Алматы облысында өз күйеу баласын өлтірген ер адам ұсталды

1874
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысында 36 жастағы ауыл тұрғыны туысын пышақтап өлтірді, деп хабарлайды Polisia.kz.

6 наурыз сағат 22:15 шамасында Қарасай аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Әйтей аулының көшесінде зорлық-зомбылық белгілері бар ер адам мәйіті табылғаны туралы хабарлама түсті. Аталған жайт қылмыстық кодекстің 99-бабы ("адам өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркелді.

Жедел-тергеу тобы мәйіт табылған жерге барды. Ер адамға пышақ сұғылғанын анықтады. Марқұмның жеке басы анықталды, ол сол ауылдың 37 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол әйелімен бірге қайын енесінің үйінде тұрған.

Тергеушілер қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 36 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ол – марқұмның қайын ағасы.

Оның бұған дейін қылмыстық іске қатысы болғаны анықталды. Полиция дәлелдерді келтірген соң ол қылмыс жасағанын мойындады. Айтуынша, бірге ішімдік ішкен соң жер учаскесіне байланысты сөзге келіп қалған. Содан кейін көшеде ас үй пышағын жүрегіне сұғып алған.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешіліп жатыр.

 

Пікірлер