Коронавирусқа қарсы вакцина: әлемде не болып жатыр?

4905
Adyrna.kz Telegram

COVID-19 індетімен күресу мақсатында әлемнің әртүрлі елдерінде бірнеше вакцина жасалған болатын. Бүгінде коронавирусқа қарсы 200-ге жуық вакцина бар болса, оның 63-і клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Ал алты вакцина дүниежүзі мемлекеттерінде халықты вакцинациялау үшін қолданылуда. Десе де, клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі әлі аяқталған жоқ. Қазіргі таңда пандемияға қарсы қандай вакциналар бар және олар қай елдерде қолданылып жатыр? «Адырна» тілшісі ең танымал екпелер тізбегін назарларыңызға ұсынады.

Pfizer, BioNTech вакцинасы

Американдық фармацевтикалық компания «Pfizer» мен неміс «BioNTech» компаниясы жасаған вакцина – ДДҰ-мен ресми түрде мақұлданған алғашқы вакцина. Жыл басында Еуропалық комиссия Pfizer/BioNTech компаниялары жасап шығарған вакцинаның
300 млн дозасын сатып алатынын хабарлаған еді.

Әлемнің 19 елі өз азаматтарын дәл осы вакцинаның көмегімен вирустан қорғауға ниетті. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Сауд Арабиясы сынды елдер бар. Қазіргі таңда екпе Германия мен Бельгияда шығарылады.

Moderna вакцинасы

Америкалық Moderna биотехнологиялық компаниясы әзірлеген вакцина өткен жылдың желтоқсан айында Америка Құрама Штаттарында қолдануға рұқсат етілді. 6 қаңтарда ол ЕО-да мақұлданған болатын. Екпені әзірлеушілер вакцинаның көп бөлігін Moderna кәсіпорындарының бірі орналасқан Массачусетс штатында шығаратындарын мәлімдеді. 2021 жылы шамамен 1 млрд доза өндіру жоспарлануда.

Айта кетейік, америкалық вакцинаның 80 миллион дозасын Еуропалық Одақ сатып алуға ниет білдірді. Оны АҚШ, Жапония, Швейцария, Оңтүстік Корея, Германия мемлекеттері қолданбақ.

Sputnik V вакцинасы

Sputnik V – коронавирусқа қарсы алғашқы тіркелген вакцина. Оны Ресейдегі Гамалея атындағы Ұлттық эпидемиология және микробиология зерттеу орталығының ғалымдары ойлап тапты. Екпені алуға Беларусь, Аргентина, Алжир, Сербия, Үндістан секілді 50-ден астам ел тапсырыс берді.

Елімізде 1 ақпаннан бастап Спутник V вакцинасын салу басталды. Екпені алғашқылардың бірі болып бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов, Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров алып үлгерді.

Sinopharm вакцинасы

Қытайда жасалған Sinopharm вакцинасы қазір клиникалық зерттеулердің соңғы кезеңінен өтуде. Бұл мемлекет вакцинациялауды бастаған елдердің қатарында болмаса да, іс жүзінде миллионға жуық қытайлық екпе алған болатын.

Вакцина Біріккен Араб Әмірліктерінде қолдануға рұқсат етілді. Ресми деректерге сүйенсек, ел 3 миллион дозаға тапсырыс берді. Сондай-ақ, Бахрейн мен Пәкістан да осы препараттың 1,2 миллион дозасын сатып алуға дайын екенін мәлімдеді. 2021 жылдың аяғына дейін Sinopharm вакцинаның миллиард дозасын шығармақ.

QazCovid-In вакцинасы

Отандық QazCovid-In клиникалық сынақтың үшінші фазасынан өтіп жатыр. Оның құрамында әлсіретілген вирус бар. Вакцина қолданысқа 2021 жылдың екінші тоқсанынан бастап енгізіледі.

Еске салайық, бұған дейін Премьер-Министр отандық екпенің тиімділігі 96 процент екендігін атап өткен еді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер