Қазақстандық оқушылар пластик жинайтын терминал ойлап тапты

3456
Adyrna.kz Telegram

Талдықорған қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары пластик жинайтын терминал ойлап тапты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Дәстүрлі X Наурыз кездесулерінде Виктор Кахно мен Валерия Ким «Соңынан жақсы іс қалдыр!» атты жоба ұсынған.

Биыл мерейтойлық кездесулер онлайн режимде Жердің жасыл болашағына арналған «Планета және пластик: Адамзат мәдениеті» тақырыбында өтуде.

Пластик қалдықтар – қазіргі заманның келелі мәселелерінің бірі. Ол қоршаған ортаға өндірістен бастап жойылғанға дейін орасан зиян келтіреді. Бұл мәселенің шешімі пластик қалдықтарды қайта өңдеу болып табылады.

Зияткер оқушылар өздерінің баламасын ұсынды. Олар адамзатты пластик жинауға шақыру үшін бөтелкелерді қабылдауға арналған роботтандырылған терминал ойлап тапты. Ерекшелігі – терминалға салынған әр пластик бөтелке үшін автомат қамқорсыз қалған жануарларға тамақ береді. Оқушылардың осындай қызықты шешімі лақтырылатын пластик қалдықтарын азайтып қана қоймай, жануарларға қамқорлық жасай алады.

Жоба авторларының айтуынша, терминалда жүктелген нысанды тани алатын және қоқысты бастапқы сұрыптауды орындай алатын нейрондық желі орнатылған компьютер бар, ол пластикті және пластик емес қоқысты ажыратады; болашақта жиналған пластик қайта өңдеуге жіберіледі.

Терминал тек азық-түлікті ғана емес, сонымен қатар ауыз суды арнайы науаларға жібереді және кез келген үй-күйсіз жануар одан қоректене алады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер