Бауыржан Омарұлы. Ежелгі дәуірдің елшісі

3198
Adyrna.kz Telegram
(Көрнекті ақын, бір кездегі сегізінші жатақхананың серісі Светқали Нұржан туралы) 
Алматыны ала жаздай жайлаған абитуриент кезімізде таныстық. Мен балықшының бес құлаш таяуы секілді сырықтай бозбала едім де, ол «тұрпаты қатты қысқан жұдырықтай», «тұрымтайдай ұл еді». Ол маған бірден-ақ айрықша әсер қалдырды. Біріншіден, түр-сықпыты ерекше. Біз балшықтан жасалғандай иленіп-икемделіп тұрсақ, ол құрыштан құйған шағын мүсін секілді шып-шымыр болатын. Ал енді арыстанның жалындай бұйра толқын шашының қалыңдығы ғаламат. Тіпті арасына алты әлім, сегіз адай тығылса да оңайлықпен таптыра қоймайды-ау... Екіншіден, есімі тым тосын еді. Светқали... Электр жарығы кешкі сағат сегізде әупірімдеп әзер жанып, түнгі он екіге таяған сәтте төрт-бес рет жыпылық-жыпылық етіп, жалп ете қалатын ауылда өскен, май шамның өлеусіреген сәулесіне телміріп, таң сыз бергенше кітап оқитын мен бейбаққа «свет» деген сөздің өзі шұғыла шашып тұратын сияқты еді. Содан жарыққа арбалған қояндай соның төңірегінде тұрақтадық та қалдық.
Жыр қуған Жетiбайдың баласы алдымен журфакқа келдi. Келдi де шығармасын бiрыңғай өлеңмен жазып шықты. Жұрт екi ауыз сөздi әрең құрап отырғанда бес-алты беттiк дүниенi өлеңмен өру деген сұмдық емес пе?! Бiрақ журфактың темiрдей қатты деканы Темiрбек ағам аса қаталдық танытты. Тіпті қатігездік деуге болады. «Слушай, бала! Журфак ақын дайындамайды. Әйда, тарт филфакқа!». Содан ол филфакқа түстi. Бірде көл, бірде шөл менің диктатор деканым неге өйтті екен, қабылдай салғанда ғой, бірге оқып, бірге жүретін едік деп қоямын. Бірақ бәрібір арынды ақын Светқали досымның түн баласы сарылып, редакцияда кезекші болып, кеңестік үлгідегі көпбеттік газетті шығар-е-е-е-п отырғаны немесе телестудияда тілі мен жағына сүйеніп, ток-шоу жүргізіп тұрғаны көз алдыма елестемейді-ау, елестемейді. Керісінше, шығармашылықтың шынайы шаңырағы – филфак оған бақ-береке болған тәрізді.
Бірінші курстағы бота тірсек бозбала кезіміздің өзінде-ақ оның бітімі бөлек-ті.
«Ақынбыз деп қақпай-ақ кеудемiздi,
Таниды ғой осы жұрт кейде бiздi...» деп Жарасқан ағам айтпақшы, түр-тұлғасымен, болмысымен ақын еді. Алла тағала оны бірден шайыр етiп жаратып, жұмыр жердiң бетiне жайлап қана жiбере салған секiлдi. Жер басып жүрген басқа жұмырбасты пенделердiң бiрде-бiреуiне ұқсамайды. Студент кезiнде бала болып конспект жазғанын көрген емеспiн. Сабаққа барғысы келсе, барады. Барғысы келмесе, демалады. Бірақ оның сабаққа бармағанынан білімі ортайып қалғанын көрген емеспіз.
Көненің көзі, өткеннің өзі секілді тереңнен толғайды. Абыздардың алдынан, жыраулардың жанынан жаңа ғана келгендей, екі иінінен демалып тұрады. Ол бізге жаугершілікте жорықтан бөлініп қалған Махамбеттің соңғы сарбазы секілді көрінетін. Әйтеуір кескін-кейпі біздің заманымызға онша үйлеспейді-ау, үйлеспейді... Ежелгі дәуірдің қазіргі кезеңге уақытша ұстауға бере тұрған қастерлі құндылығы сияқты еді ол. Көкірегі ояу, көзі ашық. Сегізінші жатақханада отырып-ақ, жеті қат жер астындағының бәрін біліп алған.
Жоғарыда айтқанымыздай, шашы бұйра, көзi өткiр. Тұрқы қолтоқпақтай ғана. Соған қарамастан дауысы зор. Басынан сөз асырмайды, есесi кетсе, еңгезердей жiгiттерге оқша атылады. Атылып бара жатып, ақырып бара жатады. Жай атылмайды, Маңғыстаудың мақамына салып, «Өй, анаңды...» деп аңыратып барып атылады. Ендi сұмдық. Абайлау дегендi бiлмейдi, үнемi адайлап жүредi. Ал ендi өлеңiн айтсаңшы. Басқа ақындар тал-теректi, қыз-пызды, көктем-сөктемдi жырлап жүрсе, бұның өлеңiне дейiн бiр түрлi. Соны соқпақ салады. «Көптен берi естiмей сыңғырын жырдың,
Алматыға сыя алмай шыңғырып жүрмiн...», – деп торығады.
«Қайда кеткен баяғы бұла дауысым,
Төмендеген бе биiктен құламау үшiн?» , – деп бiзге қарап ежiрейедi. Тiптi кейде: «Қу қызық қашты бiлем, мәңгi менен, Мен ендi елге барып қаңғып өлем!», – деп кiсiнiң зәресiн ұшырады.
«Қайтейiн, қиналдым-ау қиналдым-ау,
Бекерге ұлы жолға жиналдым-ау.
Жалмаған Төлегендi жалмауыз жер,
Тәнiмдi мен де саған сыйлармын-ау!», – деп аһ ұрып, күңiрене күрсiнгенде зар заман ақындары сияқты зар илеп отыратын осындай ақыны бар сегiзiншi жатақханадан шыға қашқың келедi...
Күллі қоғамды атеистер билеп тұрған кезде, алқалы топта «Құдай, сенi жоқ деп жүр ғой адамдар, Құдай, сенi жоқ деп жүр ғой надандар. Бiр-ақ сәтте пайда болып аспаннан, Барлығыңды дәлелдеуге шамаң бар!», – деп күндей күркiреп өлең оқығанын айтсаңшы. Сананы сiлкiнткен Светқали жұртты шошытты әрi ширатты, серпiлттi әрi сүйсiнттi.
Жалпы, біздің Светқалида құжат деген болмайды. Бiрiншi курстан бастап иеленген құжаттары бiртiндеп жоғала бастады. Жатақханаға кiретiн рұқсат қағазы, студенттiк билетi, сынақ кiтапшасы, төлқұжаты секiлдi қастерлi дүниелерi iздеген кезде табыла бермейдi. Оны iздеп басын да ауыртпайды. «Әй, мен осы құжаты жоқ он тоғызыншы не он сегiзiншi ғасырда туатын адаммын ғой!», – деп қаралай күйiнедi. Әрине, бiз болсақ, ақын досымызды атыс-шабысы көп әлгi ғасырларға оңайлықпен қимаймыз.
Оқу бітіргенше біраз құжатын жоғалтқанымен, ақыры Алматыдан, Алматыдан болғанда, алысқа көп ұзамай, сол өзі төрт-бес жыл паналаған әйгілі сегізінші жатақхананың ішінен жоғалмайтын қазына тапты. Біздің Аралдың аймаңдай аруымен бас қосып, шаңырақ көтерді. Бәсе, бес жыл бойы «Картадан көр, Каспийім Аралыңды. Тұрған жоқ па құшақтап алғысы кеп?», – деп өзімізге қарап көзін ежірейтуі жаман еді?! Теңізіміз қарт Каспийдің құшағына жете алмай, төсегінде дөңбекшіп жатып, құрғап кетсе де, қызымыз қалың адайдың еліне құт болды. Арайлы Адай жұрты қазір оны төбесіне көтереді.
Сүйегіне сөз сіңген Светқали университетке түсе сала,
«Талай сыпсың қайтсiн-ай, сиқымды алмай,
Ұйқым қанбай мен жүрмiн, ұйқым қанбай.
Мен далаға асығам, сол далада,
Сыпсыңдардан құтқарар сиқыр бардай...», – деп өлең жазды. Арқалы ақынның жойқын жырлары жазғаны поэзияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын талай топырыштарға дүре соқты. Буырқанған бұла жыр туғызу тек таланттар мен тарпаңдардың ғана қолынан келетiнiн ол сан рет дәлелдедi.
Бөкен сағымдар құдырап кетті, тентегін,
Боз құйын болып билеп-ақ кетті ерке құм.
Бұл дала мендік сағыныш-жүрек сияқты,
Болмаспын, сірә, далама тартсам мен тегін...
Бұл өлеңді жазған кезде Светқали әлі мұрты да тебіндей қоймаған мектеп оқушысы еді. Шынында да ол тегін бала болмады, демек, даласына тартқан екен. Өмір жолында өңкей жақсы адамдар кездесті. Басқа емес, бар қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының өзі Светқали атын Жарқынғали деп біздің көзімізше қазақшалап берді.
Бүгінде ол арқалы ақынға ғана емес, ақылман абызға айналды. Көмейінен үн төгіледі. Кеудесінен күй сөгіледі. Қазтуғаннан тамыр тартатын «Сөйлесе сөздің шешені», «Бұдырайған екі шекелі», «Билер атты би соңы», «Би ұлының кенжесі» деген тіркестерді бөліп алып, байырғы Светқалидың, бүгінгі Айт-манның болмыс-бітімін кейіптеуге қолдана беруге болады. Өйткені біздің ортамыздағы ежелгі дәуірдің елшісі соның бәріне татиды. Татығанда қандай!
Алаш жұртын аялап айтқан аңыз,
Арамызда аман жүр, Айт-ман абыз!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер