, ненiң оңай емес екенiн өзiмiз де жете түсiнбеймiз... Ересектерге ептеп елiктеп, күшiктей шәуiлдеп, комсомол жаққа қарап, кiжiнiп-кiжiнiп қоямыз.
Ал қабағы ашық, жүзi жарқын Уәлихан аға бүкiл жұртты кең құшағына тартып, ұжымымызға сiңдi де кеттi.
Еркiндiк пен еркелiк
Түсiне де бiледi,
Пiсiре де бiледi.
Тайраңдасаң, тәубеңе,
Түсiре де бiледi!
(Журналистiк фольклордан)
Бiз қанша жерден күдiк ойлағанымызбен, сары уайымға салынып, малтығып-митыңдаған, тұралап-титықтаған адамды көрмедiк. Ол өзiнiң қанына бiткен салиқалы мiнезi мен талай жылғы тәжiрибесiне сүйенiп, көптен тұсау көрмеген тарпаңдарды жайлап қана тiзгiндеп, байыппен басқара бастады. Қашанда жайраңдап жүредi. Ешкiмдi сыртқа теппейдi. Бәрiмiздi бөле-жармай, бауырға тартты.
Соған қарамастан, Сейдахмет ағаның темiрдей тәртiбiне бейiмделген бiз Уәлихан ағаның кеңпейiл мiнезiне бiразға дейiн үйрене алмадық. Оның үстiне көп ұзамай редакцияның жұлын-жүйесi саналатын Ержұман аға да «Социалистiк Қазақстанға» ауысты. Өзi айтатындай, Бердiқұловтың «орнын баспас» орынбасары Ержұман Смайылдың «Лениншiл жастан» кетуi жанымызды жасытты. Өз орнында отырған адам екенiне талас тудырмайтын Ерағаңды да ешкiм алмастыра алмайтындай көрiнетiн. Жоқ, тiршiлiк әрi қарай жалғаса бердi. Сөйтсек, бәрiмiз Сейдағаңның бiр-бiр баласымыз деп кеуде қағып жүрсек, Уәкең де сол кiсiнiң баспасөзге бiзден бұрын баулыған шәкiртi екен ғой. Ендеше, нағыз «баланың» үлкенi осы болды. Екеуi бiр топырақта өсiп-жетiлген. Титiмдей кезiнен таныған. Үлгiсiн ұстанған, соңынан соқпақ салған. Қарап тұрсақ, сол ағамыздың қызмет жолымен өсiп келедi. «Қазақстан пионерi», «Лениншiл жас»... Екеуiнiң де бас редакторы...
Ержұман ағаның орнына Ерғали Сағат бас редактордың орынбасары, ал оның орнына Жарылқап Бейсенбайұлы жауапты хатшы болып бекiтiлдi. Яғни, бас редактор басылымның өз кадрларын өсiрдi. Мұнысы бәрiмiзге ұнады. Әрине, ең қатты ұнағаны онымен бiрге келген еркiндiк едi. Уәлихан аға кез-келген уақытта бөлмемiзге кiрiп келедi. Тiкесiнен тiк тұрған бойы тапсырмасын бередi де, өз шаруасымен кетедi. Ал жасы үлкен, мiнезi ауыр Сейдағаң бөлмемiзге көп келе бермейтiн. Қажет болсақ, шетiмiзден өзi шақырып алатын. Бөлмелердi аралайтыны жөнiнде алдын ала құлақтандырылатын.
Жаңа басшымыздың бөлмемiзге тұтқиылдан кiрiп келу ықтималдығы басымдау болған соң, ылғи да етек-жеңiмiздi жинап отыруға бейiмделдiк. Ол ол ма, ағамыздың жүзi тым жылы екенiн көргеннен кейiн арсалаңдап, оның кабинетiне жиi бас сұғатынды шығардық. Бiрте-бiрте ол кiсiге әбден бой үйретiп алдық. Еркiндiктiң арқасында еркелей бастадық. Уәкең еркелiгiмiздiң бәрiн көтердi. Бiз оны ұсақтық дегеннiң не екенiн бiлмейтiн өрлiгi үшiн, ағаттығыңды кешiре бiлетiн мәрттiгi үшiн ерекше сыйладық. Әйтпесе, өзi бастық, өзi балуан, қарсы келгендi қара жерге қазық қылып қағып жiберем десе де еркiнде емес пе?! Оған өз пiкiрiмiздi ашық бiлдiретiнбiз. Өйткенi, ойы айқын журналистi қадiрлейтiнiн аңғарғанбыз. Тiптi, тiлiмiз шығып, қалжың айтамыз.
«Сейдағаңды жақсы көретiндерiңдi бiлемiз. Бiрақ ол кiсiмен осылай әзiлдесе алар ма едiңдер?», – дедi бiр күнi жiгiттердiң бiрi. Сосын бiразға дейiн жым болдық. Бәрiбiр әзiлдесудi қоя алмадық. Өйткенi бас редакторымыз да қалжыңға өте шебер екен. Өз әзiлiңмен өзiңдi өлтiрiп түсiредi.
Бiрде алдымен республика комсомолының, одан соң одақ комсомолының кезектi съезi өтiп, науқандық шаруаның бәрi аяқталған соң бас редакторға кiрдiм. «Уәке, съезд болса бiттi, комсомолдың маған өкпесi жоқ шығар. Ендi мен демалысқа шығайын, жiберiңiз», – дедiм. Сөйтсем, бас редакторым: «Демалысы несi, ендi съездiң шешiмдерiн жүзеге асырмайсың ба?», – деп қарап тұр.
Сөйтсек, Уәкеңмен бiрге жастар басылымына демократия келген екен. Ол шығармашылық адамдарына толық жағдай жасады. Журналистер еркiн жүрiп-тұрды. Жазам деген тақырыбын жазды. Қызметкерлерiн мүмкiндiгiнше қорғауға тырысты. Бiрде-бiр адамның соңына түсiп қудалаған жоқ. Интрига дегендi бiле бермейтiн бiр жайлы ұжымға айналдық. Оның үстiне, ол бас редакторлық қызметке әйгiлi Желтоқсан оқиғасы тұсында келдi.
Билiктегiлердiң бәрi кәрiне мiнген мұндай кезде бұқаралық ақпарат құралын басқару айтуға ғана оңай. Күн сайын берiлетiн нұсқаулардың бiрiне көз жұма қарап, бiрiне ашық көзқарасын бiлдiрiп, әйтеуiр осы бiр мазасыз кезеңнен өзi де отқа түспей, қызметкерлерiн де дау-дамайға ұрындырмай, аман-есен алып өттi. Егер ол жылдарда арнайы нұсқаумен ұсынылған бiрқатар мақалалар түрлi себеппен басылмай қалса, бұл тумысынан дипломат Уәкеңнiң қолданған әдiс-тәсiлiнiң нәтижесi деп бiлiңiз. Арыстанды апа деп, жолбарысты жезде деп, комсомол көсемдерiнiң тiлiн тауып, пәлелi-жалалы дүниелерден жастар басылымын аулағырақ ұстады.
Бұрын республика комсомолы Орталық Комитетiнiң баспасөз секторының меңгерушiсi болған ол басылым мен құрылтайшы арасындағы мың-сан байланыстың қыр-сырын жақсы бiлетiн. Сондықтан үнемi ретiн келтiрiп, қолайсыздық туғызатын тапсырмалардан жалтара алды.
Уәлихан Қалижанұлының бас редактор болған тұсы қайта құру мен жариялылық кезеңi деп аталды. Жүйенi жылымық жайлаған бұл мезгiлдi айтыс ақындары:
«Дегенде қайта құру, қайта құру,
Атыңды қайта ерттеп, қайта мiну», – деп жырға қосты. Газетте «Қайта құру қаһармандары», «Бетбұрыс баспалдақтары», «Жариялылық және жаңалық» деген айдарлар ашылып, қоғамның келешегi туралы қызу пiкiрталастарға кеңiнен орын берiлдi. «Лениншiл жас» жұрттың өз ойын еркiн айтатын мәртебелi мiнберiне айналды.
Ол қолы құтты, жолы жақсы басшы болды. Бұрын редакцияға төрт-бес жылда бiр үй ғана берiлетiн. Уәкеңнiң тұсында он үй бiрден берiлдi. Орталық Комитет баспасының басшыларымен тәуiр қарым-қатынасы қызметкерлерге пәтердiң көптеп тиюiне жол ашты. Бiздiң балаларымыз: «Мына бiздер «Ақсай-1»-де тұрамыз,
Сенбесеңiз, Пискуновтан сұраңыз.
Үйiмiзге көршiлердi шақырып,
Анда-санда сауық-сайран құрамыз», – деп өлеңдетiп жүрiп өстi. Пискунов – Орталық Комитет баспасының (кейiнгi «Дәуiр») құрылысқа жауапты қызметкерi. Директордың орынбасары Арно Лерх екеуi үйдiң кiлтiн үлестiрген соң балалар оларды жақсы бiлiп алған. Алматыдағы әрiптестерiмiздiң бiразы Уәлихан ағаның кезiнде қолы жеткен баспанада әлi күнге дейiн тұрып жатыр.
Сол үйде туған ерке де еркiн ұл-қыздардың алды биыл отыз бірге келдi.
Мейiр мен пейiл
Күресе де алады,
Тiресе де алады.
Жастарменен жорыққа,
Iлесе де алады!
(Журналистiк фольклордан)
Бас редактор тоқсаныншы жылдардың басында бөлiмдердi iрiлендiрдi. Бұрын болмаған ақпарат бөлiмiн ашып, менi меңгерушi етiп тағайындады. Қызметкерлерiм – Жолдасбек Дуанабай, Нұрлан Қалқа, Төлеухан Бiдiрәлi сияқты екi иығын жұлып жеп тұрған алымды ақпаратшылар. Шағын ғана мақаланың тақырыбын қою үшiн ұзақ ойланамыз.
«Осындай тақырып,
тұрады өзiне шақырып», – деп Ұлықбек ағам айтқандай, мәтiннiң атауы айғайлап, оқырманды ерiксiз елiктiрiп тұруы керек. Бiр күнi Алматыда жолаушыларға тағам түрлерiн ұсынатын қайырымдылық трамвайы тәулiк бойы жүрдi. Осы экспериментке орай басқа басылымдардағы әрiптестерiмiз әрқилы тақырып қойды.
«Трамвай – асхана», «Қарның ашса, көлiкке мiн!», «Рельс үстiндегi мейрамхана», «Жол жүрiп, жүрек жалғайсың», т.б. Бiрақ бiздiң газеттiң «Тамақ беретiн трамвай» деген тақырыбы жұртшылыққа көбiрек ұнады. Тағы бiрде бiреулер Атырауда тұратын Сары әулиенiң магнитофонын ұрлап кетiптi. Жұрттың көрiпкелге көзсiз сенетiн кезi. «Сондай беделдi адамның әуенге елтитiн құнды құралын бөктерiп кеткендерде ес жоқ екен, – дестi олар. – Әйгiлi әулиемiз оларды көп ұзатпай-ақ ұстап алмай ма?». Ақпаратта Сары әулие ұрының кiм екенiн сезсе де, сабыр сақтап, әрi қарай не iстейтiнiн бақылап жүргенi айтылған. Сондықтан бұл хабарламаға «Әулие ұрыны бiлiп отыр...» деген екiұшты тақырып қойдық.
Тақырып табуға арналған мұндай додаларға бас редакторымыз белсене араласып кететiн. «Тек менiң айтқаным болуы керек», – деп тепсiнiп отырып алмайтын. Өзiнiң ұсынған нұсқасы өтпей қалса да, ренжiмейтiн. Өйткенi, жас әрiптестерiнiң пiкiрiмен үнемi санасатын. Бiрге iстейтiн жiгiттердiң шаңырағында қуаныш бола қалса, жеделдетiп дастархан жайып жiберетiнбiз. Бiреумiз арнайы барып, Уәкеңдi «вечерге» шақырып келемiз. Ағамыз ашқұрсақ сарбаздарының көңiлiн қалдырмайды. Тiлегiн айтып, дәм татып кетедi. Бас редактормен бiрге нарды ойнаймыз. Бiрде ол, бiрде бiз жеңемiз. Несiн айтасың, бiр рахат заман болды...
«Жас Алаштың» жетпiс жылдығына орай арнайы нөмiрдi шығаратын комиссияға менi басшы етiп белгiледi. Бұл – менiң жасымдағы бала-шағаға жүктеле қоймайтын жауапты iс едi. Жастарға сенiм көрсету жағынан да ол өзгелерден озық тұрды.
Үнемi қамқор болып, сөзiмiздi жерде қалдырмайтын Уәлихан аға бiр ғана өтiнiшiме құлақ аспады. Университеттiң қазақ әдебиетi кафедрасына iзденушi болып тiркелуге әзiрленiп жатқан кезiм едi. Соған газеттiң бас редакторы кепiлдеме беруi керек. Ғылыми дәрежесi бар Уәкең iзiнен ергенiме қуанатын шығар деген оймен жалаңдап жетiп барғам. Ағамыз мазасы болмай отырды-ау деймiн. Әншейiнде одан да зор құжаттарға қарамай-ақ қол қойып беретiн ақкөңiл бастығым аяқ астынан қитықты да қалды. «Әй, бала, қайтесiң, ғылыммен айналысқан соң, дұрыстап айналысу керек», – деп қағидатшыл қарияның кейпiне ендi де кеттi. Бiртүрлi болады екенсiң. «Ағамыздың мұнысы несi, өзi де газетте ме, комсомолда ма, әйтеуiр қыруар жұмыс iстеп жүрiп қорғаған жоқ па?!», – деп күңкiлдеп, салып ұрып қарсы бөлмедегi орынбасары Ерғали Сағатқа кiрдiм. «Ә, ондай болады, көңiл-күйi болмай отырған шығар... Әйтпесе мұндайы жоқ едi ғой... Әкел!». Алдымен бiр таяқты көлденең сызып алды да, қол қойып бердi. «Қайран Уәлихан ағам-ай, осы қолды өзiңiз қойғаныңызда жүдә жақсы болатын едi» деймiн iштей. Бәлкiм, бұл жайт ол кiсiнiң есiнде де жоқ шығар. Әйтпесе, менi ғылыми сапарларға үнемi жiберiп отырар ма едi. Көңiлiнде күмән болса, ғылыми еңбек қорғағаныма сонша қуанар ма едi...
Шынында да, Уәкеңнiң мәрт мiнезiнiң арқасында iссапардан кенде болмадық. Жақсы идея ұсынсаң, қайда барам десең де, қол қойып бередi. Үш күнге сұрансаң – бес күнге, бес күнге сұрансаң – бiр аптаға жiбередi. Қыбын тауып, идеясын қоюлатыңқырап, iссапарда жарты ай бойы жүрiп алатындар да бар. Газет iсiнiң жеделдiгiн бiле тұра, қайтып оралған қызметкерлерiне «Мақаланы қашан бересiң?», – деп тықақтап тұрып алу әдетiнде жоқ. «Бiр күйi келгенде жазар» дегендей, елемей жүре бередi. Соны көрген журналистер қаралай қысылып, өздерi-ақ жұлқынып, тездетiп жазып тастауға тырысады. Жалпы, тiлшi бiткенге еркiндiк берiлсе, қаламды құлаштап тұрып сiлтейдi-ау деймiн.
Уәлихан Қалижанұлы басшылық еткен тұстағы ахуал ауыр едi. Бұрынғы одақтан тәуелсiздiгiн алған ел ендi ғана еңсесiн тiктеп жатты. Бұл жағдай газетке де әсер етпей қойған жоқ. Қағаз тапшылығы сезiле бастады, басылымның шығу мерзiмiнiң қысқару қаупi төндi. Соған қарамастан түрлi эксперименттер жасалды. «Жас Алаштың» «Сергектiк», «Ырғақ», «Жiбек жолы», «Мыңнан бiр мезет» атты қосымшалары қатарға қосылды. Бұлар әдепкiде газеттiң iшкi бетi ретiнде шығып жүрдi де, кейiн басылым жанындағы басылым болып жарық көре бастады. Газет шығатын күнi дайындалатын жедел мақалалар кейде осы қосымшаларды да жайлап жататын. Жiгiттер мұндайда «Қосымшалар-ай, қосымшалар-ай,
Бiзге де кейде «досыл» салар-ай» деп әндетiп жүретiн. Қосымшалар газетке айрықша бедел әкелдi.
Экономистер «Жiбек жолының» төңiрегiне топтасты. Спортшылар «Сергектiктi» жағалады. «Ырғақ» музыка мамандарының басын қосты. Осы күнi «Жұлдыздар отбасына» шықпаса iшкенi ас болмайтын жас өнерпаздар секiлдi сол кездiң әншiлерi «Ырғақ» десе, елең ете қалатын.
Осылардың iшiнде «Мыңнан бiр мезеттiң» жөнi бөлек-тi. Қосымшаның редакторы Әдiлбек Қабаев оқырманды қызықтырудың кiлтiн тапты. Ол бақсы-балгер, жын-шайтан, дию-перi, аруақ, албасты тақырыбын арқау етiп алды. Алдымен шайтан жарықтықты «көзiмен көрген» бiреудiң атынан хат ұйымдастырады. Соңына «Сiздердiң ауылдарыңызда осындай пәлекеттi ұшырастырғандар болса, бiзге хабарласыңыздар» деп елдi құлақтандыруды ұмытпайды. Сол-ақ екен, газетiмiздi хат нөпiрi басып қалды. «Менiң атам көрiп едi...», «Әжем айтушы едi...», «Нағашым оны ұстап алып, нұқып жiберген...» деген сипаттағы әңгiмелер күн сайын редакцияға ағылып келiп жатты. Күллi қазақ жұртын шайтан басып қалған ба дерсiң!.. Сол кездегi елдiң көңiл-күйiн дөп басқан «Мыңнан бiр мезетке» керегi де осы едi. Әдiлбек осы хаттарды мың құбылтып жариялады да отырды. Әрiптестерi:
«Ұрпағымын қазақтың Қабайының,
Үлгi алады менен де талай iнiм,
Жын-шайтанмен жүремiн араласып,
Дәл осындай болмайды-ау ағайының», – деп, оның атынан өлең өрiп, жарасымды қалжыңға жол ашатын. Кейiн «Мыңнан бiр мезет» ерекше бел алып, таралымын «Жас алаштың» деңгейiне жақындатты. Әдiлбек бас редактордың көңiлiне келiп қалар деп тiзгiнiн әрең тартты. Шынында да, оқырманды шайтан түрткендей, мақала дегенiң қаптап кеткен-дi. Сол тұста Әдiлбектiң атынан мынадай өлең шығардық: «Бiздiң газет өз жолын тауып бердi. Подпискадан бәйге алып, шауып келдi. «Жас Алаштан» қара үзiп кете ме деп, Уәкең ағам шамалап қауiптендi». Бұл, ендi қалжың. Әйтпесе, газеттi бүкiл қосымшасына қосып басқарып отырған сол кiсiнiң өзi емес пе?
Мәрттiгi мен мырзалығын, кеңдiгi мен мейiрбандығын ешкiм де жоққа шығара алмайды. Оның тәрбиесiн көрген жiгiттердiң көбi алысқа шапты. Тiлшiден елшiге, ақпаратшыдан аппаратшыға, корректордан директорға дейiн өстi.
Кейiпкерiмiздiң БАҚ-тан тыс салалардағы бақ-берекесi де жеткiлiктi. Он бес жылға жуық Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты болды. Халық қалаулысы ретiнде ұлт мүддесiн көздейтiн iргелi iстерге араласты. Әу баста өзi қалаған мамандығынан да қол үзген жоқ. Үш ұлтқа ортақ Ақмола ақынның әдеби мұрасын түгелдеген кандидаттық, қазақ әдебиетiндегi дiни-ағартушылық ағымды зерделеген докторлық диссертация қорғады. Ұлттық Ғылым академиясының алдымен корреспондент-мүшелiгiне, кейін толық мүшелігіне сайланды. Қазақ әдебиеттану ғылымының қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтын басқарды.
Бiз бүгiн оның бiр-бiрiмен берiк сабақтас «Ұлан», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газеттерiндегi басшылық қызметi туралы баяндадық. Қазақтың танымал үш басылымына бас редактор болу бақыты бұйырған азаматтың ел-жұртқа айтары да мол екенi анық. Ендеше, ұлт журналистикасындағы Уәлихан Қалижанұлының осы үш тоғысы лайықты бағалауға тұрарлық.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер