Назарбаев биліктен түбегейлі кетсе...

2793

Бүгін бірінші президент күнінде әлеуметтік желіде қызықты пікірталасқа көзіміз түсті. «Назарбаевтың эрасы өткеннен кейін Қазақ елі өркениетті ел болып кетеді дегенге қаншалықты аргументіңіз бар?» деп сауал тастапты саясаттанушы Бекболат ҚАРЖАН. Осы сұраққа байланысты жазылған пікірлер тіпті қызық екен.

Ширек ғасырдан астам Қазақстанды басқарған Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік саясаттан да, өз елінің тарихынан да ойып тұрып орнын алып қойған тұлға. Қазақ қоғамы мойындаса да, мойындағысы келмесе де бұл шындық. Бұл Назарбаевқа берілген жалпылама баға. Ал халқының есінде Назарбаев қандай тұлға ретінде қалатыны уақыттың еншінде, әрине. Десек те, күн сайын демесек те, қоғамда өте жиі қойылатын сұрақ «Назарбаев биліктен түбегейлі кетсе, не болады?». Бекболат Қаржанның сауалына пікір білдіргендердің басым бөлігі «Соңғы отыз жылда қиратылған дүниені қайта қалпына келтіру үшін кемінде тағы отыз жыл уақыт керек» дейді. Ал Beglan Sharınbai: «Халықты көтерудің қажеті жоқ,көтерілмейді. Кім басқарса да бәрібір халыққа.Тек ұлтшыл топ қана іштен іріте алады.Сосын тура Назарбаев сияқты тырп еткізбей 10-20 жыл билеу керек. Бірақ әділетті, таза түрде. Ал содан кейін ғана барып демократиядан аз-аздап ұсыну керек. Назарбаев кеткен соң үлкен бомба тастап кетеді. Оны зарарсыздандыру үшін біраз жыл керек», деп жазады.

Дархан Бердыгулов: «Назарбаевқа төрт түрлі оқиғамен баға беруге болады:

  1. 1986ж. Алматы қаласында болған Желтоқсан оқиға кезінде Назарбаев қандай қызметте болды?!
  2. Назарбаевтың басқаруындағы Қазақстан Кеңес Одағының құрамынан нешінші болып шықты?!
  3. Жаңаөзен оқиғасы!
  4. Назарбаевтың балалары, туыстары орасан зор байлыққа қалай қол жеткізді?!

Ұлт құрамы бойынша Франция сияқты боламыз мына саяси жүйемен не өзге елдің боданы боламыз, бұл ананы алдадым, Америка президентін алдадым деп жүріп, енді өзін өзі алдайтын болды Қазақстан дамып кетті деп».

Samat Nordman Nurtaza: «Өзгеріс болғанда қандай өзгеріс? Жаңа президент өз адамдарын әкеледі, ол адамдар бұрыңғы президенттің адамдарын ығыстырады. Заңдылық қой».

Клара Лаханкызы: «Осыдан үш жыл бұрын қандай едік. Н.Н тақтан кетті.О.Доған тіл мәртбесін ашыққа шығып қорғап, жол ашып бермегенде мәңгүртстан екенімізді іштей мойындап ләм мин демей іштей күйіп жүре берер едік.Соның арқасында қазір тіл майданы қызу жүруде... Орекеңдер қазақша сөйлеуді бастап кетті.

Халық өз құқығын талап етіп, аз болса да жеңілдіктерге қол жеткізді. С.Біләштің арқасында қытай геноциті әлемдік деңгейде әшкереленді. Қосанов сатпағанда сайлау әділ шешілер еді....Д.Ағәділ мен баласы Жанболат қазақты оятып кетті.

Өгіз аяңмен болса да алға жылжу бар сияқты....Шүкір, тәуба дейміз да. Бастысы орнымыз жоғалмасыншы,қазақтар елден кетпесін, мәңгүрттеріміз қайта қазығын тапсын делік,соған атсалысайық одан да».

Басир Дауылбаев: «Үлкен өзгеріс болмақ, тіпті қандай қазақ келседе оның жасағанын жасамас еді. Біріншіден ол кісінің қазақ халқына деген пиғылын бағамдап көрерсің, екіншіден кешегі КПСС сияқты нұрбилікті жақтайтындардың бірі қалмай 180 градусқа өзгере салғанын көрерсің...»

Гульнара Наурызбаева Муташева: «Кәзіргі билікте отырғандар кетпегенше дамымаймыз, буларды қурту керек. Басқа адамдар келу керек, жастар келу керек, креативный адамдар келу керек».

Nurlan Bazaruly: «Орталық Азия елдері өзгерістерге дайын емес. Ой сана өзгерісі болса билік те өзгерер еді».

Нұрлан Әбдуәлиұлы Әбдібек: «Ғылымда, технологияда тек қазақ тілділер ғана табысқа жетеді. Тарихта қазақтар жеңіске жеткен жылдары қазақ тілді болған. Қазір еліміздегі әлемге белгілі математиктердің барлығы қазақ мектебін, жоғары оқу орнында қазақша оқығандар. Жалпы қазақ тілінің табиғатында өркениетке ұмтылушылық бар деп есептеймін. Кезінде Абай, Ыбырай, Шоқандар да қазақ тілді болған. Менің қайын жұртымда, Қастек ауылында ғылым докторлары, академиктер өте көп шыққан. Солардың барлығы қазақ тілді еді. Олардың орыс тілінде тәрбие көрген балаларынан ештеңе шыққан жоқ. Қазақ тілділер ертең жетістіктерге жетеді деп толық сеніммен айта алам».

Баксултан Равдал: «Жаңа басқару жүйесін жариялықпен орнатуды қолданатын парламентпен жабдықтап ұлттық бағыт, ауыл шаруашылығымен өркендеуді мақсат етсе, халықтың тіршілігі жақсарып, жеңіл өндіріс пен ішкі сұранысты қамтамасыз ету мемлекеттік тұрақ тылыққа жеткізеді. Жер асты байлығынан түскен қаржыны жеңіл өндірісті дамытуға бірінші кезекте ұсынып жаппай жеке кәсіптік өндірісті енгізуге тиіс. Осылай қазақ халқы ұлы қозғалыс өркеніне аяқ басады».

Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман? Н.Назарбаев биліктен түбегейлі кетсе, Қазақстан қарыштап дамып, өркениетті елдер қатарына кіре ме? Әлде керісінше, жүрер жолын таппай еліміз даму бағытынан адасып кете ме?

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар