Қарабұлақ тұрғындары құмар ойынына салынып кетті (видео)

3719
Adyrna.kz Telegram

Елімізде құмар ойынына салынып кеткен азаматтардың саны күн санап артып келеді. Карантин кезінде букмекерлік кеңселердің жұмысы тоқтамаған-ды. Ойын автоматтарына қойылған шектеулерге қарамастан, Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ елді мекенінде «Total bet» букмекерлік кеңсесінің жұмысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Бұл туралы ауыл тұрғыны Сәния Шахаева (аты- жөні өзгертілді – ред.) хабарлады.

«-Сәлеметсіздер ме, «Адырна» ұлттық порталы. Мен Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ елді мекенінің тұрғынымын. Қазіргі таңда ауылымызда заңсыз құмар ойындары бизнесі қызып жатыр. Тепсе темір үзетін ер балаларымыз таңнан кешке дейін сол жерден шықпайды. Ауылымыздың берекесі қашты. Сіздерден кеңсенің жабылуына көмек берулеріңізді сұраймыз. Біздің жанайқайымыз жоғары жаққа жетсе екен»,-деді оқырман.

Біз мәселенің анық-қанығына жету мақсатында Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Бахтияр Абдукаримұлына хабарластық.

Бахтияр АБДУКАРИМҰЛЫ:

«-Карантин кезінде барлық ойын-сауық орталықтарының жұмысына тыйым салынды. Тамыз айында тұрғындар букмекерлік кеңсенің үстінен арыз түсірген болатын. Сол кезде тиісті органдарға хабарласып, олардың жұмысын тоқтаттық. Кеше кешкілік рейд жұмыстарын жүргіздік. Алайда, букмекерлік кеңсе жабық болды. Біз алдағы уақытта мәселені қайта қолға алып, полиция мен кірістер басқармасына хат жолдаймыз»,-деп сендірді ол.

«Адырна»  тілшілері бұл мәселені өз назарында ұстайтын болады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер