Гүлназ Қосмурзиева: Біз де адамбыз!

1514

Елімізде мүмкіндігі шектеулі болғанымен, тағдыр тауқіметіне жасымаудың жарқын үлгісін көрсетіп жүргендер көп. Солардың бірі — Гүлназ Қосмурзиева. 2006 жылы жол апатына ұшырап, жүру қабілетінен айырылған жан болашаққа деген үмітін үзбеген. Бүгінде ол «Біз де адамбыз!» қоғамдық қорын ашып, өңірдегі көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүр.

Гүлназ Мақсатқызының бастамасымен қала дәріханаларында, азық-түлік дүкендерінде, үлкен ойын-сауық орталықтарында талапқа сай пандустар қойылып, Атырау әуежайында арбада отырған жандарға арналған лифт орнатылған. «Адырна» ұлттық порталы қазақтың қайсар қызымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынады.

Қоғамдық қор ашуды бірнеше жылдан бері ойластырып жүргенмін. Бұл ойымды жақындарым мен достарым да қолдай кетті. Шыны керек, елімізде мүгедектерге қолайлы жағдай жасалмаған. Мысалы, қарапайым дәріхана, мейрамхана, аурухана секілді нысандардың көпшілігінде пандустар жоқ. Мен үнемі «Біз де адамбыз ғой, неге мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасамайсыздар, әлде олар тек үйде отырулары керек пе?» деп өз ренішімді білдіріп жүретінмін. Осындай сөздерімді жиі еститін құрбым бір күні «Біз де адамбыз!» деген атауды ұсынды. Бұл атау маған бірден ұнап, карантин кезінде қор ашуға бел будым. Осылайша мамыр айында ресми тіркеуден өттік.

Қордың құрылғанына аз ғана уақыт болса да, Гүлназ ханым бастаған топ төтенше жағдай кезінде біршама мұқтаж жанға көмектесіп үлгерген. Атап айтсақ, ұйым Атырау облысының еріктілер штабымен бірлесе 2005-ге жуық отбасыны азық – түлікпен қамтамасыз етіп, облыс көлемінде әлеуметтік жағынан осал топ мүшелеріне 22 мың дана масканы тегін таратқан.

Аяғы жоқ, қолы жоқ қаншама жан бақытты ғұмыр кешуде

Менің үлгі тұтатын адамым – анам. Сондай-ақ, үнемі позитивте жүретін жандардан шабыт аламын. Бүгінде аяғы жоқ, қолы жоқ қаншама жан бақытты ғұмыр кешуде. Олардың арасында табысты бизнесмен, мықты спортшы болғандары да бар. Мәселен, әлемге танымал Ник Вуйчич бүгінде көптеген адамның мотиваторына айналды.

Барлығын өзіңізден бастаңыз

Өзімді шынайы бақытты жандардың қатарына қосамын. Ұмытпаңыз, өмір сізге бір-ақ рет беріледі. Адам өзгелер үшін емес, ең алдымен өзі үшін өмір сүруі керек. Кез келген жанның басынан қиыншылықтар өтеді. Біздің ата-бабаларымыз соғысты да бастан кешірді ғой. Десе де, мойымады. Негізінен барлығы да адамның өз қолында, себебі таңдау қашан да табылады.

Өмірге ғашық жан жігері мұқалған жандарға өз ақыл-кеңесін де айта кетті.

«Біріншіден, адам өз-өзін қолға алуы керек. Екіншіден, әрдайым ізденіс үстінде болғаны абзал. Кітап оқыңыз, семинар тренингтерде қатысыңыз. Былайша айтқанда, тұлғалық жағынан дамыңыз. Сіз өзгерсеңіз, әлем де өзгереді. Сол үшін де барлығын өзіңізден бастаңыз»,-деп сөзін қорытындылады ол.

Әңгімелескен Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы