Сайлаушылар алқасы: АҚШ-тағы президент сайлауында Байден жеңді

985

Дүйсенбі күні АҚШ-та сайлаушылар алқасы дауыс беріп, 3 қараша күнгі президент сайлауында Джо Байденнің жеңіске жеткенін растады. Америка ақпарат құралдары бұл жолы Дональд Трамп сайлау кезінде "жаппай дауыс бұрмаланды" деп мәлімдегендіктен әдетте жәй ғана процедура болып саналатын сайлаушылар алқасының дауыс беру процесіне қоғам назары ерекше ауды деп хабарлайды "адырна" қлттық порталы azattyq-қа сілтеме жасап.

Осыған дейін жарияланған есеп бойынша, Байден сайлаушылар алқасының 306 дауысына ие болған. Заң бойынша, кандидаттың жеңуі үшін 270 дауыс керек.

Сайлаудың ресми қорытындысын 6 қаңтарда конгресс растауы тиіс. Конгресс мүшелерінің әрбір штатта дауыс беру нәтижесін даулауға құқығы бар. Бірақ көптеген сарапшылар конгресс оған бара қоймайды деп есептейді. Трамп жақтастары сайлау нәтижесін даулауға тырысса да, өкілдер палатасында демократтар басым болғандықтан кез келген талпыныс сәтсіздікке ұшырауы мүмкін деп айтылады.

Байден инаугурациясы 20 қаңтарда өтеді.

Британдық BBC сайтының жазуынша, сайлаушылар алқасының арасында бұрынғы мемлекеттік хатшы, 2016 жылғы президент сайлауында Дональд Трамптан жеңілген Хиллари Клинтон де бар. Ол Нью-Йорк штатынан сайланған сайлаушылар алқасының мүшесі.

Осыған дейін Хиллари Клинтон президент жалпыхалықтық сайлауда дауыс беру арқылы сайлануы тиіс деп "сайлаушылар алқасы институтының тиімсіздігін" атап өткен. 2016 жылы Клинтон Трамптан 3 миллион артық дауыс жинаса да, сайлаушылар алқасының дауысы жетпей жеңілген еді.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар