Жаны жаз аға, Әз аға!

2324
Adyrna.kz Telegram

ҚР Ұлтық кітапханасында Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың мемориалдық кабинеті ашылды.

19 жасында Ұлы Отан соғысына қатысқан Әзілхан Нұршайықов елге келген соң қазіргі ҚазҰУ-ға оқуға түседі. «Ұлан», «Егемен Қазақстан» газеттерінде табысты еңбек етті. 1953 жылы Павлодар облысының  «Қызыл ту» газетіне редактор болып ауысады. 1961 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болып келгеннен бастап, Алматыға біржола тұрақтайды. Қаламгер Кеңес Одағының 4 орденімен және оннан аса жауынгерлік медальдармен, Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен (1995) және «Парасат» орденімен (2005) марапатталған. Қазақстанның Халық жазушысы атағын алды(1990).

yizyi«Қазақстан кітаптары» залындағы мемориялдық кабинеттің ашылуынан кейін, дөңгелек үстелге жиналған қаламгерлер, жазушы туралы естеліктер айтты.

Соның бірі де бірегейі, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов атындағы қос мұражайдың директоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әбдіғали Қайырбеков. «Бүгінгі Ұлттық кітапханамыздың төрінде ашылған Әзілхан ағамыздың мемориялдық кабинеті құтты болсын. Мен Әзағаңа 85 жасында өлең арнап жазып оқыған едім, өзі бұл өлеңді естіп кетті. Сіздердің алдарыңызда соны оқып берейін» деп қысқа әрі нұсқа қайырды.

Жаны жаз аға, Әз аға!

Кемелдік тауып кеңдікте,

Елдікке үндеп теңдікке,

Өрдіңіз сөзбен мұнара

Махаббат пенен ерлікке.

Тынбастан шарлап даланы,

Тынығып қана шамалы,

Сөзбенен емдеп жаздыңыз

Соғыстан қалған жараны.

Өтеді уақыт сырғиды

Ұшады бастан қырғи күн.

Сіз жазған әрбір шығарма

Жүрекке шуақ нұр құйды.

Асудан-асу астыңыз

Жалғандық десе қаштыңыз

Бауыржан батыр бейнесін,

Аңызға орап аштыңыз.

Еңбек пен екпін еселеп,

Қажыған жоқсыз десе де

Қалима апам басына

Қойдыңыз әппақ кесене.

Жайдары жаны жаз аға,

Тұныққа іңкәр таза аға,

Махаббат жырын толғаңыз

Азаттық жырын толғаңыз

Жетіңіз жүзге Әз аға!

sam_3362

Шара соңында Ә.Нұршайықов туралы деректі фильм көрсетілді.


Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ

"АДЫРНА"

Пікірлер