Жемқорлық жоқтықтан туындайды

2643
Adyrna.kz Telegram

"Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды" демекші, жемқорлықтың алдын алу жөнінде айтылмаған сөз, естімеген құлақ қалмады. Десе де нәтиже болуы үшін нақты шаралар жүргізілуі қажет-ақ.

Жалпы, егеменді ел болып, есімізді жинағалы қоғамымыз осы дертпен күресуде. Жемқорлық жегі құрттың тура өзіне айналды. Адам өлтіру ауыр қылмыс болса, ең сорақысы – осы жемқорлық. Осының кесірінен көптеген елдер батпаққа батқан көліктей, не алға жылжуға, не кері айналып өтуге еш мұршасы жоқ.

Көк байрағымызда көкке самғаған бүркіттің бейнесін халқымыздың арман-мақсатының символы деп танысақ, оның қанатын кең ашып, еркін самғауына кедергі ететін - осы жемқорлық. Мұны жеңбей, еш ісіміз оңбайды. Жемқорлықты ұлттық қауіпсіздігімізге төнген жойқын қауіп деп қарауымыз қажет.

Жемқорлықты алған адаммен шектемей, берген адамды барып тұрған қысмыскер деп санауымыз керек. Әрине, алғаны мен бергені болсын, бұларың аспаннан салбырап түспейді. Олар біздің ортамыздан шығып отыр. Барлығы да біздің аға-көкелеріміз, ұл-қыздарымыз, өз азаматтарымыз. Кішілері үлкенінен үлгі алып, ал үлкені арам пиғылына ерік берген заман.

Мұны қазір алдын алып, шорт кесіп доғартпасақ, келешек ұрпақ та осылай болып қалыптасады. Балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны іледі. Дәл жас бүрдіршіндеріміз, студент пен оқушыларымыз жемқорлық дегенде жиіркенетіндей сезімде болуы керек.

Жалпы қарасақ, бұл кесел жоқтықтан туындайды. Ал жоқтықты туындататын үкімет тарапынан бөлінетін қаражат болсын, көмек болсын, әр нерсе өз діттеген жеріне жетпеуі. Сондықтан, халықтың тұрмысын жақсартуға ерекше көңіл бөлу қажет.

Үкімет әр салаға жыл сайын қомақты қаражат бөліп отырады. Мемлекеттік бағдарламалардың басым бөлігі тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Алайда, көп жағдайда тиесілі көмектің өз жеріне жетпеуі, арада талан-таражға кетуі халық тұрмысының нашарлауына әкеледі.

Халқымыз талай қиындықтарды өткеріп, көп нәрсеге шыдамдылық танытты. Әр шаңырақ "біреудің ала жібін аттама, ешкімнің ақысын жеме" деген қағиданың төңірегінде өмір сүретін. Жасөспірім үлкендердің алғыс-тілегіне бөленіп өсетін.

Ауруын жасырған ауырмай өледі демекші, қақсап тұрған жерімізді ашық мойындауымыз керек. Бұл бір. Екіншісі, оны заң түрінде өте қатал жазалау қажет.

Жемқор - нағыз қылмыскер. Өз пайдасын халық мүддесінен жоғары қойған адамнан еш нәрсе өңбейді. Жемқорлықтың көптеген көріністері бар. Оны тізбелеп отыру да қажет-ақ. Жемқорлық – ата-бабаларымыздан мұра болып келген дүние емес. Бұл халқымыздың табиғатына жат нәрсе болғандықтан, оны жеңу, тамырымен жою – міндет.

Біз қанша уақытты құр бос өткізіп алдық, осы уақытта жемқорлық тамырын жайып үлгерді, бұл кеселді қанша азаматтарымыз отбасымен бірге жұқтырып та үлгерді. Дегенмен, қандай ауру болмасын, оны емдеуге болады. Қажет болса күштеп емдету керек.

Қаншама ақын-жазушыларымыз "жарқын болашақ" жайлы ұрандатып, үміт етуде. Оған қол жеткізудің жолы – жемқорлықты жою. Бізге айға ұшудың, дамыған ел боламыз деп шетелдің ұстанымдарын ендірудің әзір еш қажеті жоқ. Алдымен, бізде өршіп тұрған жемқорлықты ауыздықтау. Осыны орындасақ қана көркейеміз. Және бұл ғажайып нәрсе емес, бұл - қарапайым заңдылық.

Төрегелді ШАРМАНОВ,

Ұлттық ғылым академиясының академигі

Пікірлер