Неміс пен намыс

1233
Жолы талай тоғысқан,
Жаудан елдi қорғаған.
Қару ұстап соғысқан,
Қалам ұстап толғаған.
(Журналистiк фольклордан)
Бiздiң ұғымымыздағы фашист – сұмырайдың сұмырайы. Оның кеңес әскерiнiң қолына түскендегi кейпi айрықша аянышты. Кинодан талай көргенбiз. Бүрсеңдеп жүредi, бүрiсiп қашады. Екi қолы ербеңдеп, серең-серең еткен бiреулер. Автоматпен көздемей атады. Түрден түр жоқ. Әзiлхан аға да олардың жауыздығы мен жексұрындығын танытудай-ақ танытады. Бiрақ оның күнделiгiнде кейiптелетiн тұтқынға түскен немiстердiң кеңес жауынгерлерiне еркiн сөйлеп, ақыл айтатын кездерi де болады. Соған қарағанда немiстiң де немiсi бар шығар. Жау қолына iлiксе де, әкесiнiң үйiнде жүргендей тайраңдап, әркiмге пайдалы кеңес берiп жүрген фриц жарықтықтардың рухы да, юморы да күштi екен!
Ендi күнделiктiң осы тұсына үңiлейiк: «6 декабрь 1942 жыл. Бұрын бiзде артиллерия мастерi болып, кейiннен дивизияға ауысқан үлкен сержант Сперанский Борис келдi. Борис айтады: Кеше бiздiң штабқа 4 немiс ұстап әкелдi. Екеуi – офицер. Оларды алдымен дивизионның штабына әкелген. Онда кiшi лейтенант Бiләлов нан жеп отырса керек. Сонда немiстiң бiрi тұрып:
– Мынау артиллерист пе, минометчик пе? – деп сұрады Бiләловтi.
– Артиллерист, – деп жауап берiптi бiздiң жiгiттер.
– Ендеше артиллеристерiңдi ақ нан, колбаса берiп тамақтандыруларың керек. Сонда артиллерияларың дәл ұрады, – деп айтты дейдi немiс.
– Ал минометшiнi ше? – деп сұрайды Бiләлов.
– Соломмен тамақтандыру керек. Минометчиктерiң өте жаман ұрады, – дептi.
Жолда әкеле жатқан часовойларға: «Сендердiң киiмдерiң жылы, жүз жыл соғысуларыңа да болады ғой» деп айтады дейдi немiстер». Жаны жайсаң Әзағаң өстiп немiс екеш немiстердiң бойынан да шуақ iздейдi. Оларға кейде жау деп қана емес, адам деп те қарайды. Сөйте тұрса да, майдангер соғысқа не үшiн келгенiн ұмытпайды. Немiстi мысалға алған сайын намысын жанып отырады.
Күнделiк иесiнiң ұстанымы берiк. Ол жан-тәнiмен соғысты ертерек бiтiрудi, бейбiт күнге жетудi аңсайды. Кескiлескен шайқас жүрiп жатқан, күйiктiң исi сiңген сұрқай даланың өзiнен әсемдiк көргiсi келедi. «Бүгiн түн өте жарық, айлы әдемi түн», – деп тыныштықтың түр-сипатын танытады. 1943 жылғы 29 сәуiр күнi таңертең шығып келе жатқан күнге қарап тұрып, мынадай екi жол өлең өредi: «Күнге қарап оқ атпан, Күншығыста елiм бар!». Мұндай әсерлi толғаныстар жазбаларда жетiп артылады.
Тумысынан бауырмал жас жауынгер кеудесiнде жаны бар жануардың, ұшқан құс пен жүгiрген аңның бәрiне жанашыр. Жаһандық жойқын соғыстың жаратылыстың жарасымын бұзып, күйiн кетiргенiне налиды. Ең алдымен зеңбiректi тартуға жегiлетiн жылқылардың жайын көбiрек ойлайды.
«19 апрель. 1943 жыл. Бүгiн зеңбiрек аттарының жал-құйрығын тарап, жуып жатырмыз. Бәйгеге қосатындай етiп, кекiлiн сәндеп, кежiмдеп жатырмыз... Егер осы аттар болмаса, үш тонналық зеңбiректердi бiз қалай сүйреп жүрер едiк? Адам сияқты емес, ат байғұстар сол сiңiрген еңбектерiне сыйлық сұрап, награда дәметпейдi... Биыл 9 январьда 6 ат пен 6 жауынгерiм оққа ұшты. Аттарым менiң, асылдарым менiң!» – деп толғайды Әзекең. Өзi марапат сұрамай-ақ майдан даласында жортқан, сарбаздарға серiк болған сәйгүлiктердi үнемi күтiп-баптайды. Жылқы жарықтық – талай ғасырдан бергi майдан көлiгi. Арғымақтар бұл соғыста да адамзатқа адал болды. Зеңбiрекке жегiлетiн артиллерия аттарының тұяғының дүрсiлi аға сержант күнделiгiнiң өн бойынан үздiксiз естiлiп тұрады.
Сұм соғыс тек адам баласының ғана емес, табиғаттың да тыныштығын бұзды. Үркiншiлiкке ұшыраған орман-тоғай азынап-сарнап, мақұлық екеш мақұлық та мазасынан айырылды. Үрiккен даланың осы бiр сәтi Нұршайықов күнделiгiнде былайша бейнеленедi: «13 сентябрь 1943 жыл. Айнала тұман болып кеттi. Артиллерия даусынан есi шыққан 9 торғай ағаштан-ағашқа ұшып, пана таппай жүр». Осыдан-ақ жас жауынгердiң жаны нәзiктiгiн бiле берiңiз. Басқалар жан-жағына снаряд бiткен томардай топырлап түсiп жатқанда, төбеде тыпырлаған тоғыз торғайды қайтсiн?! Ал Әзағаң әлем-жәлем әлемнiң iшiнен жарық сәулеге ұмтылады. Оның азан-қазан арпалыстың арасында жүрген кезде де аңғарымпаздық қасиетiнен ажырамағаны қайран қалдырады. Бұл да – түбiне ешкiм терең бойлап болмайтын түсiнiксiз құбылыс.
Жас сарбаз қауқарсыз құстың үрейi ұшқанына күйзелсе, түз тағысының аянышты халiне де қиналады. Тоғай iшiндегi табиғи үйлесiмдi бұзып, тыныштықтың шырқын кетiрген соғыстың кез-келген сәтiн қалт жiбермейдi. Жалғыз жауынгер емес, тұтас жазармандар жасағын апарып, қолдарына қалам-қағаз берiп, отырғызып қойсаң да, ұрыс даласының шежiресiн дәл осылай таныта алмас.
«13 февраль 1945 жыл. Бiз атып бола бере, бiзге қарай бiр елiк қашып келе жатты. Алдынан бiреулер оқ атып едi, кейiн қарай қашты. Ар жағынан зеңбiректiң атылған даусынан тағы берi қарай қашты. Байғұс, жаралы киiк жанын қайда қоярын бiлмей сасуда», – делiнедi күнделiкте.
Жүректiң тазалығы, рухтың биiктiгi, ертеңгi күнге деген сенiм ғана соғыс жүрiп жатқан жердегi әр оқиғаның барысын өстiп масақ қалдырмай тәптiштеуге мүмкiндiк бермек.
Немiс пен намыстың арпалысында жеңiп шыққаны да осыдан шығар.
2011 жыл.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket