АҚШ-Ресей текетіресі. АҚШ Қазақ ұлтшылдарына көмектесуі мүмкін бе?

6072
Adyrna.kz Telegram
Байден ақсақалдың сөзінен кейін, АҚШтың Орта Азияда ықпалы күшеюі керек. Ол заңды процесс. Әр түрлі фондтар мен мемлекеттік емес ұйымдардың атын жамылған саяси миссионерлер келуі күтілуде. Талайы келіп те қойған шығар. Басты мақсат - Қазақстанды Ресей ықпалынан алыстату, Қазақстан-Ресей қарым-қатынасына көлеңке түсіру, қазақ ұлтшылдары мен Қазақстан оппозициясына астыртын көмектесу.
Алайда, Ресей біз үшін тарихи көрші әрі саяси-әскери партнер болғандықтан, біздің мемлекеттің арнайы күштері АҚШ ықпалының таралуына қарсы жұмыс жүргізеді деп ойлаймын. Оның үстіне Ұлттық Қауіпсіздік Қызметінің басшылығында Ресей академиясын тәмәмдаған полковник-генералдар жоқ емес, сонымен қатар Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың да, РосНефть компаниясының иесі, Игорь Сечинмен дос екені мәлім. Әйгілі Қайрат Қожамжаровтың да Дмитрий Медведевпен курстас екенін ұмытпаңыз.
Осының барлығы Қазақстанды Ресей Федерациясының орбитасында ұстауға кепіл болады.
Ал АҚШ біздің эстеблишменттегі атқа мінерлердің Америка мен Европа банкттеріндегі қаражаттарын тартып алуымен бопсалауы мүмкін. Талай жылжымайтын мүлік қазақ байларының атында жатыр, оны АҚШ біліп отыр. Талай шенеунік пен олигархтың миллиардтары Швейцария мен Люксембургта жатқанын да ұмытпаңыз. Осының барлығы АҚШ үшін ол таптырмайтын ықпал құралы.
Тоқ етері, Ресей мен АҚШ қақтығысы енді басталды. Путиннің мінезі дүниеге мәлім. Айналасында ұрыспаған көршісі қалмады. Байден ақсақалдың "саласалейкум" сөзінен кейінгі сөзі "Путин қылмыскер" болды. Қазақстан әскери соғыс алаңына айналмаса да, саяси соғыс алаңына айналатынына толық сенімдімін.
Бұл жерде көп нәрсе Сыртқы Істер Министрлігіне байланысты. 2022-2024 жж СІМ үшін өте ауыр жылдар болады деп болжаймын. Орыспен де достықты жоғалтпай, алпауыт АҚШпен де аман-сәлем түзу болып қалу керек. Жеріміз үлкен болғанымен, жерімізді қорғайтын қалқанымыз жоқ ...
Самат НҰРТАЗА,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер