«Белшеден қарызға баттық» Жабылған ойынхана қайта ашылған (видео)

6987
Adyrna.kz Telegram

Естеріңізде болса, осыдан 2 ай бұрын Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ елді мекенінде «Total bet» букмекерлік кеңсесінің қарқынды түрде жұмыс жасап  жатқанын хабарлаған едік.«Адырна» ұлттық порталының араласуымен «Әсия» сауда орталығында орналасқан кеңсе бірнеше күннен соң өз жұмысын тоқтатты.

Алайда ауыл тұрғындарының қуаныштары көпке созылмаған. Олардың айтуынша, «Total bet» өз орнын ауыстырып, жұмысын қайта жандандырған.

«Осы букмекерлік кеңсе талай шаңырақты шайқалтты. Белшеден қарызға баттық. Жабылды деп төбеміз көкке жеткенде әкімдікке қарама-қарсы кафенің жанынан қайта ашылған. Қалай әкімдік бұл сорақылықты байқамайды?»,-деді атын жасыруды өтінген Қарабұлақ тұрғыны.

Ауылдасының пікірін төрт баланың анасы Айгүл Маратқызы да (аты- жөні өзгертілді – ред.) қолдады.

– Ауыл жігіттері сол жерден шықпайды. Үйімізде ақша да қалмады. Жолдасымның бар тапқаны сол жаққа кетеді. Шыны керек, жанайқайымызды ашық айтуға қорқамыз. Өзімнің бесінші балама аяғым ауыр, ешқайда шыға алмаймын. Біз ойынхананың жабылғанын қалаймыз. Қарапайым халықтың тілегі жоғары жаққа жетсе екен.

Біз мәселенің анық-қанығына жету мақсатында Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Бахтияр Абдукаримұлына хабарластық.

«Ауыл тұрғындарының тарапынан ешқандай шағым келіп түспеді. Алдағы уақытта Сайрам аудандық полиция және мемлекеттік кірістер басқармасына хат жолдап, букмекерлік кеңсе жұмысының заңды не заңсыз екенін анықтауға ықпал етулерін сұраймыз»,-деп сендірді ол.

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер