Қаралы күндер қасіреті. Тарихшы мен депутаттың пайымы екі түрлі

1716
Adyrna.kz Telegram
Коллаж: adyrna.kz
Коллаж: adyrna.kz

Совет билігі 1938 жылы 25 ақпан – 13 наурыз арасында елдегі қайраткерлерді күн сайын топ-тобымен атты. Сталиндік репрессияның шырқау шегі болған осы оқиға құрбандарын еске алу туралы әртүрлі пікірлер айтылады.

1938 жылғы ақпанның 27-іне ауған түні Алматыда совет жендеттері қамаудағы 41 адамды бір демде атты. 25 ақпанда басталған топтап ату науқаны кезінде атылғандар арасында бір кезде советтік Қазақстанға қарсы болған адамдар да, советі үкіметін құрған – бір кездегі қызыл үкімет мүшелері де бар еді. Ақпанның 25-інен бастап наурыздың 13-іне дейін  631 адам атылды. Совет билігінің осынша қырғын жасауының себебі не? Тарихымыздағы бұл қаралы күндер неге көмескі тартып барады? Бұл туралы депутат болмаған тарихшы мен депутат болған тарихшыдан сұрап көрдік.

«АТЫЛҒАНДАРДЫҢ 75 ПАЙЫЗЫ – ҚАЗАҚТАР»

Доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубай жаппай қуғын-сүргінді ұйымдастыруға сол кезде Мәскеуден советтік Қазақстанды басқаруға жіберілген Левон Мирзоянның қатысы бар екенін айтады.

- 1938 жылдың 25 ақпанынан 13 наурызына дейінгі аралықта Алматы қаласындағы  КСРО Жоғары Сотының Әскери коллегиясы қоғамға ықпалы бар Қазақстанның ұлттық деңгейдегі Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлинды ату жазасына кесті. Сондай-ақ осы кезеңде басшылық қызметте болған Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Сейітқали Меңдешев сияқты қайраткерлер де құрбан болды. Жалпы, осы аралықта 631 адам атылған екен. Олар Алматы қаласындағы НКВД түрмесінің жертөлесінде атылған, - дейді тарихшы.

Айтуынша, 25 ақпанда – 39 адам,  26 ақпанда – 37 адам, 27 ақпан күні – 41 және 28 ақпанда 40 адам атылған.

- Атылғандардың 75 пайызы – қазақтар, одан басқасы орыс, украин, грузин, еврей, неміс, армян, әзербайжан азаматтары болды. Яғни мемлекеттік қызметтен бастап қазақ қоғамына танымал адамдарға дейін оқу-ағарту саласының қызметкерлері, жазушылар, жалпы зиялы қауым жаппай атылған. Бұл кезде республиканы Левон Мирзоян деген адам басқарып тұрған. Мирзоянның қанқилы әрекеті соншалық – сол кезде «халық жауын» әшкерелеп атуға Орталық үкіметтегі Сталиннен қосымша 1600 лимит сұраған. Ол кезде НКВД-ға әр республикаға мынанша адам атып, жазалау, халық жауларын әшкерелеу керек деген лимит жіберген болатын. Бұл қызыл террордың ең шарықтау шегі еді. Екі аптаға жуық уақыт ішінде бүкіл жоғары санаттағы мемлекеттік қызметкерлер, халыққа белгілі жазушылар мен өнер қайраткерлер атылып кетті. Бір ауыз сөзбен айтқанда Совет үкіметін ұлтты алға сүйрейтін адамдардан тазарту процесі жүргізілді, - дейді тарихшы Ерлан Сайлаубай.

ЖАҢАЛЫҚ АУЫЛЫНДАҒЫ ҚАСІРЕТТІ ҚОРЫМ

Тарихшы Ерлан Сайлаубай осы науқанда атылған қуғын-сүргін құрбандарын жерленген жері көпке дейін белгісіз болып келгенін айтады. Кейін олардың көбі қайда жерленгенін «Әділет» тарихи ағартушылық қоғамы анықтаған.

- Елімізде  1989 жылы «Әділет» тарихи ағартушылық қоғамы құрылды. «Әділет» қоғамы 1938 жылдың 25 ақпаны мен 13 наурыз күндері аралығында Алматы қаласындағы НКВД-ның жертөлесінде 631 адам атылғанын анықтаған. Деректерде НКВД жендеттері күн сайын 39-43 адам аралығында тұтқынды атып отырғаны айтылады, - дейді Ерлан Сайлаубай.

Тарихшының айтуынша, 2000 жылдарда атылған адамдар қайда апарылып, қайда көмілді деген сұрақтар туды. Бұл бағытта «Әділет» тарихи ағартушылық қоғамы сүбелі жұмыс істеді. Әу баста аталған қоғам өкілдері  атылғандардың жерленген жері Алматыдағы Боралдай ауылында деп жүрді. Кейін куәгерлердің сөзі мен естеліктердегі деректерді назарға ала отырып құрбандардың Алматы түбіндегі Жаңалық деген ауылға көмілгені белгілі болды.

- Қайраткерлерді жаппай көме берген. Жаңалық ауылындағы қорымға 3500 адамның мүрдесі көмілген дейді. Кейін Жаңалық ауылында құрбандар жерленген жерге арнайы ескерткіш қойылды. Қазіргі таңда жергілікті әкімшілік өкілдері мен қайраткерлердің ұрпақтары сонда барып, зиярат етіп жатады, - дейді тарихшы Ерлан Сайлаубай.

ҚҰРБАНЫ БӨЛЕК САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ

Ерлан Сайлаубайдың айтуынша, еліміздің орталық қалаларының маңдарында осындай қорымдар баршылық. Сондай-ақ ол Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен Ашаршылық құрбандарын еске алу күні бөлек болуы керек деп есептейді.

- Мысалы, Ақтөбе қаласының түбіндегі ату жазасына кесілген қорымға өзім барып, көзіммен көрдім. НКВД жендеттері атқан азаматтарды қаланың сыртындағы қорымға апарып, жерлей берген. Бұл дерек сол заманды көрген ақсақалдардың естелігі арқылы анықталды. Осының арқасында қайраткерлердің басына ескерткіштер қойылды, - дейді Ерлан Сайлаубай.

Жыл сайын 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өткіледі. Бірақ тарихшы бұл күннің аражігін ажырату керек деп есептейді.

- Ашаршылық құрбандары мен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуды бөлу керек. Кезінде тарихшы Талас Омарбеков «Саяси қуғын сүргін құрбандары мен Ашаршылық құрбандарын еске алу күні өз алдына жеке болу керек» деп айтқан болатын. Бізде екі қаралы күн араласып кетіп, халық қай күннің қандай маңызы бар екенін аңғара алмай қалды. Бұл туралы журналистерден бастап депутаттарға дейін мәселені көтерген жөн болар еді. Халықтың бетке ұстар азаматтарын екі аптаның ішінде көзін жойып, белгісіз жерге көміп тастау – үлкен қасірет. Бізге қайраткерлердің жатқан жері бертінге дейін белгісіз болып келді. Менің ойымша, 25 ақпан саяси қуғын-сүргін күні ретінде азалы күн болып жарияланып, бүкіл республика бойынша аталып өтілуі керек. Бұл күнді жастарға тарихи тағылым беретіндей еске алуымыз керек», - дейді тарихшы Ерлан Сайлаубай.

«КҮНТІЗБЕНІҢ ЖАРТЫСЫН ҚАРАЛЫ КҮНДЕР ҚҰРАҒАН БОЛАР ЕДІ»

Ерлан Сайлаубайдың Ашаршылық құрбандарын еске алу күні мен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні бөлек болу керек деген ойымен Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл келіспейтінін айтады.

- Біздің тарихымызда, әсіресе ХХ ғасырдың тарихында қаралы даталар өте көп. Сондықтан біз әрбір тарихи датаны жеке атап жүрсек, күнтізбенің жартысын қаралы күндер құраған болар еді. Сондықтан бізде ресми түрде бекітілген жаппай қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні бар, сонымен шектелеміз, - дейді депутат.

Депутаттың айтуынша, Саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылық – Кеңес заманының қылмысы. Яғни, ол бұл екі нәубетті бір-бірінен бөле қарастыруға келмейді деп есептейді.

- Менің ойымша екеуі бір себептен туындаған оқиға болғандықтан оны бірге айтып, бірге көрсету керек. Бұл оқиғалардың негізгі себебі – кеңес үкіметінің қате саясаты. Сондықтан оларды бөлуге болмайды, - дейді Еркін Әбіл.

Ол жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде мемлекеттік коммисся жұмысы ресми түрде аяқталғанымен, бұл бағыттағы жалпы жұмыс жалғаса беретінін айтады.

- Биыл қаражат бөлініп, арнайы топ жұмысты жалғастырып жатыр. Мен өзім сол топтың құрамындамын. Сондықтан саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау және оны зерттеу жалғасады, - дейді Мәжіліс депутаты.

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Морщины "стираются" как ластиком! Намажьте кожу лица обычным...
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Пьяные что ли? Пугачева с мужем шокировали своим развратом
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Ложку перед сном и все! За неделю уйдет 13 кг возрастного жира...
Пікірлер