Жазылмаған "Журналистер", басылмаған "Боздақтар"

756
Таңсәрiден оянып,
Тынбай жұмыс iстеген.
Тоқсан жасқа таянып...
Тұғырынан түспеген.
(Журналистiк фольклордан)
Қаламгердiң шығармашылығын зерттеушiлерге құлаққағыс бiлдiре кетейiк. Халық жазушысы iлгерiде журналистер туралы роман жазуды жоспарлапты. «Махаббат, қызық мол жылдар» мен «Ақиқат пен аңыз» оның бұл шаруасын кейiнге ығыстырған. Майдандас достары туралы «Боздақтар» романының бiрқатар нұсқалары қағаз бетiне түскен тәрiздi. «Әйгiлi 100-шi бригаданың құрамындағы бес мың адам майданға бiрге аттанып едiк, содан үш жүздей ғана кiсi елге аман келдiк», – деп толғанып отыратын. Соғыс кезiнде Халима екеуiнiң бiр-бiрiне жазған екi папка хаты сақтаулы тұр. Қазақтың белгiлi тұлғаларымен жазысып тұрған хаттары да жеткiлiктi. Олардың бәрi де өз ойын көркем кестелей бiлетiн кiсiлер екенiн ескерсек, бұл құндылықтар да рухани дүниемiзге қосылатын үлес болмақ. Өз басым Әзағаңның үйiнде Жайық Бектұровпен жазысқан бiр папка хатының сақтаулы тұрғанын көргенмiн. Қысқасы, Мұхтар Мағауиннiң бiр кейiпкерi айтпақшы, Әзағаңда бәрi бар.
Қазiргi кейбiр күнделiктердiң басылып шыққан нұсқасын оқып отырып, заманның ыңғайына бейiмделiп, қайта өңделгенiн аңғарасың. Бiрқатар беттердiң жыртылғанын сезесiң. Күнделiкке сенсең, авторлар баяғыда-ақ елдiң қамын ойлаған. Коммунистiк қоғамның тарайтындығын қоян жылы күн iлгерi сезген. Қазақтың тәуелсiздiк алатынын қапысыз аңғарған. Не деген сұңғыла десеңiзшi?! Ал Нұршайықов күнделiктерiнде жақсы мен жаманның, ақ пен қараның арпалысы бар. Оның күнделiктерi әдеби тұрғыдан өңделмейдi. Автор бiрде-бiр сөйлемiнен бас тартпайды. Бiрде-бiр әрпiн қисайтпайды. Мысалы, ол өз күнделiгiне 1942 жылы 7 қараша күнi былай деп жазыпты: «Кешегi газетте менiң «Москва» деген өлеңiм шықты-ау. Мiне, сол ұлы көсем сол Москвадан сөйлеп тұр! «Беремiз келiп рапорт салтанатты, Москва, Кремль мен Сталинге», – деп бiткен едi ол өлең. Көсемнiң әрбiр сөзiн естiгiң, естiген емес-ау, жұтып қойғың келедi...». Көзқарасы өзгерген көп ағайын қазiр осы тақiлеттес ой-пiкiрлерiн жариялауға аса құлықты емес.
Бiрде күнделiктерiнiң негiзiнде жазылған мемуарлық шығармасы жарыққа шыққан соң бiр халық жазушысы Әзағаңды жерден алып, жерге салыпты. Телефонмен тiлi жеткенше тiлдептi. Халық жазушысы халықтың былапыт сөздерiн де жетiк бiлетiнiн көрсетiптi. «Бұрын жақын дос едiк. Қазiр хабарласпаймыз, амандаспаймыз. Елдiң бiразы куә болған бiр оғаш қылығын жазып едiм. Соған ашуланды. Күнделiктiң осындай шындықты шырқыратып шығаратын ащы тұстары көп болады. Кiсi оған шамданбауы керек, кезiнде неге осылай iстедiм деп өкiнуi керек», – деген-дi Әзағаң.
Қай iсте де сабырға жүгiнетiн журналистиканың қарт сарбазы өмiрдiң кейбiр сәттерiн баспасөздiң тiршiлiгiмен байланыстыра бейнелейдi.
«Газет, журнал күйелеп,
Жатса-дағы жасыма,
Жаныңдағы жараңды,
Қан шығара қасыма», – деп жаныңды жұбатып, сабырға шақырады.
«Бүгiн бұлтты болғанмен,
Ертеңгi күн ашылар.
Дауыл, боран, сұрапыл,
Уақытында басылар», – деп алдағы күнге үмiт артып, жiгерiңдi жаниды.
«Бүгiн түнек болғанмен,
Ертең нұрлы күн шығар.
Кеше көрген қорлықтың,
Бәрi тегiс тұншығар», – деп қолтығыңнан демеп, қанаттандыра түседi. Ең соңында айтпағы да әдемi:
«Сол газеттер өзiңдi,
Қайта мақтар кез келер.
Кеше саған жау болған,
Бүгiн мүлде өзгерер».
Оптимистiк өлең. Өмiр бойы журналист болып қызмет iстеген Әзағаң шығармасында тiршiлiк түйткiлдерiн газеттiң мысалы арқылы тiлге тиек етедi.
Газет демекшi, қаламгердiң журналистерге арналған афоризмдерiнiң өзi кiшiгiрiм бiр жинақ болып қалар. «Тiлшiнiң кеңсесi – кең дала», «Тiлшiнiң өзi жаяу, хабары жүйрiк», «Тiлшiнiң тiлi жұмсақ, қаламы қатты», «Алыстағы жазушыдан жақындағы журналисiм артық», «Аспанда қыран көреген, Елде тiлшi көреген», «Тiлшiнiң шаңы бұрқырамайды, жаны бұрқырайды», «Жүйрiк машинистканың саусағы жорғадай тайпалады», «Бiр үйлi жанды бiр қалам асырайды», «Тарыдай факт таудай оқиғаға апарады» деген нақылға айналған тiркестер баспасөз қызметкерiнiң тынымсыз тiршiлiгiн дәл танытады. Осындай ойлы оралымдардың бiрқатары автордың өз басынан кешкен жәйттерiнiң негiзiнде түзiлген. Санасында суарылып, көңiл көрiгiнен өтiп, күнделiгiне түскен.
Қарт қаламгердiң күнделiгiн толтыруға мүмкiндiгi болған ең соңғы күнi – 2011 жылдың 6 ақпаны. Жанында бiрге болғандардың естелiгiне сүйенсек, бұл күнi де ол әдеттегiше ерте тұрыпты. Көптен ат iзiн салмаған Абай ескерткiшiнiң жанына келiптi. Алып Абайдың тұғыртасын алақанымен аялап, Алатау жаққа қарап үнсiз тұрыпты. Сосын көше жағалап бiраз серуендептi. Әдеттегiше жол-жөнекей жолыққан кiсiлер жазушымен тоқтай қалып амандасады. Қаламгер оларға қашанғы дағдысымен аты-жөнi, мекен-жайы жазылған тiлдей қағаз үлестiредi. Бiраздан әлде өзiн жайсыз сезiндi ме, әлде бүгiнгi күннiң әсерлерiн ақ қағаз бетiне түсiруге асықты ма, үй жағына беттеген. Оның күнделiктерiнде ең көп аталатын есiмнiң бiрi Абай едi. Абыз ақынға қатысты жәйттердi көрiктi оймен өрнектемеген жерi жоқ-ты.
Сонау 1940 жылғы 27 маусымнан басталған күнделiгiнiң алғаш сөйлемiнде Абайдың сөзiн мысалға келтiргенiн алдыңғы мақаламызда айттық. Сол күнi ол Абайға арнаған өлеңiн де жазып қойыпты. Ұлы ақын туралы төрт шумақ өлең былай түйiнделедi:
Терең ой, шалқар теңiз, данам – Абай,
Жел-құздан қорғайтұғын панам – Абай.
Жалықпас өмiр бойы ұстаздықтан,
Ұлтымды өркендетер санам – Абай!
Соңына «27.06.1940 жыл, «Ақбұзау колхозы» деп қол қойыпты.
Сөйтiп, кейiпкерiмiз сол күннiң жазбасын дәптерiне түсiрiп үлгерсе, Абаймен басталған жетпiс жылдық жазба Абаймен аяқталған болуы әбден мүмкiн! Әзағаңның өнегелi ғұмырының шырқау шыңының куәсi – соңғы 130-шы күнделiк, мiне, осы жерден үзiлдi...
Ендi қазақтың рухани өмiрiндегi кейбiр деректер мен мәлiметтердi нақтылай түскiмiз келсе, екiншi дүние жүзiлiк соғыс алдында «Ақбұзауда» басталып, жиырма бiрiншi ғасырда Алматыда аяқталған теңдесi жоқ шежiренi көз қарашығындай сақтауымыз керек.
Жетпiс жылдың жүгiн арқалаған дерекке толы дәуiр дәптерлерi тiлiн шешiп жiберсең, сайрағалы тұр...
2011 жыл.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер
Редакция таңдауы