Қаруы сайлы қарт сарбаз

781
Компьютердi қолданып,
Қайдағыны қазады...
Бұрынғыша толғанып,
Бүгiнгiше жазады.
(Журналистiк фольклордан)
О заман да, бұ заман, жасы тоқсанға таяған ақсақалдың компьютердiң терметақтасымен зырылдатып мақала жазғанын көргенiңiз бар ма?! Әй, қайдам... Компьютердi айтасыз, қазiр күн санап азайып бара жатқан қариялардың ұялы телефонның түймесiн cытырлатып басып отырғаны көзге бiртүрлi ерсi көрiнбей ме? Ана дәуiрдiң елесi мен мына дәуiрдiң белесi әйтеуiр бiр-бiрiне қабыспай тұрады. «Жiгерiн жас күнiнде отқа ұстаған, селкiлдеп сексенiнде сотка ұстаған» дегендей, шал-шауқан мен кемпiр-сампыр техниканың тетi­гiнен алыс жүруге тиiс сияқтанады. Бiрақ осы үйлесiмсiздiктi жоққа шығарып, сол техникаңа тез бейiмделiп кеткен бiр ардақты ағамыз болды. Ол журналистиканың қарт сарбазы болып өмiрден өткен Әзiлхан Нұршайықов едi.
Олай дейтiнiмiз, әрқашан оның «бес қаруы» бойынан табылатын. Қолынан қаламы түскенше жазды. Қалтасында қойын дәптердiң жетi атасы жүрдi. Ұтымды ой келе қалса, оймақтай ғана блокнотына түртiп алады. «Ой дегенiң қонақтап тұрған торғай сияқты. Пыр етiп ұшып кетсе, айырыласың да қаласың», – дейтiн ол. Тосын ой қылаң берсе, қалтасынан жып еткiзiп алады да, жаза қояды. Сол ойдың ұшқындарын кейiн титiмдей блокнотынан терiп алып, әдемi детальға, әсерлi әңгiмеге айналдырады. Сапарға шықса, объективi бiр қарыс фотоаппараты мойнында, ұялы телефоны белдемшесiнде, диктофоны қалтасында жүредi. Осы заманғы озық техни­каның бәрi Әзағаңның жұмыс бөлмесiнде қатар сап түзеген. Ксерокс, факс, компьютер, принтер, сканер... Қарт сарбаз соның бәрiне таңертеңнен кешке дейiн телмiре қарап босқа отырмайды. Қаптаған құралды шекесiнен шертiп, шетiнен жұмысқа жегедi. Өзiнiң техникаға құмарлығы кез-келген студенттен кем емес. Бiлмеген тұсын немере-шөберелерiнен сұрап алады.
Тоқсанға таяған қай жазушының компьютердiң мониторына үздiге үңiлiп, электронды поштаға зер салғанына куә болып едiңiз?! Егер өзi қаласа, осы күнгi жастар иiрiп әкететiн талай күрделi операцияларды жүзеге асыруға қаламгердiң бiлiктiлiгi мол жететiн едi. Бiрақ оның алымды ардагерге қажетi шамалы болатын. Ол тек жазуға, жазып-сызғанын өңдеуге машықтанды. Осыны әжептәуiр игердi.
Ара-тұра бiр бұрышта жетiмсiреп тұратын ескi досы – қара машинканы да пайдаланып қояды. Қара машинкамен басылған туындылар қазақтың қара ормандай қалың оқыр­манына қаламгердiң есiмiн кең танытты. Сол серiгiн ендi қалай ғана жұмыссыз қалдырар?! Босағада мөлиiп тұрған қара машинка компьютердiң бастырмаларынан босаған Әзағаңның қолына тисе болды, қара жорғадай жүйтки жөнеледi.
Үйiне өзiн iздеп келген адамды суретке түсiредi. Ол сурет­тi жарытусыз зейнетақысынан жырып, ақы төлеп шығарып, әлгiкiсiнiң соңынан қалмай жүрiп, қолына тапсырады. «Қап, ана жолы түскен фотосын алмады-ау, ал деп айтайын десем, мекен-жайын да, телефон нөмiрiн де сұрамаппын», – деп айдаладағы бiреулердiң жоғын жоқтап отырады.
Жаратқан ием оған мейiрiмiн аямай төктi. Жер мен көктiң арасын өртке ораған қан-қасаптан аман қайтты. Үстiне қылау жұқтырмай күтiп мәпелейтiн аяулы жарға жолықты. Қайда барса да кез-келген қазақ түстеп танитын танымал жазушының бiрiне айналды. Жұрт қолдан-қолға түсiрмей жата-жастанып оқитын шығармаларды өмiрге әкелдi. Жасы ұлғайғанына қарамастан сергек қалпынан айнымады. Ажары қайтып, шашы түсiп, жүнжiп кеткен жоқ. Әркез сыртқы сынына мiн түсiрмей, бабында жүрдi.
Қоғамдық өмiрге әрқашан iлесiп отырды. Айналада болып жатқан оқиғаларға дер кезiнде үн қосты. Журналис­тиканың осы заманғы үрдiстерiнен ешқашан жаңылып көрген жоқ. Жаңаша ойлап, жаңаша жазды. Бұрынғы мен бүгiнгiнi жалғайтын алтын көпiрдiң мiндетiн атқарды. Көңiлдегi көрiктi ойды кейiптеу жағынан өзiнен жетпiс жас кiшi әрiптестерiнен қалысқан емес. Заманның тынысын, дәуiрдiң рухын сезiне бiлдi. Зымырандай зырлаған уақыттың ырғағына iлесе алмай қалған жерi жоқ. Кейiннен енген терминдердi мол пайдаланды. Осы күнгi оралымдар мен туынды тiркестердi жөнiмен қолданды. Жазған-сызғанын авторын көрсетпей оқытып көрсең, ешкiм де тап осыны сексен сегiздегi ақсақал­дың дүниесi дей алмас едi. Қазiр оның жасындағы қарттар қағаз шимайламағалы қай заман?!
Әзiлхан ағаның тағы бiр өте жақсы қасиетi бар едi. Ол бiр нұсқаны жаза салып, «осыны қабылдаңдар» деп мiндет­тейтiндердiң санатынан емес. Жазғанына сын көзбен қайта үңiлетiн. Кейбiр көңiлi толмаған тiркестерiн өңдеп, өңiн кiргiзетiн, жөндеп, жандандыра түсетiн. Халық жазушысы халықтың талғамын ешқашан ұмытпайтын.
Қасиеттi қарт сарбаз, мiне, сөйтiп, тынымсыз ғұмыр кештi. Сексеннiң бел ортасынан асқан кезiнде де ат үстiнен түспей, жаумен шайқасқан хас батырлар секiлдi өмiрден өтер-өткенше жазудан қалған жоқ. Жанымен, жүрегiмен жазды...
2011 жыл.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер
Редакция таңдауы