Серік Сейітмағамбетовтің суреті

2235
Adyrna.kz Telegram
Биыл – Арал аймағына, Сыр өңіріне кең танымал ақын Серік Сейітмағамбетовтің дүниеден өткеніне отыз жыл. Ол қазақтың қара өлеңіне адал болды. Туған жерінен тамырын үзбей, өмір бойы Аралды мекен етті. Теңіз төңірегінің адамдарын үнемі жыр арқауына айналдырды. Өлеңдеріне өр мінез дарытты.
«Бірде әскер қатарында азаматтық борышын өтеп жүрген Серік ақынның өлеңдері «Лениншіл жас» газетінде жарық көрді. Найзағай отындай жарқ ете қалды. Бәріміз таңырқай қарастық. «Ақын деген осындай болу керек» деп ұқтық. Әсіресе, Сыр елінің жырсүйер қауымын елең еткізген еді… Ол тума талант еді. Кең құлашын жаза алмады…» деп жазды қазақтың белгілі ақыны Шөмішбай Сариев.
Табиғаты таза шайырдың шынайы келбетін кейіптеуге тек арқалы ақындар ғана емес, салмақты суретшілер де атсалысуда. Бұл портретті салған – В.И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік академиялық көркемсурет университетінің түлегі, елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Шыныбай Пірімбаев. Қасиетті Қаратереңнің құнарлы топырағын борпылдатып басып өскен бүгінгі бейнелеу өнерінің шебері сөз зергерінің ішкі әлеміне, жан дүниесіне үңілуге тырысты.
«Арғымаққа бәрібір,
Ақпаның мен аптабың.
Қасиетті жаны – нұр,
Қайран жылқы – мақтаным», – деп жырлаған Серік ақынның көңіл толқынысы сурет өнерінде осылайша көрініс тапты...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ 
Пікірлер