АҚШ Қазақстанға баж салығын енгізді

1526
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2020/01/tramp-960x500.jpg?token=cb86032a8aa6f614ff34fce0fb21c181
АҚШ әкімшілігі Қазақстаннан импортталатын тауарларға 27% көлемінде кедендік баж салығын енгізді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. Бұл туралы Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады. АҚШ-тың жаңа баж салығы негізінен «өзара сауда теңгерімін орнату» мақсатында енгізілген. Жарияланған тізімге 185 мемлекет енген. Базалық тариф 10% болғанымен, кейбір елдер үшін салық мөлшері едәуір жоғары болып шықты. Мысалы, Қытайдан импортталатын тауарларға 34%, Еуропалық Одақ елдерінен 20%, Швейцариядан 31%, Ұлыбританиядан 10%, Израильден 17%, ал Қазақстаннан 27% кедендік салық салынатын болды. Ең жоғары баж салығы Вьетнам (46%), Камбоджа (49%) және Лаос (48%) елдеріне енгізілді. Трамп бұл шараны «Босату күнінің құрметіне өзара баж салығы» деп атап, валюталық манипуляциялар мен сауда кедергілеріне байланысты АҚШ-тың жауапты әрекеті ретінде сипаттады. АҚШ-тың жаңа тарифтері Қазақстандық металл, ауыл шаруашылығы өнімдері және басқа да тауарлар экспортына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан АҚШ-қа 1,97 млрд доллар көлемінде тауар экспорттап, онжылдықтағы рекордтық көрсеткішке жеткен. Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын негізгі өнімдер – мұнай, уран (2023 жылмен салыстырғанда бес есе өскен), ферроқорытпа және күміс. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, АҚШ Қазақстанның жалпы экспорт құрылымында 2,4% үлеске ие. Өткен жылы Қазақстанның негізгі экспорттық бағыттары: Италия (22,9%), Қытай (18,3%), Ресей (11,7%), Нидерланды (6,5%), Франция (4,5%) және Түркия (4,1%). Ал АҚШ Қазақстан үшін негізгі импорттық серіктестердің бірі болып табылады. АҚШ әкімшілігі Қазақстанға қатысты бұл шешімді егжей-тегжейлі түсіндірмеді. Сарапшылардың пікірінше, жаңа тарифтер Қазақстандық жеткізушілер үшін қосымша шығындарға әкеліп, АҚШ нарығындағы бәсекелестікке кері әсерін тигізуі мүмкін.
Комментарии