Бұрынғы 01 және қазіргі «Қазақгейт-2». Мәскеу сапарының сыры неде?

234
Adyrna.kz Telegram
Фото: kremlin.ru
Фото: kremlin.ru

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуін «Қазақгейт-2» деп аталатын АҚШ-тағы жаңа қылмыстық іспен байланыстырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы депутат Elmedia жобасының эфирінде мәлімдеген. Ол АҚШ-та ауқымды жанжалдың күтіліп жатқанын хабарлаған.

«Менің қолымдағы ақпаратқа сәйкес, Америка Құрама Штаттарында «Қазақгейт-2» деп аталатын жаңа ауқымды жанжал күтілуде. АҚШ-тың Әділет министрлігі кезінде американдық азаматтардың, компаниялардың, сақтандыру ұйымдарының және сарапшылардың қызметтерін пайдаланған әлемдік клептократтарға қатысты қылмыстық іс дайындап жатыр. Егер сол субъектілердің қызметі пайдаланылған болса, бұл адамдарға қарсы қылмыстық іс қозғалады», – деді депутат Бәпи.

Ермұрат Бәпидің айтуынша, бұл ақпарат инсайдерлік дереккөздерден алынған.

«Маған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге барып, Кремльде Путинмен кездесуі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңына жаңа нормаларды енгізу – бәрі осы әлемдік жанжалға байланысты сияқты көрінеді. Біз тек күтуіміз керек, бұл іске қатысты шындық ашылады деп ойлаймын. Бұл оқиға «Пандора жәшігі» секілді үлкен әсер етуі мүмкін», – деді ол.

Сонымен қатар, Ермұрат Бәпи Назарбаевтың денсаулығы мен жеке өмірі туралы мәліметтерді мемлекеттік құпия ретінде белгілеуді көздейтін заңға қарсы пікір білдірді. Аталған нормалар қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюына жіберілген.

Депутат Ермұрат Бәпи жаңа қылмыстық іс ауқымы жағынан алғашқы «Қазақгейтті» басып озуы мүмкін екенін айтты. Ол бұл істің нәтижесінде Назарбаевтың беделі мен оның әрекеттеріне қатысты көптеген жаңа сұрақтар туындайтынына сенімді.

«Қазақгейт» – бұл 1990 жылдардың соңында және 2000 жылдардың басында халықаралық деңгейде орын алған сыбайлас жемқорлық жанжалы.

Еске сала кетейік, 13 желтоқсанда Кремль Назарбаев пен Путиннің Ресейдегі президенттік резиденцияда кездескенін хабарлаған еді.

Кездесу барысында талқыланған мәселелер туралы толық мәлімет берілмеген. Ресми мәлімдеме тек 14 желтоқсанда Кремльдің ресми сайтында хабарланды.

«Ново-Огаревода Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу өткізді», – делінген Кремль таратқан ақпаратта.

 

Пікірлер