Ақбозаттың иесі (Алақандай эссе немесе сөйлеп тұрған суреттер)

808
Бұдан жарты ғасыр бұрын жиырманың жалына енді ғана жармасқан қызылордалық жас фототілші ғаламат сурет (1-фото) түсірді. Сол күні ол «Қазақфильмге» ауылдас ағасы, атақты режиссер Сұлтан Қожықовты іздеп барыпты. Зәулім ғимараттың бір мүйісінде көзіне түскен жарасымды жұпты дереу қолындағы фотомылтығының қарауылына іліктіреді.
Бірақ сол жолы Сыр бойының сидаң жігіті Болат Омарәлиев (2-фото) киноға түсіп жатқан Құман мен Меруертті, яғни, әйгілі Қыз Жібек пен Төлегенді тарихтың таспасына таңбалағанын білмепті.
Болат Омарәлиев
Бүгінде бұл өнердің шыңына шыққан теңдессіз талант, көздегені мүлт кетпейтін фотомерген арада елу жыл өткенде сол суретті тауып алып, жарияға жар салды. Біртуар Болат ағамыздың жалпақ жұртқа танымал жайдары жұпты таспаға тартқаны бір бұл емес. Оның қазыналы қоржынын ақтара қалсаң, Тастанбековтің тарихы мен Өтекешованың өрнектері көптеп табылады.
Өйткені Ақбозаттың иесі Сыр бойына талай рет келді. 1971 жылы «Қыз Жібек» фильмінің Ақмешіттегі алғашқы көрсетіліміне қатысты (3-фото).
1992 жылы өзі рөлінде ойнаған жастардың жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевты ұлықтау тойына барды (4-фото).
2008 жылы өзінің жетпіс жылдығына орай Қызылордада өткен мерекелік қойылымды тамашалады (5-фото).
Сол сырлы сапарлардың арасында үзеңгілес досы Болат ағамызбен суретке түсуді де (6-фото) ұмытқан жоқ...
Екі мың он жетінші жылғы желтоқсанның он бесінде ардақты Меруерт апайымыз Ақордадан «Парасат» орденін тағып, жүзі жарқырап, Алматыға аттанып еді (7-фото). Бәріміз де қуана құттықтағанбыз. Бірақ... екі күннен соң қадірлі Құман ағамыз жұлдыздар әлемін бетке алды...
Бүгін Қыз Жібек пен Төлегенді аялаған қалың қазақтың «Иең қайда, Ақбозат?», – деп күрсінгеніне тура үш жыл... Ақбозат, сені қайтейін...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ 
Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket